Қажылықта «тауаф» жасап жатқан сәтте дәрет бұзылса (немесе тауафты дәретсіз орындаудың үкімі)
Қажылықта «тауаф» жасап жатқан сәтте дәрет бұзылса (немесе тауафты дәретсіз орындаудың үкімі)
4 ай бұрын 1664

Ассалаумағалейкум! Әйел кісі дәретпен ихрамға кіріп «тауаф» және «сағи» жасап болғанша, зәрі бір себептермен ұстамай тамшыласа, ондай жағдайда не істеиді? Кәкімбет Асқар.

Әлхәмдулиллә. Уассаләту уәссәләму аля Расулиллә.

Уағалейкумуссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!

Үлкен не кіші қажылықта Тауаф жасайтын кісінің дәретті болуының үкімі, ханафи мәзхабында, уәжіп. (Өзге мәзхабтарда парыз). Сондықтан да, тауаф кезінде дәреті бұзылған мұсылман, дәретін жаңалап келіп, келген жерінен әрі қарай жалғастырып орындай берсе болады, басынан бастауы шарт емес.

Егеряки, тауафты дәретсіз орындағанын кейінірек аңғарса, ихрамнан шықпай тұрып, дәретсіз жасаған тауафын қайтадан жасаса, саналады.

Тауафты дәретсіз орындаудың жазасы «сол харам» аймағында бір қой құрбан шалу. Алайда ихрамнан шықпай тұрып тауафты қайта орындаса, құрбан шалудың қажеті жоқ.

Тауафты дәретсіз орындап, кейін еліне оралған кісі, мүмкіндігі болса, қайта келіп тауафын орындап қайтқаны жөн. Қайта мүмкіндігі жоқ кісі, баратын біреуге құрбанның ақшасын беріп, оның атынан бір құрбан шалуды табыстауына болады.

Тауафтың түріне қарай жазасы да өзгереді.

  1. «Келу» тауафы («Қудум» тауафы). «Келу» тауафын Меккеге келген кезде орындайды. Сырттан келушілерге оны жасау - сүннет. Қудум тауафын дәретсіз орындаудың жазасы - садақа беру, ал жүніп күйінше немесе хайыз-нифас күйінше жасаған болса, бір қой құрбан шалу керек. Қудум тауафын дәретсіз не жүніп күйінше орындаған кісіге ештеңе керек емес деген ғалымдарымыз да бар. Бірақ Имам Мұхаммед ойынша садақа беру керек (рахимаһуллаһ). (Нәпіл тауафтардың да үкімі осы).
  2. Зиярат тауафы. «Арафат» тауынан түскеннен соң орындалатын тауаф түрі. Тауафтың бұл түрін орындау - парыз. Қажылықтың екі рүкнінің бірі. Төрт «шаут» орындау парыз, ал жеті мәрте айналу уәжіп. (Шаут - айналым). Зиярат тауафын дәретсіз орындаған кісінің кәффараты - бір қой құрбан шалу, ал оны жүніп күйінше орындаса, бір ірі қара құрбан шалуы тиіс. Ең дұрысы - дәретсіз не ғұсылсыз орындаған болса, дәрет алып немесе ғұсылсыз болса, ғұсыл алып келіп, қайта орындағаны абзал, ол кезде құрбан шалу жазасы мойнынан түседі.
  3. «Қоштасу» («Садар») тауафы. Минадан Меккеге түскен кезде жасалатын тауаф түрі. Бұған «қоштасу тауафы» да деніледі. Қоштасу тауафын орындау сырттан келушілерге «уәжіп». (Умрада «қудум» және «қоштасу» тауафы жоқ). Қоштасу тауафын дәретсіз орындаудың жазасы «садақа» беру, ал «жүніп» (немесе хайыз-нифас) күйінше орындаудың жазасы «бір қой» құрбан шалу. (Құрбандар «харам» аумағында шалынуы керек). Алайда, Меккеден шықпай тұрып, тауафты дәрет не ғұсыл алып қайта орындаса, садақа да, құрбан да міндет болмайды1.

Әлхәмдулилләһи Раббиль аләмин! 


Әбу Бәкір ибн Али әз-Зәбиди: «әл-Жәһәрәту ән-Нира», «Қажылық»; Абдульғани әл-Мәйдәни: «әл-Лүбәб».

Абдусамат Қасым