Әйелдің иегі жабылуы керек пе?
Әйелдің иегі жабылуы керек пе?
8 жыл бұрын 11921

Сұрақ №1: Әссәләмуғалейкум уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ! Сұрайын дегенім, иекті жауып жүру бұл дұрыс па? Ол «әуретке жатпайды біздің мәзхабта» десе, бұл – рұқсат емес деген сөз бе? Анығырақ білгім келеді.

Айша Есмағанбетова

Сұрақ №2: Сәлеметсіз бе! Намаз оқығанда әйел адамның орамалы қалай тағылуы керек? Жақ тұсы әурет жерге жата ма?  

Динара Бакирова

Уағалейкумәссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!

Бет-жүздің дәретте жуылуы керек аумағын шариғат шәлісін таққанда жабу шарт емес десек қателеспеспіз. Иек - беттің аумағына кіреді. Сондықтан да, орамалды таққанда иек көрінсе, оның еш күнәсі жоқ деген ойдамыз.

Ханафи фиқһ кітаптарындағы «тахарат» бөлімінде дәреттегі беттің жуылуы тиіс аймағы анық көрсетілген. Сол анықтамалардың бірінде былай делінеді:

 «Адамның бет-жүзі деп, тігінен өлшегенде шекенің жоғарғы шегінен бастап, иектің астыңғы тұсына шейінгі, яғни, астыңғы тістер орналасқан сүйектің төменгі тұсына шейінгі аймақты (الى اسفل ذقنه اي: الى أسفل العظم الذي عليه الاسنان السفلى) айтамыз, ал, көлденеңнен өлшегенде екі сырғалық арасындағы аймақты айтамыз (сырғалыққа дейінгі)»[1].

Осы анықтамаға қарағанда, иектің төменгі тұсына шейінгі жер беттің аумағына кіреді. Осыған орай, хижап кигенде иекті жауып тұруы шарт емес. Ең дұрысы - Аллаға аян! 


[1] Ибн Ғабидин, Раддуль Мухтар – 1/320 бет.

Абдусамат Қасым