Құран аяты жазылған парақты суға салып, ішсе бола ма?
Құран аяты жазылған парақты суға салып, ішсе бола ма?
5 жыл бұрын 12856

Ассалаумағалейкүм! Менде бір сұрақ туындап отыр. Мешіт маңындағы дүкеннен шафранмен болуы керек, Құран (Ясин сүресі)  жазылған пермагамент қағаз сатып алдым. Ішірткіге. Яғни оны суға салып, жазуы әбден суға езілгенше күтіп, қағазын алып тастадым.  Ем ретінде ішудемін. Бірақ қазір ол қаншалықты шариғат бойынша дұрыс деген ой маза бермей отыр. Дұрысын айта аласыз ба? Райгүл Нұрмұхаммедқызы

Уағалейкумуссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!

Ханафи мәзхабындағы әйгілі пәтуа жинақтарының бірі «әл-Фәтәуә әл-Һиндияда» былай делінеді:

«Құранмен рұқ’я жасау мәселесінде талас бар. Мәселен: науқасқа және жылан шаққан адамға оқу немесе бір параққа жазып ілу, яки, бір ыдысқа (аят) жазып, оны жуып, кейін науқасқа ішкізу - бұны Ата, Мүжәһид және Әбу Қаләба мубах деген (рұқсат). Нәхаъи және Басри болса, мәкруһ санаған. «Хазанәтуль Фәтуәда» осылай»[1].

Шафиғи мәзхабының ғалымы Имам Нәуәуи «Шәрһуль Мүһәззәб» атты еңбегінде былай дейді:

«Егер, Құран аяты ыдыстың ішіне жазылса, кейін (жазылған аятты) жуып, оны науқасқа ішкізсе, Хасаналь Басри, Мүжәһид, Әбу Қаләба және Әузаъи «оның ағаттығы жоқ» деген. Нәһәъи болса, мәкруһ санаған. Онда ағаттықтың болмауы біздің мәзхабқа да сай. Сондай-ақ, Қазы Хусейн, әл-Бәғауи және ол екеуінен басқалары айтқан: Егер құран аятын тәттіге және тағамға жазған болсаң, оны жеудің ағаттығы жоқ» деп»[2].

Ендеше, арнайы Құран аяттары мен дұғалар жазылған қағазды суға салып, сиясы ерігенше ұстап, кейін ол суды ішудің діни тұрғыда ешқандай терістігі жоқ екендігін анық айтуға болады. Айша анамыздың суға дем салып, оны ішкендігі жөнінде риуаяттар хадис кітаптарында орын алған. Ондайда жазу үшін, әдетте бояуы тез еритін Шафран өсімдігі қолданылып жатады (арапша "зағфаран"). Шафранның құрғатылған түріне су тамызып, бояуын шығарады да, сол бояумен ыдысқа немесе қағазға жазады, кейін жазуды суға ерітіп, ішкізеді. Оны қазақта «ішірткі» дейді. 

Алайда, осы ретте мынаны айтпай кетуге болмайды, халық арасында кейбір кісілер арнайы дұғалар жазылған қағазды жеу керек дейді екен. Бұл дұрыс емес. Шеттен шығушылық. Ислам ғалымдарынан әл-Ъимад ән-Ниһийдің былай дегендігі деректерде келтірілген:

«Ішінде Құран аяты жазылған парақты жұтуға болмайды. Егер, оны жуып, кейін суын ішсе, болады»[3].  


[1] Әл-Фәтәуә әл-Һиндия: 5/435 бет.
[2] Имам Суюти: әл-Итқан фи улумиль Құран. 6/2190.
[3] Бәдруддин Зәркәши: Бурһан фи Улумиль Құран. 252 бет.

Абдусамат Қасым