Қазақ ұлтынан пайғамбар шығуы мүмкін бе?
Қазақ ұлтынан пайғамбар шығуы мүмкін бе?
11 жыл бұрын 3445

Сұрақ: Соңғы кезде қазақтың арасынан бір жалған пайғамбар шығып жүр. Соңғы пайғамбар Мұхаммед (с.ғ.с.) емес пе десек, Құранның мына аятын айтады бізге: «Бұл пайғамбарлық Алланың кеңшілігі, оны қалаған құлына береді. Алла, зор кеңшілік иесі» («Жұма» сүресі, 4-аят). Яғни, пайғамбарлықты Алла қалаған құлына береді, сондықтан маған берді дейді. Осы аяттың шын мағынасын түсіндіріп берсеңіздер. Және де жалған пайғамбарлардың шығатыны және оның қияметтегі жазасы туралы аят-хадистерден мысал келтірсеңіз! «Ислам және өркениет»

Уағалейкум әс-салам!
Құран Кәрімдегі аталмыш аяттан «қияметке дейін пайғамбар шығуы мүмкін» деген пікір қалыптастыру қателік. Өйткені, Құранның басқа бір аятында:

مَّا كَانَ مُحَمَّدٌ أَبَا أَحَدٍ مِّن رِّجَالِكُمْ وَلَـٰكِن رَّسُولَ اللَّهِ وَخَاتَمَ النَّبِيِّينَ ۗ وَكَانَ اللَّهُ بِكُلِّ شَيْءٍ عَلِيمًا

«Мұхаммед (ғ.с.) сендерден ешбір еркектің әкесі емес. Бірақ Алланың Елшісі және пайғамбарлардың  соңғысы. Алла әр нәрсені толық білуші»[1].

Бұл қасиетті аятта Мұхаммедтің (с.а.у.) ахырғы пайғамбар екендігі, одан кейін пайғамбар шықпайтындығы ашық түрде баян етілуді.

Сондай-ақ, Пайғамбарымыз да бірнеше сөзінде соңғы пайғамбар екенін баса айтып кеткендігі хадис кітаптарында келтірілген[2], бұл – бір.

Екіншіден, сіз сұрап отырған аяттың («бұл пайғамбарлық Алланың кеңшілігі...») арапша мәтініне қарасақ: (ذَلِكَ فَضْلُ اللَّهِ يُؤْتِيهِ مَنْ يَشَاءُ وَاللَّهُ ذُو الْفَضْلِ الْعَظِيم) онда «пайғамбарлық» деген сөз жоқ. Ал, тәпсірші ғұламалар аяттағы  «ذَلِكَ فَضْلُ اللَّهِ-Ол Алланың кеңшілігі» деген сөзге түрліше түсіндірме беріп өткен. Атап айтсақ, мұсылман болуды, уәхи мен пайғамбарлықты, садақа етіп беретін бақ-дәулетті т.б.[3].

Ендеше, әлдекімнің «тағы пайғамбар келеді» деген қате болжамына, әлгі аятты арқау ету – бос әурешілік.   

Жалған Пайғамбарлардың шығатыны жайында, Сахих Муслимде келген бір хадисте Пайғамбарымыз (с.а.у) былай дейді: «Өздерін Алланың  Елшісі екендігін алға тартатын отызға жақын өтірікші, жалғаншылар (дәжжәлуна)  шықпайынша, Қиямет қайым болмайды»[4]

[1] Ахзаб сүресі – 40 аят.
[2] Сахих Бухари –3535, 3541.
[3] Құртуби тәпсірі, Жұма сүресі, 12 том/94 бет;
[4] Сахих Муслим «Китабуль фитән уә әшратис саға»; Әбу Дәуід – 4333;  Тирмизи – 2218.

Абдусамат Қасым