Қант себу ырымының негізі бар ма?
Қант себу ырымының негізі бар ма?
3 жыл бұрын 5108

Ассалаумағалейкум! Мендегі сұрақтар мынадай болып отыр. 1. Бір кісіден үй, мүлік сатып алар алдында қант себу (ырым ретінде) туралы естіген едім, оның ешкімге зияны жоқ па? 2. Ішірткіні қалай ішу керек?

Уағалейкумуссәләм!

Көне заманда өмір сүрген кейбір елдерде қант «байлықтың нышаны» саналатын. Бүгінде де, славян халықтары арасында бұл ырым өз барлығын жоғалтпаған. Бұл ырымға қарағанда, жерге шашылған қант кейіннен ақша болып оралады-мыс. Кей мәліметтерде "қаншалықты көп шашсаң, соншалықты ақшаңыз көп болады" дейді.

Мұндай ырымның негізі жоқ. Қазақ халқында да қант себу ырымы кездеспеген. Керісінше асты бей-берекет шашу жаман ырымға баланады. Кесір саналған. Асты аяқ асты ету таршылық шақырады. Қант та тағам болғандықтан оны жерге шашпайды. Дінімізде де оған негіз болар мәлімет кездеспеген.

Тоқ етерін айтқанда, үй алғанда немесе қандай да бір мүлікті сатып аларда қант себу негізсіз ырым. Олай жасаудың жөні жоқ.

Екінші сауалыңызға келсек, ішірткі деген – Құран аяттары мен Пайғамбарымыздың (с.а.у.) дұғасы жазылған қағаз. Арнайы суға тез еритін шафран өсімдігінің бояуымен жазылады. Аят, дұға жазылған қағазды суға салып, сиясы суға ерігеннен соң сол суды ішеді. Ішірткі жайында толығырақ «Құран аяты жазылған парақты суға салып ішсе бола ма?» атты жазбамызды оқысаңыздар болады.

Абдусамат Қасым