Хайыз уақытында «тиләуәт сәждесін» естісе не істеу керек?
Хайыз уақытында «тиләуәт сәждесін» естісе не істеу керек?
11 жыл бұрын 11395

Әуелі «тиләуәт сәждесі» дегеніміз не? Соған тоқталайық. Құран Кәрімдегі сәжде жасауға бұйырған аяттардың бірін оқуды  - тиләуәт сәждесі[1] дейміз. 

Құран Кәрімнің он төрт жерінде сәжде аяты келген[2]. Ханафи мазһабында осы аяттарды оқыған не естіген кезде бір рет сәжде жасау – уәжіп.

Хайыз немесе нифас кезіндегі әйелге намаз оқу міндет емес екендігі мәлім. Сол секілді, хайыз яки нифас кезіндегі әйел естіген тиләуәт сәждесін орындау немесе кейіннен қазасын өтеу міндет емес.

Бірақ жүніп[3] болған адам  ғұсылданбай (жуыну) тұрып тиләуәт сәждесін естіген болса, онда ғұсыл құйынғаннан кейін қазасын өтеуі тиіс.

Тиләуәт сәждесін жасайтын адамның дәреті, әурет жерінің жабық болуы тиіс. Ниет етіп, құбылаға қарап, қолдарын көтермей «Аллаһу әкбар» деп сәждеге барады. Үш рет «субхана раббиал-а’ла» дегеннен кейін қайта «Аллаһу әкбар» деп орнынан тұрады. Бұлай істеу – сүннет. Бірақ артынан «Ғуфранака рәббәнә уа иләйкал-масир» деу – мұстахап. («Аллаһым! Кешіріміңді тілеймін. Сөзсіз саған қайтамыз»)[4]. 

[1] Тиләуә – аят оқу.
[2] Сәжде аяттары: Ағраф, 206; Рағыд, 15; Нахыл, 50; Исра, 109; Мәриям, 25; Хаж, 18; Фурқан-60; Нәмл, 25; Сәжде, 15; Сад, 24; Фүссиләт, 37; Нәжм, 62; Иншиқақ, 20; Алақ, 19.
[3] Жүнүп болу: Жыныстық қатынас, ұйқысында сұйықтық бөлінсе немесе соған ұқсас жағдайлар арқылы мәнидің сыртқа шығуы. Ерлі-зайыптылар арасындағы жыныстық қатынаста мәни шықпаса да ғұсыл қажет. 
[4] Ислам ғылымхалы. М.Исаұлы, Қ.Жолдыбайұлы.

Абдусамат Қасым