Қыздарға намазды шалбар киіп оқуларына бола ма?
Қыздарға намазды шалбар киіп оқуларына бола ма?
11 жыл бұрын 58972

Сәлеметсіз бе! Әйел кісі үйінде намазды шалбар киіп оқыса бола ма? Әлде міндетті түрде ұзын, кең белдемше (юбка) кию керек пе? Намазда әйел кісінің жабылуы тиіс жерлері жабық болса, жеткілікті емес пе? Осыны ашып айтып берсеңіздер! Айша

Сәлеметсіз бе, Айша! Әйел кісі намаз оқитын кезде, үстіне киетін киімі жабылуы тиіс жерлерді жауып қана қоймай, мынадай да талаптарға сай келуі ләзім:

  1. Денесі көрінетіндей жұқа болмауы тиіс
  2. Кең-мол болуы қажет. Дене-бітімін бедерлеп тұратындай тырысып тұрмауы керек[1]

Әбу Дәуідтің хадистер жинағында келтірілген бір риуаятта Пайғамбарымыздың жұбайы Үмму Сәләмәдан бір әйел кісі: «Әйел намаз оқығанда қандай киім кию керек? - деп сұрайды. Оған Үмму Сәләмә (р.а.): «Намаз оқыған әйел басына Орамал, (ал үстіне) аяғының үстінгі жағын жауып тұратындай ұзын, әрі кең көйлек (وَالدِّرْع السَّابِغ) киеді, - деп жауап берген екен[2].

Үмму Сәләмәның өзі Пайғамбарымыздан (с.а.у.) осы жайында:

-Әйел адам намаз оқығанда изарды орамай (изар - белінен төменгі жағын орап жабатын киім), тек басындағы орамалымен және ұзын көйлегімен оқыса бола ма», - деп сұрайды. Сонда Алланың елшісі:

-Егер көйлек аяғынын үстінгі жағын жауып тұратындай ұзын әрі кең болса (وَالدِّرْع السَّابِغ), онда болады – деген екен[3].

Қазіргі таңдағы қыздардың киетін шалбарлары көбіне дене-бітімін бедерлеп тұратындай тар боп келеді. Сол себепті үйде болсаңыз да намазға тұрғанда ұзын, әрі тырыспаған белдемше (юбка) немесе көйлек киюыңыз қажет.

[1] Әйелдің киімі жайында қосымша мәліметті мына сілтемеден көре аласыз: http://islam.kz/kk/questions/aielge-qatysty/aiel-adam-kiim-alganda-qandai-talaptardy-eskeru-kerek-16/
[2] Әбу Дәуід: Китабус сала – Бәбу фи кәм тусалли әлмар-ә - №620.  
(وقد أَسْبَغَ فلان ثَوْبَه أَي أَوسَعَه (لسان العرب). والسابِغَةُ: الدرعُ الواسعةُ (الصحاح في اللغة
(وَقَالَ العَيْنِّيُ:"الدِّرْعُ السَّابِغُ "  أَيْ الشَّامِلُ عَلَى جَمِيْعِ بَدَنِهَا، يُقَالُ: شَيٌء سَابِغٌ، أَيْ: كَامِلٌ وَاف  (لاَ يَصِفُ هَيْئَةَ أَعْضَائِهَا
[3] Әбу Дәуід: Китабус сала – Бәбу фи кәм тусалли әлмар-ә - №621

Абдусамат Қасым