Алла Тағала өзі сияқты Құдай жарата ала ма?
Алла Тағала өзі сияқты Құдай жарата ала ма?
4 жыл бұрын 17850

Алла тағала өзі сияқты құдай жарата ала ма? - деген сұрақ. Яғни "мәңгі ете ала ма", деген сұраққа жауап бола ма? Және күш-құдірет бере ала ма? Әлде, бұл сұрақтың жауабын білмесе де бола ма? Білмесе Алланың құдіретіне шектеу қойған болмаймын ба? Әлихан.

Құрметті сауал жолдаушы, Ұлы Алла Тағала - құдіреті шексіз, серігі жоқ, жаратылыстардың ешбірі оған ұқсамайтын, бүкіл нұқсандықтардан пәк Зат. Оның бастауы жоқ, соңы жоқ. Мәңгі. Ол - бүкіл кәміл сипаттарға ие. Оның кәмілдігіне нұқсан келер еш нәрсе жаратылмайды. Мысалы, Алла Тағала тірі. Оның – өлі болуы мүмкін емес. Өйткені, өлі нәрсе құдай бола алмайды. Алла – шексіз құдіретті, күшті. Оның - әлсіз болуы мүмкін емес. Өйткені, әлсіз нәрсе құдай бола алмайды.

Сол сияқты, Алла Тағала жалғыз. Оның өзі сияқты Құдай жаратуы мүмкін емес. Өйткені, серігі бар құдай – құдай емес.  

Оның үстіне, ақылға салып қарасақ: «Алла өзі сияқты құдай жарата алады» деген күннің өзінде, жаратылған құдай қалай "Құдай" атанбақ? Құдай саналуы үшін «жаратылмаған» болуы керек емес пе? Жаратылмаған бір ғана Құдай бар, ол – Ұлы Алла Тағала (жәллә жәләәлуһу). Мың жерден «құдай жарата алады» десек те, ол нәрсе бәрібір «Құдай» бола алмайды. Құдай болуы үшін «жаратылмаған» болуы тиіс. Ал «жаратылған» болуының өзі оның «Құдай» емес екендігін көрсетуге жеткілікті.      

Сондықтан да, Алла Тағала өзі сияқты Құдай жарата ала ма? – деген сұраққа: «жарата алмайды» - дер едім. Неге? Өйткені, қанша «жарата алады» десек те, кейіннен жаратқан нәрсесі «құдай» бола алмайды. Мейлі, қанша құдіретті, күшті болсын, мейлі мәңгі өлмейтін болсын, бәрібір ол – кейіннен жаратылған мақұлық болып қала бермек. Мәселен, екі жердегі екім үш бола ала ма? – деген сауалға қанша жерден «бола алады» деп жауап берсек, оның үш болмайтындығы айдан анық емес пе?

«Құдай жарата алмайды» деуім – Алла Тағала ондай нәрсеге шамасы жетпейді дегенім емес. Кейіннен жаратылған нәрсе бәрібір «құдай» бола алмайды дегендік.

Мысалы, көп нәрсеге шамасы жететін құдіретті, әрі күшті періштелер бар. Періштелердің шамасының көлеміне адам ақылы жетпейді. Осылай бола тұра, періштені «Құдай» дей аламыз ба? Періште қанша құдіретті болса да, ол Құдай бола алмайды. Неге? Себебі, ол жаратылған нәрсе. Ол да бойындағы күш-құдіретті Жаратушыдан алып отыр. Оны да жаратқан Алла Тағала. Бойларындағы күш-құдіретті де, біздің ақылымызға сыймайтын қабілетті де берген Алла Тағала. Періштенің бәрібір күш-құдіреті шектеулі.

Тағы бір мысал:

Алла Тағала өзі сияқты мәңгі, еш жоқ болмайтын нәрсе жарата ала ма? Жарата алады. Мысалы, пейіш пен тозақ. Ол екеуі - мәңгі. Ол екеуі еш жоқ болмайды. Бірақ, оған қарамастан пейіш пен тозақты біз «құдай» дей аламыз ба? Дей алмаймыз. Себебі, пейіш пен тозақ жоқтан жаратылған. Жаратылған нәрсе қанша мәңгі болса да ол Құдай бола алмақ емес.   

Негізінде, мұндай сауалдар не ақылға да, не логикаға да сәйкес келмейтін, жай адамды шатастыру мақсатында қойылатын сұрақтар. Мұндай сауалдарға жауап берудің өзі ағаттық. Мұсылман адам мұндай болмас мәселелерге бас қатырмауы тиіс. «Ер адам бала таба ала ма?», «Қораз жұмыртқа туа ала ма?» деген сауал қаншалықты мәнсіз болса, «Алла өзі сияқты Құдай жарата ала ма?» деген сауал да мәні жоқ, ақылға қонымсыз сауалдар. Оның жауабын білмесе де болады. Алайда, бұл сауал жиі қойылып жататындықтан жауабын жария түрде беруді жөн санадық.

Уәлхәмдулилләһи Раббиль ъаләмин.  

Абдусамат Қасым