Жалға берген пәтердің табысынан зекет берем бе?
Жалға берген пәтердің табысынан зекет берем бе?
10 жыл бұрын 5081 shipfactory/Shutterstock

Ассалаумағалейкум! Бір мұсылман таныс жігіттің 3-5 қалада жеке меншік пәтерлері бар. Сол пәтерлерін жалға беру арқылы, ақша табады. Сол мұсылман жігітке зекет парыз ба? Парыз болса қалай есептеледі? Ғабит Аманқос.

Уағалейкумсалам! Ғабит Аманқос, танысыңыздың пәтерлерінен түсірген табыс жиынтығының құны (шығындарын шегергеннен кейін) кем дегенде 85 грамм[1] алтынның құнына тең келсе, және бір жыл уақыт өткен болса, ол кісіге сол жыл ішінде жиналған жалпы ақшасының қырықтан бірін (2,5%) зекет ретінде беруі – парыз[2].  

Тарқатып айтар болсақ: мысалға танысыңыздың табыс көзі тек әлгі пәтерлерінен түскен қаржы ғана деп алайық. Әр пәтерден шамамен айына   80 000 теңге табыс түсіп отыр делік. Оны бес пәтерге көбейткенде 400000 теңге айына кіріс кіреді деген сөз. Осы кірістен бір айлық шығынды (өзінің және отбасының нәпақасы, қарыздарын т.б. орташа шығындарын) шегеріп, одан қалған ақшаны, осы жолмен ай сайын артылып жиналып жатқан ақшаларына қосады. Осылайша жиналған ақша жиынтығының құны ең кемі 85 грамм алтынға сай келетіндей сомаға жеткен болса, сол мезеттен бастап есептегенде бір жыл уақыт өтісімен, сол бір жыл ішінде жиналған табысының қырықтан бірі (2,5%) зекет ретінде берілуі тиіс. Бір жыл уақытты қай сәттен бастап есептеу керек дейтін болсаңыз, жиналған ақша 85 грамм алтынға жеткен күннен бастап есептеледі. Осы жыл ішінде пәтерден түскен ақшаның жиынтығынан 2,5% зекет ретінде береді. Ең дұрысы - Аллаға мәлім.

 

[1] Әлемдік биржада 2014 жылдың 18-ші ақпандағы 1 грамм алтынның бағасы 7875 теңгені құрайды. 85 г.  х  7875 теңге = 669 375 теңге (нисаб мөлшері)/2.5%= 16734 теңге ең төменгі берілітін парыз қаражат [http://zeket.org.kz/]
[2] Бұл тұжырым - «Ислам фиқһ ұйымының» 1985 жылы өткен 2 кезекті отырысында қабылдаған қаулысы. Көпшілік ғұламалардың тоқтамы осындай.  [http://www.fiqhacademy.org.sa/qrarat/2-2.htm; У.Зухайли: әл-Фиқһул Ислями – 2/864 бет, т.б.].  Дегенмен мұндай жалға берілген ғимараттарды жер өнімдеріне қиястай отырып, «үшір» зекеті беріледі, яғни ай сайын түскен табыстан 10% беріледі дейтін білікті ғұламалар да болған. [Имам Әбу Захра: Фәтәуә – Зекет – 284 бет.; Ю.Қардауи: Фиһқу әз-Зәкә – 1/482 бет. Каир, 2006 ж. т.б.] Үшір зекеті жайында білгіңіз келсе, мына сілтемеге кіріңіз: http://www.islam.kz/kk/questions/qulshylyq/zeket/ushir-zeketi-degenimiz-ne-55/  

Абдусамат Қасым