Өзге дін өкіліне "иманды болсын" деп айтуға бола ма?
Өзге дін өкіліне "иманды болсын" деп айтуға бола ма?
2 ай бұрын 2933

Саламатсыз ба! Өзге дін адамына «иманды болсын» деп айтуға бола ма? Нұрлан.

Құрметті сауал жолдаушы, өзге дін өкілінің көзі тірісі кезінде дұға жасап, оған һидаят пен иман тілеуге болады, тіпті олай істеу мұстахаб амал. Сондықтан да, мұсылман емес кісіге «иманды болсын» деп тірі кезінде айтуға болады, сонда оның мағынасы: «Алла һидаят беріп, соңғы демінде иманын үйіріп, мұсылмандардан болып жан тәсілім» етсін деген мағынадағы тілек болмақ. Ал қайтыс болып кеткеннен кейін мұсылман емес адамға «иманды болсын» деп айтылмайды. Себебі, о дүниеде онсыз да иманды болады, яғни, бақиға аттанған кәпір адам дініміздің хабар берген "о дүниелік" жағдайлардың ақиқат екендігіне көзі жеткеннен кейін иманға келіп, сенеді, бірақ ол кезде сенімі пайда бермейді. Құран Кәрімде бұл жағдайға байланысты айтылған бір аятта былай делінген:

حَتَّىٰ إِذَا جَاءَ أَحَدَهُمُ الْمَوْتُ قَالَ رَبِّ ارْجِعُونِ (99) لَعَلِّي أَعْمَلُ صَالِحًا فِيمَا تَرَكْتُ ۚ كَلَّا ۚ إِنَّهَا كَلِمَةٌ هُوَ قَائِلُهَا ۖ وَمِن وَرَائِهِم بَرْزَخٌ إِلَىٰ يَوْمِ يُبْعَثُونَ  

«Олардың біріне өлім келген шақта ол: «Раббым, мені кері қайтарыңыздар. Мүмкін тастап қойған нәрселерімде ізгі іс істейтін болармын» - дейді. Әсте (қайтарылмайды)! Ол оның айтқан құр сөзі ғана. Олардың арттарында қайта тірілген күнге шейін (кері орала алмайтын) бөгет тұр»[1].

Сол себепті, өзге дін өкіліне қайтыс болып кеткеннен соң «иманды болсын» деп тілек білдірудің немесе оған Алладан жарылқау тілеудің, яки, пейіштік болсын деудің пайдасы жоқ. Мұндай тілектер - мұсылмандарға тән көңіл айту сөздері. Оның жөні - мұсылмандарға ғана қолдану.

«Иманды болсын» деген сөздің мағынасы не? Оның мағынасы: "мархұм болған мұсылманның о дүниеге барғанда иманы бар болып шықсын. Сұрақ-сауал, есеп-қисап кезінде иманы жоқтардан болып қалмасын" деген тілек. Ол - қазақтың астарлы мәні бар көңіл айту сөзі. Ол тек мұсылмандарға айтылады. Осы тұрғыда: «Өзге дін өкілі болғанымен жүрегінде мұсылман шығар, сырттай өзге дін өкілі ретінде көрінгенімен, жүрегімен Алланы бір, Мұхаммед пайғамбарды (с.а.у.) соңғы пайғамбар деп сенген шығар, сол себепті «иманды болсын» деп айтудың не ағаттығы бар? – деуіңіз мүмкін. Біз сыртына қарай үкім береміз. Ал жүректегіні бір Алла біледі!

Алла иманымыздан айырмасын! Ең дұрысы - Аллаға мәлім!


[1] Құран Кәрім: «Мүминун» сүресі, 99, 100 аяттар.

Абдусамат Қасым