«Ас-Салах уәл-Аслах» деген не? Бұл кімдердің тұжырымы?
«Ас-Салах уәл-Аслах» деген не? Бұл кімдердің тұжырымы?
5 жыл бұрын 3922

"Әс-салах уәл-аслах" дегеніміз не? Кімдердің тұжырымы? Және бұл тұжырым дұрыс па? М.

«Ас-Салах» - «игілік» деген сөз, яғни, жамандықтан ада нәрсе. «Әл-Аслах» - «ең жақсысы» деген мағынаға саяды.  

Ертеректе Мұғтәзилит мәзхабының өкілдері ту еткен бұл екі терминнің мәні: Алла Тағала пенделерге ең жақсысы не болса, соны жасауға міндетті. Алла өз ісінде ерікті емес. Ол пенделерге ең игісін жасауға мәжбүр[1]. (Мұғтәзилит - діни-философиялық ағым). 

Мәселен, миләди 8-9 ғасырларда өмір кешкен Мұғтәзилит ағымының белді өкілі Ибраһим ән-Наззамның былай дегендігі деректерде айтылады:

«Шынында Алланың пенделерге - олардың пайдасына қарсы келетін нәрсені істеуге құзіреттілігі жоқ. Пейіштегілердің нығметінен зәрредей де кемітуге құдіретті емес. Өйткені, олардың нығметі олар үшін игілік. Пенделердің игілігінде кемдік қылу – зұлымдық».

«Мұғтәзилиттердің бір ауыздан қабыл еткені бойынша, Алла Тағала тек игілік пен хайырлы болғанды ғана жасайды. Хикмет (даналық) тұрғысынан, пенделердің игілін қамтамасыз етуі шарт...» (Әбулфатх әш-Шәһристани (м 1075-1153 ж.).  

Демек, «ас-Салах уәл-Аслах» қағидасына қарағанда, Алла Тағала – дана, ол - хикмет иесі. Пенделеріне жаман, пайдасы жоқ нәрселерді жаратуы, немесе істеуі даналығына қайшы. Сол себепті, ол пенделеріне ең жақсысын істеуге мәжбүр.

Бұл тезис Құран Кәрімдегі ашық аяттарға да, Пайғамбардың хадистеріне де теріс. Сол себепті, Әһли сунна уәл жамағат жолындағы ғұламалар мұғтәзилит ағымының көлденең тартқан өзге тұжырымдамаларымен қатар, аталмыш тұжырымды да қабыл етпеген. Ол тезисті сынап, қате екендігін жан-жақты дәлелдеген.

Егер, Алла тек пенденің игілігіне жарайтынды ғана жаратуға мәжбүр болса, неге адамды өмір бойы кәпір болып өмір сүргізеді де, ақырында тозаққа тастайды? Кәпір болып, ақырында тозаққа түсу пенденің игілігі емес қой.

Мұғтәзилиттердің «ас-Салах уәл-Аслах» деген тезисы ақылға да, нақылға да қайшы болғандықтан өміршен болмады. Уақыт өте келе бұл тұжырым да өзге тұжырымдары сияқты маңыздылығын жоғалтты. Мәселен, қырық жыл бойы «мұғтәзилит» мәзхабымен жүрген Имам Әшғаридің де ол жолдан қайтуына - аталмыш тезис себеп болған. Имам Әшғари өзінің ұстазы Әбу Әли әл-Жүббәийге «ас-Салах уәл-Аслах» қағидасын тас-талқанын шығарар үш сұрақ қояды.

Ол сұрақтардың мазмұны төмендегідей:

- Үш туысқан бауырлар хақында не айтар едіңіз: Біріншісі, Аллаға итағат еткен күйі өледі. Екіншісі, Аллаға қарсы келген күйі өледі. Ал, үшіншісі - кішкене күнінде өліп кетеді? – деп сұрайды Имам Әшғари ұстазынан. Сонда ұстазы:  

- Біріншісі (Аллаға итағат еткені) – пейіштік. Екіншісі (Аллаға қарсы келгені) – тозақта жазаланады. Үшіншісі (сәби кезінде өлгені) – жазаланбайды да, сауапқа да кеңелмейді, - деп жауап береді.

- Егер үшіншісі (яғни, кішкене күнінде өлгені) Жаратушының алдына барғанда: «Уә Раббым! Менің жанымды неге жастайымнан алдың? Неге үлкейгенімше қоя тұрмадың? Саған иман келтіріп, сенің бұйрықтарыңа бойсұнып, пейішке кірер едім ғой?» - деп айтса ше, Алла Тағала оған қалай жауап берер еді?

- Алла Тағала оған: «Үлкейсең күнә жасайтыныңды, содан тозаққа кіретінінді мен алдын-ала білдім. Сол үшін кішкене күніңде қайтыс болуың сен үшін пайдалы еді» деп жауап берер еді (яғни «әл-Аслах»).

- Ал, егер, екіншісі (Аллаға қарсы келіп өлгені): «Уа, Құдайым! Сен менің балиғатқа толғанда кәпір болатынымды білмедің бе? Неге мені кішкене күнімде өлтірмедің? Сәби күнімде жанымды алып, мені о дүниеде сәби боп өлгендердің мәртебесіне қоюың, тозақта мәңгі жануымнан әлдеқайда игі емес пе? Мен үшін өлім хайырлы бола тұра, неге менің өмір сүруіме жол бердің?» десе, бұған Алла қалай жауап берер еді? – деп сұрайды Имам Әшғари. Ұстазы жауап бере алмай абдырап қалады.

Өйткені, мұғтәзилиттердің «ас-салах уәл-аслах» қағидасы бойынша, кәпір болып өмір сүретін адамды Алла Тағала не кішкене күнінде жанын алуы керек еді, не есі-ауысқан, жынды қылып, солайша жанын алуы керек еді. Кәпір үшін осы ең жақсысы. Кішкене сәби мен жындыдан есеп алынбайды о дүниеде. Ал, шынайы өмірде олай емес. Кәпір күйінше өліп жатқан қаншама адам бар. Бұл «ас-салах уәл-аслах» қағидасымен ұштаспайды. Имам Әшғаридың сауалына ұстазының жауап бере алмағаны сол[2].

Содан кейін, Имам Әшғари мұғтәзилит бағытын тастап, Әһли сунна уәл жамағат жолына түседі.

Біздер, Алла Тағаланың дана, әрі хикмет иесі екендігіне сенеміз. Әр бір ісінде үлкен мән-мағына жатыр. Ол бүкіл әлемді бостан босқа жаратпағанын қабыл етеміз. Бірақ, ол мұғтәзилиттер айтқандай пенделеріне игі нәрселерді жасауға мәжбүр емес. Ол пенделеріне жақсылық нәсіп етсе, мәжбүр болғандығынан емес, өз рахымынан, фазл-берекетінен нәсіп етеді. Қаласа нәсіп етеді, қаласа нәсіп етпейді. Ол - ерік иесі. Оның еркінсіз бір тал жапырақ та жерге түспейді. Ол әлдебір нәрсені қаласа жасайды, қаламаса жасамайды. «Алла қалаған нәрсесін істеуші». (Бүруж сүресі, 16 аят). «Алла істеген ісінен сұралмайды. Олар сұралады». (Әнбия сүресі, 23 аят).

Алла қалағанын бай қылады, қалағанын кедей. Қалағанын ауру қылады, қалағанын сау. Әр нәрсе Алланың қалауымен жүзеге асады. Ол жамандықтың да, жақсылықтың да жаратушысы.


[1] Ән-Нәсәфи: «Тәбсыйротуль Әдиллә». 108 бет.
[2] Имам Ғазали: «әл-Иқтисад филь Иътиқад». 126-127 беттер. Бәйрут-Либия. 2003 ж.

Абдусамат Қасым