«Пасық» деп кімді айтамыз?
«Пасық» деп кімді айтамыз?
9 жыл бұрын 20713

Әссәләмуғалейкум уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ! Құран және хадис бойынша пасық адамның сипаты қандай?  Бекжан

Уағалейкум әссәләм уа рахматуллаһи уә бәракәтуһ!

«Пасық» сөзі араб тіліндегі «Фәәсиқ – فاسق» сөзінің қазақша нұсқасы. Фасық – «фисқ» түбірінен шығады. Фисқ – бір нәрсенің шеңберінен шығу дегенді білдіреді. Мысалы, арабтарда қабыршағынан шығып тұрған жаңа піскен құрмаға қатысты «фәсәқә ар-рутубу - فَسَقَ الرُطبُ» деп айтады.

Бұнымен қоса, тышқанның да араб тіліндегі бір атауы «Фуәйсиқа – فويسقة». Фуәйсиқа сөзі – «фәәсиқа» сөзінің кішірейтіліп айтылған түрі. Пайғамбарымыздың бір хадисінде былай деген екен: «Тышқанды өлтіріңдер. Шынында ол, ыдыстарды тесіп, үйді өртке айналдырады (яғни, кішкене шамдарды құлатып, өртке себеп болуы мүмкін)». Осы хадистің арапша мәтінінде тышқанға «фууәйсиқа» сөзі қолданған. Үйдің әр жеріне басын сұғып, заттарды кеміріп, оларға зиян тигізетіндіктен әлгіндей атау берілген болуы мүмкін. Яки, ініне бір кіріп, бір шығып жүруі себепті де солай аталуы мүмкін.

Шариғаттағы мағынасы:

Алланың сызған шегінен асып, Оның тыйымдарынан тыйылмай, ауыр күнә жасап жүрген немесе кішкене күнәларды істеуді әдетке айналдырып жүрген адамды «пасық» дейміз.   

Пасық деп көбіне күнәһар мұсылманға айтылып жатады. Яғни, шариғатта харам етілген нәрселердің харамдығын біле тұра және оның харам екендігіне сене тұра күнәға баратын мұсылман. Имам Ағзам Әбу Ханифаның осы мағынада қолданған мынадай сөзі бар: 

«Мұсылманды қандай да бір күнә жасағаны үшін кәпір демейміз. Тіпті ауыр күнә жасаса да үкімі осы. Оны иман шеңберінен шығармай, шын мағынада мүмін-мұсылман деп есептейміз. Бірақ, оны «пасық мүмін» деуге болады. Дегенмен кәпір емес. Әйтсе де, жасаған күнәсін халалға шығарса кәпір болады», - дейді ғалым. 

Дегенмен, Құран Кәрімде «пасық» сөзі кейде кәпірлер мен мұнафиқтарға да қолданып жататындығы белгілі, кейде шеттен шыққан бұзақыларды "пасық" деп атаған.

Мысалы, Бақара сүресі, 99-аятта кәпірлерді «пасық» дейді:

«Біз саған ашық аяттар түсірдік. Ол аяттарды тек «пасықтар» ғана өтіріксінеді».

Нұр сүресі, 55-аятта да "пасық" сөзі кәпірлерге қолданған:

«...Кім бұдан кейін өтіріксінсе, міне солар, пасықтар».

Тәубе сүресі, 67-аятта «пасық» сөзі мұнафиқтар үшін қолданады:

«Шынында мұнафиқтар – пасықтардың дәл өзі».

Исра сүресі, 16-аятта «пасық» сөзі «қарсы келу» деген мағынада қолданған:

«Қашан бір өлкені жоқ еткіміз келсе, олардың дәулеттілеріне әмір етеміз. Сонда олар оған қарсы келеді...».

Кәһф сүресінде де «пасық» сөзі «қарсы келу» мағынасында келген:

«Біз періштелерге: «Адамға сәжде етіңдер», - деп айтқанда, олар сәжде етті. Бірақ, Ібіліс – жындардан еді. Ол сәжде етпей, Раббысының әміріне қарсы келді».

Әнғам сүресі, 121-аятта «харам» немесе «күнә» деген мағынада қолданған:

«Алланың аты айтылмай сойлған малдың етінен жемеңдер. Шынында ол – харам (фисқ)...».

Қорытынды:

Ендеше, "пасық" сөзінің жалпы мағынасы "күнәхар мұсылман"дегенге саяды, ал жекелей алғанда «пасық» сөзі мынадай сипаттағы адамдарға да қолдана береді:  

1. Екі жүзді

2. Харам іс істеуші

3. Кіші күнәларға мән бермейтін

4. Ысырап етуші

5. Ақиқатты біле тұра қабыл етпейтін тәкәппар

6. Өсекшіл

7. Өтірікші

8. Залым

9. Кәпір

10. Байлығына мастанған адам

Абдусамат Қасым