Харут пен Маруд періштелері сиқыр үйреткен бе?
Харут пен Маруд періштелері сиқыр үйреткен бе?
11 жыл бұрын 3918

Ассаламуағалейкум! Бақара сүресіндегі Харуд пен Маруд деген періштелер жайлы айтып берсеңіздер? Олар әлі күнге дейін тірі ме? Олар адамдарға сиқыр үйрете ме әлде сиқырдан қайтара ма? Садық Ақжол

 

Уағалейкумуссалам, Садық! Алла тағала Сүлеймен пайғамбарға адам баласына берілмейтін ерекше ілім бергені мәлім. Ол (ғ.с.) хайуандардың тілін түсініп, жындар оған қызмет ететін. Деректерге сүйенсек, Пайғамбарымыздың (с.а.у.) заманында яһуди дініндегілер Сүлеймен пайғамбардың әлгі ерекшелігін сиқыр деп білетін. Ислам дінінде Сүлейменді пайғамбар  деп есептейді. Бұны естіген сол кездегі Яһуди дін басшыларының көбісі: «Мұхаммед Дәуідтің ұлын пайғамбар санап жүр. Аллаға ант етеміз, Сүлеймен пайғамбар емес, сиқыршы еді», –десті. Бұл түсінікті жоққа шығарған мына аят түседі[1]:

  • «Сүлейменнің (ғ.с.) патшалығы кезінде олар шайтандар оқитын сиқырға ерді. Сүлеймен кәпір емес еді. Шайтандар – кәпір. Олар адамдарға сиқырды және Бәбилде  (Вавилон) Харуд және Маруд атты екі періштеге түсірілгенді үйретті. Ол екі періште: «Біз – сынақпыз. Кәпір болма», – деп айтпайынша ешкімге үйретпейтін....»[2]

Осы аятта аты аталған Харуд пен Марудты періште емес, Бәбилде өмір сүрген екі патшаның есімі деп жорамал жасағандар да бар[3]. Дегенмен періште екендіктері ақиқат.

Әлгі екі періштенің түсу себептерін ғұлама Фаһруддин әр-Рази өзінің «Мәфатихул Ғайб» атты тәпсір (Құран аяттарының түсіндірмесі) кітабында былайша тізбектейді. Солардың біршамасын беріп өтелік:

  1. Әлгі екі періште түсірілетін кезең сиқырлық белең алып, етегін кең жайған заман еді. Сиқыр ілімінің ақылға жат қырлары ашылып жатқан-тын. Сиқыршылар өздерін пайғамбар деп жариялап, халықты соған нандырды.  Міне, осыдан кейін Алла тағала адамдарға сиқыр мен ақиқаттың ара-жігін айыруды үйрету мақсатында екі періштені жібереді. Осылайша халық жалған пайғамбарларға қарсы төтеп бере алатын еді.
  2. Пайғамбарларға берілетін мұғжиза мен сиқырдың айырмашылығы жер мен көктей. Дегенмен адамдардың көбі бұл айырмашылықты білмейтіні рас. Әрине, сиқыршыларда осыны пайдаланып, өздерін пайғамбар санатқысы келетін. Екеуінің арасын айыруды үйрету үшін Харуд пен Марудты жіберген. 
  3. Бағзы заманда адамдар ғылым атаулының бәрін үйренуге талпынатын. Солардың ішінен сиқыр ілімі Алла тағала тарапынан тыйылды. Бірақ тыймастан бұрын сиқыр ілімі не, оның өзге ғылымдардан нендей айырмашылықтары бар екендігін әуелі халық білуі шарт. Міне осы мақсатпен де әлгі екі періштені жіберген болуы мүмкін[4].

Осы санамалап өткендерімізге қосымша мынаны да айтуға болады. Бұл өмір сынақ. Алла тағала адам баласын, қоғамды әртүрлі жолмен сынауы мүмкін. Кейде өліммен, кейде аштықпен, кейде байлықпен, кейде соғыспен т.б. сынайды.  Әлгі екі періште арқылы да сол кезеңдегі адамдарды сынаған. Адамдарды дұрыс пен бұрыс айқын білінсе де, қайсысын таңдауы мүмкін деген мақсатта әлгі екі періштені жібереді. Періштелер сиқыр ғылымымен айналысу күпірлік деп ескерткеніне қарамастан, кейбір рухани азған кісілер сол сиқырмен айналыса бастады.

Әлгі екі періштені қазіргі таңда адамдар арасында емес деуге негіз бар. Өйткені, жоғарыда келген аятта: «Олар адамдарға сиқырды және Бәбилде  (Вавилон) Харуд және Маруд атты екі періштеге түсірілгенді үйретті», -дей отырып, екі періштенің адамдар арасында тек белгілі бір уақытта жүргеніне меңзеп отыр. Ең дұрысын Алла біледі!

[1]Құртуби тәпсірі, Бақара сүресі 102 аят түсіндірмесі.
[2]Бақара сүресі – №102 аят.
[3]Құртуби тәпсірі, Бақара сүресі 102 аят түсіндірмесі.
[4]Фаһруддин әр-Рази, Мафатихуль ғайб, Бақара - №102 аят тәпсірі.

 

Абдусамат Қасым