Мәйіт шыққан үйде қара жамылу шарт па?
Мәйіт шыққан үйде қара жамылу шарт па?
9 жыл бұрын 9838

Мәйіт шыққан үйде қара жамылу шарт па?

Бұрындары қазақта ері яки жанашыры өлген әйел басына, үстіне қара түсті киім киіп, аза тұтатын болған. Кейбір деректерге қарағанда, күйеуі қайтыс болған әйел әшекей заттарды тақпауға тиісті еді.

Мұхтар Әуезовтың «Абай жолы» атты эпопеясындағы мәлімет бойынша, ертеректе мәйітке арнап бөлек  үй тігіліп, оған бөтен жасау-жабдықтар кіргізілмей, «сүйек төсек» қойып, оны қара кілеммен тегістеп жабатын да, мәйітті соған жатқызатын. Үйдің оң жақ белдеуіне қара тігілетін. Қара дегені – ұзын найзаның басына тігілген ту. Қайтыс болған адам жас болса қызыл ту, кәрі болса ақ ту, ал, орта жастағы болса бір жағы ақ, бір жағы қызыл ту тігілетін... Қара шаршы орамалды шарт байлап алып, қайтыс болған адамның әйелі мен қыздары жоқтау айтатын...[1]

Қазіргі таңда, бұндай үрдіс жойылған.

Шариғи тұрғыда:

Қаралы күндері қара жамылу шарт емес. Алда-жалда марқұмның әйелі қара түсті киім киіп жатса, оған рұқсат. Тек, кейбір кітаптарда «қара киюді үш күнмен» шектеген. Одан, көп уақытқа арнайы мәйіт үшін қайғырып, қара киюге болмайды делінген[2].

Шариғатта аза тұтуға ұқсас «ихдәд» لإحداد) дейтін қағида бар. Осы қағида бойынша, марқұмның әйелі 4 (төрт ай), 10 (он күн) бойы әшекей заттарды тақпайды, әтір себініп, көз тартар сәнді киімдер кимейді, ерінің үйінен сыртқа  шықпайды (аса қажет болмаса, мысалы жұмысқа бару сияқты т.б.).  

Осы орайда айта кету керек, ихдәд тұту – марқұмның әйеліне парыз, ал, қыздарына, әпке-қарындастарына мубах, онда да, үш күннен асырмауы тиіс. Ардақты Пайғамбарымыз (с.а.у.) бұл жайында былай дейді:

«Аллаға және ақірет күніне сенетін әйелдің өлген адам үшін (туысы) үш түннен асырып ихдәт (аза) тұтуына болмайды. Тек, қайтыс болған ері үшін әйелі төрт ай, он күн (ихдәт-аза) тұтады»[3].


[1] М.Әуезов, Абай жолы: Бөжейдің өлімі.
[2] Татархания, Китабут талақ.; Раддул Мухтар - 10/352 бет; Хидая - Китабут талақ. 
[3] Сахих Бухари, Китабут талақ -№5024 хадис.

Абдусамат Қасым