Ассаламуғалейкум! Балаға «Расул» деген атты қоюға бола ма? Орал.
Балаға "Расул" деп ат қоюға бола ма?
|
Уағалейкумуссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!
«Расул» сөзінің тілдік мағынасы: «елші» дегенді білдіреді. Ал, шариғатта "Расул" сөзі - «Алланың елшісі» дегенге саяды.
Алладан уахи алған пайғамбарларды «Расул» дейді. Олар Алланың жолдауын адамдарға жеткізуші арадағы елші болғандықтан оларға «Расул» атауы берілген[1].
«Расул» деп есім қоюды кейбір дін мамандары ағат санайды. Өйткені, «Расул» деп қою – қазақша «пайғамбар» деп қойғанмен тең. Ең соңғы пайғамбар – Мұхаммед пайғамбар. Одан кейін пайғамбар келмек емес. Ал енді адамды «пайғамбар» деу – Мұхаммед пайғамбардың ең соңғы пайғамбар екендігін жоққа шығарғандай болмақ. Сол себепті «Расул» деп ат қоюды харам дейтін дін мамандары бар.
Дегенмен, ол сөзді тілдік мағынада «елші» деген ұғымда, есім етіп қойған кісілерге күнә болмас. Мысалы, Пайғамбарымыз бірде сахаба Мұъаз ибн Жәбәлды «Йемен» жеріне жіберіп жатып: «Алла Расулының Расулын, Алла Расулы разы болатын іске бастаған Аллаға мақтаулар болсын» - деп айтқаны бар[2]. Осы хадисте «Алла расулының...» деп, өзін айтып тұрса, «Расулын» деп, Мұъазды айтуда. Яғни, сахаба Мұъазға «елші» деп тілдік мағынада «Расул» сөзі қолданылып отыр. Осыған орай, балаға жай «елші» деген ұғымда «Расул» есімі қойылса күнә болмас.
Сондай-ақ, «Расул» деп Мұхаммед пайғамбарға (ғалейһиссәләм) айтылатындықтан, соған ырымдап, Мұхаммед пайғамбардың есімдерінің бірі ретінде баласына қойған болса да күнәсі жоқ деген ойдамыз. Амалдар - ниетке байланысты. Алайда, "Расулуллаһ" деп қоюға немесе "Ар-Расул" деп қоюға болмайды.
Аллаһу аъләм бис сауаб. Ең дұрысы – Аллаға мәлім!
[1] Пайғамбарлар «Расул» және «Нәби» болып бөлінеді. Расул деп, кітап түскен немесе парақ алған пайғамбарларды айтады. Ал, Нәби болса, уахи түспеген, өзінен алдынғы Расул пайғамбардың шариғатын үмбетіне жалғастырушы пайғамбар. Біздің ардақты пайғамбарымыз Мұхаммед пайғамбарды (ғалейһис саләту уә сәлләм) Құранда «Нәби» деп те, «Расул» деп те атаған.
[2] Имам Ахмед: «Мүснәд».