Күпірлік ойлар келсе, діннен шыға ма?
Күпірлік ойлар келсе, діннен шыға ма?
7 жыл бұрын 10963

Әссәләмуғалейкум! Күпірлік ойлар келсе не істеуге болады? Ол адам күпірлік ойлар ойласа, діннен шығама? Елжан

Уағалейкумәссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!

Құдайға қарсы, дінге қарсы күпірлік ойлар туған болса, оны ақылмен, жүрекпен мақұлдамай адам діннен шықпайды. Керісінше, әлгіндей жаман ойларға іштей наразылық таныту – имандылықтың нышаны болмақ. Ондай ойлар келген сәтте үш рет: «әғузу билләһи мин һәмәзәтиш шаятин» деген жақсы. Мағынасы: «Шайтандардың сыбырынан Аллаға сыйынамын».

Осы мәселеге байланысты мынадай бір «сахих-хадис» бар. Әбу Һурайрадан (р.а.) жеткен ол хадисте былай делінеді: Сахабалардан біраз адам Алла елшісіне (с.а.у.) келіп сауал қояды: «Біздің көкейімізге кейбір айтуға ауыз бармайтын нәрселер келеді, - деді. Пайғамбар олардан: «Ондай ойға разы емессіңдер ғой?», - деп сұрайды. Олар: «Иә», - деп жауап береді.  Сонда Алла елшісі: «Ол нәрсе (наразылықтарың) – кәміл иманның белгісі», - дейді»[1].

Аталмыш хадистің шархына қарағанда хадистегі «кәміл иманның белгісі» сөзіне ғалымдар: «яғни, көкейдегі жаман нәрсені сөйлетпей тұрған да, шайтанның уәсуәсін қабылдатпай тұрған да сол, жүректегі кәміл иман. Ол болмағанда, оны ауыр көрмейтін еді» деген түсініктеме берген[2].  

Лә хәулә уә лә қууәтә иллә билләһиль алииль азим!


[1] Сахих Мүслім: Китабуль Иман – №(188) 132
[2] Имам Асқалани: Фатхуль Бари - №6866 хадис түсіндірмесі.

Абдусамат Қасым