Мархұмдар о дүниеде бір-бірімен хабар алысып, сөйлесе ме?
Мархұмдар о дүниеде бір-бірімен хабар алысып, сөйлесе ме?
3 жыл бұрын 11676

Сәлеметсіздер ме! Марқұмдар хабар алысып сөйлесе ме? Айгүл.

 

Сәлеметсіз бе!

Құрметті сауал жолдаушы, риуаяттарға қарағанда мархұм болған мүмін-мұсылмандардың рухтары о дүниеде бір-бірімен ұшырасып, бір-бірінен хабар алысып тұрады екен. Тіпті бұған қатысты бір хадисте:

 إذا وليَ أحدُكم أخاه فلْيُحسنْ كفنَه ؛ فإنَّهم يُبعثونَ في أكفانِهم ، و يتزاورونَ في أكفانِهم

«Кім бауырын соңғы сапарға шығарып салуды мойнына алса, оның кебінін әдемілесін. Шынында олар кебіндерімен қайта тіріледі. Олар бір-бірлерін (о дүниеде) кебіндерімен зиярат етеді», - делінген[1]. Хадистегі «бауыр» сөзі – мұсылман дін бауырын білдіріп тұр. «Кебінін әдемілесін» деген сөзі – мол, таза әрі бүтін, ақ түсті матадан кебінін әдемілеп кебіндесін дегендік.   

Басқа бір риуаятта мархұм болған мұсылмандардың рухтары о дүниеде бір-бірімен ұшырасып, хабар алысатыны айтылады. Оған байланысты мынадай хадис келген:

Сахаба Әбу Әюб әл-Ансариден  (р.а.) жеткен бір хадисте былай делінеді:

«Мүмин-мұсылманның рухы алынғаннан кейін, оны Алланың қасындағы рақым иелері (рақымға бөленгендер) қарсы алады. Құдды дүниедегі сүйіншілеушіні қарсы алғандары секілді. Сонда рухты алып келген періште: «Бауырларыңа мұрсат беріңдер, демалсын, өйткені ол ауыр жағдайда етін» - дейді. Олар (яғни, рақымға бөленген рухтар) одан: «Пәленше не істеп жүр? Түгенше не істеп жүр? Пәленше үйленді ме? – деп сұрастырады. Осы кезде одан бұрын өлген адамның дүниедегі жағдайын сұрағандарында: «Ол - менен бұрын өліп кеткен еді» деп, жауап береді. Сонда олар (рахымға бөленген рухтар): «Иннә лилләһи уә иннә иләйһи ражиғун. Демек оның рухы мәңгі қалатын «әл-Һәуияға» кеткен екен (яғни,  егер ол сенен бұрын өлген болса және біз оны мұнда кездестірмеген болсақ, демек тозаққа кеткен екен). Ол неткен жаман жер еді» деседі».

Жоғарыда «мұсылмандардың рухтары» деп өттік. Кәпірлердің және азапқа душар болғандардың рухтары қамауда болады. Олар бір-бірлерімен ұшыраспайды делінген. Ең дұрысы – Аллаға мәлім!


[1] Имам Суюти риуаят еткен. Сахих.

Абдусамат Қасым