"Күнә жасасам 10 мың теңге садақа беремін" деп Аллаға уәде еттім. Енді не істесем болады?
"Күнә жасасам 10 мың теңге садақа беремін" деп Аллаға уәде еттім. Енді не істесем болады?
7 жыл бұрын 7865

Ассаламуалейкум Ислам.кз, Абдуссамад аға!
Менің сұрағым бар еді.
1. Белгілі бір күнәні жасамаймын, жасап қойсам, 10000 тг садақа Алла разылығы үшін беремін деп өзіме уәде еттім. Арада біраз уақыт өткенде сол жасамаймын деген күнәні жасап қойыппын. Бірақ оны жасау барысында жаңағы уәдем есімде мүлдем болмады. Келесі күні барып есіме түсті. Мен енді садақаны беруім керек пе әлде ұмыту себебінен бермеу керек пе? Егер беру керек болса, оны отбасыма, туысымның мұқтаждығына берсем бола ма?
2. Аятта келетін «мүмін ерлерге айт: көздерін харамға қараудан сақтасын» деген бұйрықта «харам» санатына не нәрселер кіреді? Тек әйел мен ердің әуретіне қарау ғана ма әлде оған қосымша байлыққа құмартып қарау, жасалып жатқан күнәға қарау кіре ме?

Уағалейкум әссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!

Құрметті сауал қоюшы, алдымен мынаны айта кетелік: шариғатта «нәзір ету» және «ант ету» деген екі түрлі үкім бар.

Нәзір  - мұсылман кісінің өзіне парыз болмаған әлдебір құлшылық түрін (мысалы, садақаны, намазды, оразаны) сөз жүзінде айтып (ойша айтқан саналмайды), оны орындауға Аллаға уәде беру. Мысалы: «Алла үшін бір мал құрбан шалуды атадым» немесе «мына сырқаттан айықсам үш күн ауыз бекітемін» дегені секілді.

Атаған нәзірін орындау – уәжіп. Құранда Алла тағала: «Нәзірлерін орындасын», - деп бұйырған. (Хаж - 29). Пайғамбарымыз (с.а.у.) да: «Кім нәзір етіп, бір нәрсе атаған болса, атаған нәрсесін орындауы оған - міндет», - деген сөзі бар. Бұл  - өз ішінде екіге бөлінеді.

Ант болса, ол – болашақта қандай да бір істі істеуге яки істемеуге Алланың атымен ант ету. Антын бұзған адам «ант кәффәратын» өтейді (мұның да өзіндік егжей-тегжейлі үкімдері бар).

Ендігі жерде, сіздің сауалыңызға келер болсақ: Ханафи мәзхабы бойынша, әлгіндей уәдеңізді (егер, ауызша айтылған болса) нәзір ретінде де, ант ретінде де қарауға болады. Сондықтан, қаласаңыз нәзір ретінде атаған он мың теңгені садақа етіп бересіз (туыс, көрші-қолаң, дос-жараң т.б. ақшаға мұқтаж жанға). Қаламасаңыз, анттың кәффәратын өтеуге де рұқсат. Анттың кәффараты: бір құл азат ету немесе он пақырды тамақтандыру. Оған күшіңіз жетпесе үш күн қатарынан ауыз бекіту.

«Нәзір ретінде» деуімнің себебі, мұнда Аллаға уәде етіп, Оның жолына садақа атап тұрсыз. Осы жөнінен алғанда, ол нәзір міндеттемесіне жатады. Бұнымен қатар, мұнда бір істің жүзеге аспауы да көзделген. Осы тұрғыдан қарағанда антқа жақын[1].

Сөз сонында айтарымыз, күнәдан тыйылу үшін үнемі ант су ішкеннен гөрі жүректегі иманды тіреу етіп, нәпсіге қарсы тұра білу жігерлілігін дамытқан жақсы. Бұл - Алланы үнемі еске алу арқылы, ғибадат-құлшылықтарға ықылас таныту арқылы әрі өзіңіздің ерік күшіңізді арттыру арқылы жүзеге асады. Құран Кәрімде: «Ант ішпеңдер! Белгілі Аллаға бойсұну (жолы бар)»[2], - дей келе құлшылық етер кезде немесе әлдебір күнәдан тыйылар кезде, онысын қасам мен антты араластырмай орындаған жөн екендігіне ишара еткен.  

Екінші сұрағыңыздағы аят - Нұр сүресінде. Онда еркектің бөтен әйелге, әйелдің бөтен еркекке көз сүзбеулері тиіс екендігі бұйырылған. Одан бөлек, түрлі анайы, ардан жұрдай фильмдерді көру және ұятсыз, ашық-шашық бейнелер бейнеленген суреттерге қарау да аяттағы үкімнің аясына кіреді. 


[1] Хашияту Ибн Ғабидин – 11/314-328 бет; Хидая: Китабуль әймән.; Любәб – 3/104 бет.
[2] Нұр сүресі, 53 аят.

Абдусамат Қасым