Темекі шегетіндер оразада «никотин жабыстырғышын» (пластырь) жабыстырса, оразасы бұзыла ма?
Темекі шегетіндер оразада «никотин жабыстырғышын» (пластырь) жабыстырса, оразасы бұзыла ма?
6 күн бұрын 1139

Темекі шегетіндер оразада «никотин пластырын» қолданса бола ма? Оразасын бұзбай ма? Никотин жабыстырғышы (никотиновый пластырь) – темекі тәуелділігінен арылту мақсатында ойлап табылған тәсілдердің бірі. Жабыстырғыштың астында никотинді қатпар болады. Теріге жабыстырылғанда ондағы никотин тері арқылы сіңіп, ағзаға өтеді де, адам ағзасының күні бойы белгілі дәрежеде никотинмен қамтамасыз етіп, темекіге деген құмарлығын тежеуіне алып келеді. Бұндай пластырьлер темекіге тәуелділіктен емдеу шарасы барысында қолданылады. Бара-бара никотин дозасы төмен пластырьларға өтіп, ақырында мүлдем қолданудан қалады екен. Ендігі жерде, мұндай жабыстырғышты аузы берік кезде қолдану оразасына кері әсері бар ма, жоқ па? Сағындық.

Құрметті сауал жолдаушы, мәліметтерге қарағанда "никотин жабыстырғышын" қолдану оразаны бұза ма, жоқ па, деген сауал төңірегінде қазіргі дін мамандары арасында екі ұдай тұжырым бар деуге болады. Бұзады дейтіндер бар болғаны сияқты, бұзбайды дейтіндер де жоқ емес. 

Ереже бойынша, оразаны бұзады деуіміз үшін табиғи жолдар арқылы ішке бір зат барған болуы керек. Табиғи жолдар деп мыналарды айтамыз: ауыз, мұрын, құлақ [құлақтан су кірсе бұзбайды, май, дәрі тамызса бұзылады], тік ішек, қынап.

Ал, мысалы, терідегі ұсақ тесіктер арқылы сіңетін заттар оразаны бұзбайды делінген. Өйткені, тері мен асқазанды байланыстырып тұрар өткел жоқ, сондықтан, теріден сіңген заттар адамның ішіне түспейді. Мысалы, крем, жақпамайлар т.б.

Имам Мәрғинәнидің "әл-Һидая" кітабында былай делінеді:

«Терінің тесіктерінен кірген зат оразаға кедергі емес. Мысалы, салқын сумен шомылса...»[1].  

Ендеше, никотин пластырьлеріндегі "никотин" теріге сіңу арқылы ағзаға өткенімен, ішке баруы екі талай. Сол себепті, оразаны бұзбайды десек қателеспеспіз.  

Сөзіміз дәлелді болу үшін, дерматологиялық (тері) пластырьлердің оразаны бұзбайтындығына қатысты Мемлекет аралық Ислам фиқһ кеңесінің жасаған тоқтамын бере кетелік. Аталмыш кеңестің 1997 жылы өткен 10-отырысында қабылданған қаулылар арасында мынадай пунктқа орын берілген:

«Теріден сіңіп кірген дүниелер, мысалы, кремдер, жақпа майлар (мазь), химиялық немесе емдік заттарды қамтитын дерматологиялық пластырьлер – оразаны бұзбайды»[2].  

Бірақ та, абзалы қайсысы десеңіз, абзалы – оразада қолданбау. Әйтсе де, қолданған кісінің де оразасы бұзылмайды.  

Ендігі жерде, көкейде мынадай сауал туындауы мүмкін: Аталмыш жабыстырғышты қолданудың үкімі не болмақ? Оны қолдану темекі шеккенмен тең бе?

Никотин жабыстырғышын қолданудың үкімі оның қаншалықты залалды екендігіне байланысты. Егер, адам денсаулығына залалы бар болса, қолдану мәкруһ. Ал залалы болмаса, мубах. Деректерге сүйенсек, темекі тәуелділігін азайтар мұндай препараттар (НЗТ- никотинзаместительная терапия) "Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы" тарапынан "маңызды дәрі-дәрмектер" тізіміне енгізілген.

Ең дұрысы - Аллаға мәлім! Уалхамдулилләһи Раббиль алямин!


[1] Имам Мәрғинәни: «әл-Һидая». Китабус саум.  Тіпті салқын сумен шомылған жағдайда, ішінде салқындық сезілсе де оразаны бұзбайды. (Бәдруддин әл-Айни: «әл-Биная»).
[2] Мәжмәъул Фиқһиль Исләми әд-Дуали,  1997 жыл, 23-28 тамызда, Сауд Арабиясында өткен Х-отырыс.

Абдусамат Қасым