Аспандағы жұлдыздар неге ағады?
Аспандағы жұлдыздар неге ағады?
8 жыл бұрын 26981

Сәлеметсіздер ме! Аспандағы жұлдыздар неге ағады? Орынсыз сұрақтармен мазалаған болсам кешірім сұраймын. Сіздерге алдын ала рахмет.  Перизат  

Сәлеметсіз бе, Перизат!

Жұлдыздың ағуын астрономия ғылымы «жердің атмосферасынан өткен ғарыштағы тастар» деп түсіндірген. Аспан тастары жер атмосферасынан өтер-өтпес  ондағы молекулалар мен атомдарға соқтығысып,  қатты қызып, от болып жанатынға ұқсайды. Соның салдарынан жарқырайды екен. Бірақ, қасқағым сәтте түгелдей жанып кетеді. Бұндай тастар ғылымда «метеор» деген атаумен белгілі. Әйтсе де, бірлі-жарымы атмосферадан өтіп жерге түсіп жататын кездері де болады. Мұны «метеорит» дейді.  

Бұнымен қоса, кейде аталмыш құбылыстар – жын-шайтандарға қарсы жөнелтілген аспан отының алауының көрінісі де болуы мүмкін. Жындар жеті қабат аспанға көтеріліп, тағдырда жазылған болашақтағы жағдайларға қатысты періштелердің айтқан сөздерін жасырын тыңдап, аспан әлемінен "сыр" ұрлауға талпынады. Сонда оларды періштелер оттың алауымен (немесе аққан жұлдызбен) қуып отырады. Бұл жайында Құранның бірнеше аятында баян етілген. Мысалы, Хижр сүресінде былай делінеді:

«Көк жүзін қарғыс атқан шайтаннан қорғадық. Егер, жасырынып тың тыңдайтын шайтан болса, жарқыраған жұлдыз (немесе алау ауд.) соңына түседі (немесе қуып тастайды ауд.)»[1].

Саффат сүресінде былай делінеді:

«Дүние аспанын жұлдыздармен безендіріп қойдық. Және Құдайдан безген барлық шайтаннан қорғадық. Олар жоғарғы әлемді тыңдай алмайды. (Естимін десе) жан-жақтан (оттан оқ) атылып, құып тастайды. Сөйтіп мәңгілік азапқа ұшырайды. (Әйткенмен, бәрібір) тыңдап үлгергені болса, жарық жұлдыздар (немесе алау) қуып жетеді (жандырып жібереді)»[2].

Аяттан да байқағанымыздай, көк жүзіндегі жарқырап аққан құбылыстың тың тыңдаған жындарға қарсы атылып жатқан оқ болуы әбден мүмкін.

Осы орайда, «Сахих Мүслім» атты хадистер жинағында орын алған мына бір хадис тақырыбымызды аша түсері анық. Сахаба Абдулла ибн Аббастың айтуы бойынша, түндердің бірінде Пайғамбарымыз бен сахабалар далада отырғанда жарқырап жұлдыз ағады. Сонда Пайғамбарымыз (с.а.у.) сахабалардан:

- Бұрын жәһили кездеріңде (исламнан бұрынғы надандық дәуірі) мына сияқты (жұлдыз) аққанда не деп топшылайтынсыңдар? – деп сұрайды.

- Алла және Оның пайғамбары жақсырақ біледі! Біз, ол кезде «бір ұлық адам дүниеге келіп, бір ұлық адам дүниеден өтті» деп айтатынбыз – деп жауап береді. Сонда Пайғамбарымыз:

- Жұлдыз, әлдебіреудің туылып, не әлдебіреудің қайтыс болуынан ақпайды – дейді де сөзін әрі қарай былай жалғастырады – Алла тағала қандай да бір нәрсенің болуына үкім еткен кезде, аршыны көтеріп жүруші періштелер таспих айтады (Алланы пәктейді). Одан соң ол таспихты олардан кейінгі аспан иелері айтады. Осылайша, дүние аспанындағы періштелерге шейін кезекпен таспих айтылады. Осыдан кейін, төменгі аспандағы періштелер (өздерінен жоғарғы тұрған) аршты көтеруші періштелерден: «Раббыларыңыз не айтты?», - деп сұрайды. Олар Раббылары не айтқанын айтып береді. Оны естіген періштелер Алланы пәктеп (таспих айтады). Сосын ол періштелер (естігендерін келесі аспандағы періштелерге айтады). Осылайша жалғасып,  дүние аспанындағы періштелерге шейін хабар жетеді. (Дүние аспанындағы періштелер бір-біріне хабарды бөлісіп тұрғанда), тың тыңдаған жындар періштелердің бір-бірімен бөлісіп тұрған хабарды ести сала, өздерінің достарына лақтырады (өздерінен төмен тұрған өзге жындарға, олар өздерінен төмендегілерге т.б. жалғасып, соңғы жын тәуіптерге, бақсы, балгерлерге жеткізеді). Осы мезетте тың тыңдаушы жындарға (от) атылады. Ендігі жерде, аталмыш жындардың естіген нәрселерін өзгертпей жеткізгені – шындық. Бірақ, (тәуіптер, бақсы-балгерлер немесе кейінгі деңгейде тұрған жындар өздерінен кейінгілерге) өтірікті арластырып, өздерінің ойынан қосып жеткізеді»[3].

Тәпсір кітаптарындағы мәліметке қарағанда, Мұхаммед ғалейһиссәләмның пайғамбарлығынан бұрын, жын-шайтандардың дүние аспанында отыратын орындары, тұрақтайтын мекендері бар еді. Олар аспан әлеміне құлақ түріп, ондағы болып жатқан дүниелерге қанық етін. Мұхаммед ғалейһиссәләмді пайғамбар ретінде жібергеннен кейін, түндердің бір түнінде бәрі жайларынан қуылады[4]. Содан бері, жындардың бірі аспан әлеміне шығып тың тыңдайтын болса, оған оқ жаудырып қуылатын болды.

Бұл мәліметтің растығын «Жын» сүресінде баян етілген жындардың мына сөздері де қуаттап тұр. Онда былай делінеді:

«(Жындар айтады) Біз аспанға жақындап, қарманғанымызда Аспанның күшті қорғаушыларға және күйдіргі жұлдыздарға (немесе күйдіргі алауға) толы екендігін көрдік. Біз жасырынып, аспанның таса жерінде отыратын едік. Енді кім осылай (ұрланып) тыңдауға әрекет етсе, көкті күзетіп тұрған күйдіргі жұлдыздарды (алау отты) көреді. Жер бетіндегілерге жамандық бұйырылды ма, әлде құдай оларға жақсылық ұйғарды ма, біз, жындар, оны білмейміз»[5]. 

[1] Хижр сүресі, 17, 18 аяттар.
[2] Саффат сүресі, 6-9 аяттар.
[3] Сахих Мүслім, «Китабус сәләм». №4143 хадис.
[4] Ибн Кәсир, Джин сүресі.
[5] Жын сүресі, 9-11 аяттар.

Абдусамат Қасым