Адамға сәжде жасауға бола ма?
Адамға сәжде жасауға бола ма?
1 жыл бұрын 1832

 Адамға сәжде етуге бола ма?

 

Әлхәмдулилләһ. Уәссәләту уәссәләму аля Расулилләһ.

Алла Тағаладан өзге жараталысқа, дәлірегі, адамға сәжде етуге болмайтындығы төңірегінде Ислам ғұламалары ымыраласқан. Үкімі - харам, ауыр күнә. Өйткені, Пайғамбарымыз (с.а.у.) бірнеше хадисінде ондай тірліктен тыйған болатын. Қайс ибн Сәъд есімді сахаба бұл мәселеге қатысты Алла елшісімен болған бір әңгімесін риуаят еткен. Ол былай әңгімелейді: 

أتَيتُ الحيرةَ فرأيتُهُم يسجدونَ لمَرزبانٍ لَهُم فقلتُ : رسولُ اللَّهِ أحقُّ أن يُسجَدَ لَهُ ، قالَ : فأتَيتُ النَّبيَّ صلَّى اللَّهُ علَيهِ وسلَّمَ ، فقلتُ : إنِّي أتَيتُ الحيرةَ فرأيتُهُم يسجدونَ لمَرزبانٍ لَهُم فأنتَ يا رسولَ اللَّهِ أحقُّ أن نسجدَ لَكَ ، قالَ : أرأيتَ لَو مررتَ بقَبري أَكُنتَ تسجدُ لَهُ ؟ قالَ : قلتُ : لا ، قالَ : فلا تفعَلوا ، لَو كنتُ آمرًا أحدًا أن يسجدَ لأحدٍ لأمرتُ النِّساءَ أن يسجُدنَ لأزواجِهِنَّ لما جعلَ اللَّهُ لَهُم علَيهنَّ منَ الحقِّ 

«Хира қаласына барғанымда (Хира - Ирак), халқының батыр (немесе ұлы) адамдарына сәжде жасағандарын көрдім. Сосын (өз-өзіме): «Алла елшісі сәжде жасауға одан да лайығырақ!» дедім. Сөйтіп Алла елшісіне келгеннен кейін Оған (с.а.у.): «Мен Хираға барғанымда адамдардың батырларына сәжде жасағандарын көрдім. Уа, Расулаллаһ, Сіз сәжде етуімізге лайығырақ адамсыз!» деп айттым. Сонда Алла елшісі (с.а.у.) маған: «(Мен өлгеннен кейін) менің қабірімнің қасынан өтіп бара жатып, сәжде етер ме едің?» деп сұрады. Мен: «Жоқ» - деп жауап бердім. Ол (с.а.у.): «(Ендеше тірімде де) Олай істемеңдер! Егер мен біреуді екіншісіне сәжде етуін бұйырар болғанымда, әйелдерге өз күйеулеріне сәжде етулерін бұйырар едім, себебі, күйеулерінің әйелдерінің үстінде ақылары бар (яғни, күйеулері бір табан биік)», - деп жауап берді»1 дейді сахаба (р.а.).

Осы хадистегі Алла елшісінің «маған сәжде жасамаңдар!» дегені және «сәжде жасауды бұйырар болғанымда...» деген сөздері - Алладан басқаға сәжде жасаудың шариғатта бұрыс тірлік екендігін білдіреді. 

Ислам ғалымдары әлдекімге табыну үшін немесе оны ұлықтау үшін сәжде еткен адамның кәпір болатындығын ашық білдірген. Алайда, оған сәлем беру үшін ғана сәжде етсе, күпірлік болмайды, бірақ ауыр күнә істеген болады дейді. Бұған қатысты Ханафи ғалымдарының бірі Бәдруддин әл-Айни (рахматуллаһи алейһ) мынадай үкімдерді айтқан:

«Патшаға амандасу мақсатында сәжде ету күпірлік емес. Бірақ біздің заманда патшаға сәжде еткен адам, амандасу үшін емес, оны ұлықтау үшін, аса қадірлеу үшін сәжде етеді, ол болса, шүбәсіз күпірлік. Шәмсульәиммә әс-Сәрәхси «әл-Кәфи» кітабында былай деген: «Алладан өзгеге ұлықтау мақсатында сәжде ету - күпірлік»2

«Роддуль Мұхтар» кітабында мыналар айтылған:

«Ғалымдардың қарсы алдында жерді сүю - харам, бұлай істеген адам күнәһар болады, өйткені, бұл пұтқа табынуға ұқсас. Кәпір бола ма? Егер (ғалымдарды, ұлықтарды) ұлықтау мақсатында сәжде жасаса, ол - күпірлік, ал жай амандасу, сәлем беру мақсатында сәжде жасаса, кәпір болмайды, бірақ ауыр күнә істеген болады»3.

Қорыта айтқанда, бұрынғы пайғамбарлардың кезінде адамға сәжде жасауға рұқсат бар еді, онда да, табыну үшін емес, құрмет пен сәлем беру үшін. Оны Юсуф сүресінде баяндалған оқиғадан түсінемін. Ол оқиғада Юсуф пайғамбардың бауырлары, оған сәжде жасағандығы айтылған: «Юсуф өзінің ата-анасын таққа шығарды. Сосын бауырлары жерге құлап, оған сәжде жасады...»4.

Алайда, ондай үрдіс бұрынғы пайғамбарлардың заңында бар болғанымен, ол үрдістің күшін соңғы пайғамбар - Мұхаммед ғалейһиссәләм жойды. Осылайша, адамға сәжде жасау, бүкіл үмбетке харам болды. Әлхамдулилләһи Раббиль аләмин!


1  Әбу Дәуід: «Сүнән», №2140 хадис.
2  Бәдруддин әл-Айни: «әл-Биная».
3  Хашияту Ибн Абидин: «Роддуль Мұхтәр».
4  Құран, «Юсуф» сүресі, 100 аят.

Абдусамат Қасым