Ата-ананың рұқсатынсыз хижаб (кимешек) киюге бола ма?
Ата-ананың рұқсатынсыз хижаб (кимешек) киюге бола ма?
3 жыл бұрын 8128 Фото: knews.kg

Ата-ананың рұқсатынсыз хиджаб киюге бола ма? Ата-анам қарсы.

Құрметті сауал қоюшы, Ислам дінінде әйелдің беті мен қолы ашық, қалған жерлерін жауып тұратын киімді хижаб дейді. Хижаб – мұсылманшылықтың әйелге тән киім үлгісі. Мысалы, қазақ ұлтының ұлттық киімі саналатын «кимешекті» хижабтың қазақи үлгісі деуге болады. Кимешек толық шариғатқа сай киім. Сондықтан да, қазақ ұлтына негізінен алып қарағанда, «хижаб» делінетін әйелдердің мұсылманша киім үлгісі жат емес деп сенімді түрде айта аламыз. Біздің қоғамда көпшілігі «хижаб» дегенде "қара киіп, бетті тұмшалап алу" деп түсінеді. Негізінде олай емес.

Хижаб – жоғарыда айтып өткенімдей, дененің бәрін жауып тұратын киім, бірақ бет пен қолы және тобықтан төмен аяғы ашық болса, рұқсат. Сондықтан да, оны «кимешек» деп атасақ та қате емес. Кимешек – толықтай шариғат ережесіне сай тігіліген қазақи киім үлгісі. Сол себепті, ата-аналарыңызға «хижаб» дегеннен гөрі, «кимешек» тәріздес киім кигім келеді деп айтсаңыздар, мүмкін оларға көбірек түсініктілеу болар ма еді, деген ойдамыз.

Енді сіздің сауалыңызға келсек, шариғат бұйырған үлгіге сай киіну, яғни, кимешек тәріздес бет пен қолдан өзге, бүкіл денені жауып тұратын үлгіде киім кию –  балиғат жасына толған мұсылман әйел затына парыз. Ол - Алла Тағаланың бұйрығы болғандықтан, ол үшін қосымша ата-ананың рұқсаты қажет емес. Қыздарымыздың өзі таңдаған үлгіде киіну әдеті қалыптасқан біздің қоғамда, кимешек тәріздес киім киюді таңдауына қарсы шығу ақылға қонымсыз. Ол да оның таңдауы. Өкінішке орай, бүгінде қысқа шорты киген қыздарына «таңдауы сол ғой» деп айта алатын ата-ана, хижабқа келгенде таңдауына түсіністікпен қарай алмай жатады.    

Тоқ етерін айтқанда, кәмілетке толған қыз - ата-анасының рұқсатынсыз шариғат талабына сай үлгіде киім киюуіне құқылы. 

Абдусамат Қасым