Шағын және орта бизнеске жаңа салық режимі енгізілмек
|
Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің бірінші вице-министрі Руслан Дәленов Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісінде жаңа Салық кодексі жобасын және оған ілеспе заң жобаларын таныстырды.
ҰЭМ вице-министрі салықтық өзгерістердің идеологиясы адал салық төлеушінің мүддесін қорғауға бағытталатындығын атап көрсетті, ал барлық түсініксіз жерлері мен олқылықтар ендігі жерде салық төлеушінің пайдасына шешілетін болады.
«Егер салық төлеуші салық органының түсіндіруіне сәйкес әрекет еткен болса және соның салдарынан ұстаным өзгерген болса, айыппұлдар мен өсімпұлдарды қолданбау ұсынылады. Толық есепке жазу негізділігіне талап та күшейтілетін болады. Енді салықтық тексеру актілерінде тиісті негіздемелер болуы тиіс» — деді Дәленов.
Ол бизнеске заңнамадағы өзгерістерді зерделеуге көбірек уақыт берілетіндігін атап өтті. «Шағын және орта бизнесті дамыту үшін қолданыстағы арнайы салық режимдерін сақтау көзделуде. Баламалы жаңа режим ұсынылып отыр. Тіркелген шегерістер режимі. Бұл кімнің айналымы үлкен, бірақ табысы аз болса, солар үшін тиімді. Ол өз түсімінің отыз пайызын растаусыз шегере алады. Ал егер шығыстарды есепке алуды жүргізетін болса, онда шығыстарын растағаны үшін сыйақы (шегерістер) алады. Салық төлеушілерге режимдерді таңдау құқығы беріледі», — деді Руслан Дәленов.
Аграрлық сектор үшін де ынталандыру шаралары ұсынылып отыр. Бірыңғай жер салығын төлеушілер айналымға қарамастан қосылған құн салығын төлеуші болып табылмайды.
Вице-министрдің айтуынша, еңбекақы төлеу қорына жүктемені төмендету үшін шаруа-фермер қожалығының басшысына, мүшелеріне және жұмыскерлеріне салынатын әлеуметтік салықты алып тастау ұсынылуда. Қызметтің басқа түрлерін бөлек есеп жүргізу жолымен жүзеге асыруға рұқсат берілетін болады.
Жер қойнауын пайдалану саласында геологиялық барлауға инвестициялар ынталандырылатын болады. Табысты барлау жүргізуді ынталандыру мақсатында коммерциялық табу бонусын алып тастау жоспарлануда, ал теңіз және терең мұнай кенорындары үшін жер қойнауын пайдалануда өте қарапайым баламалы салық ұсынылады.
Сонымен қатар, арнайы инвестициялық келісімшарт (АИК) шеңберінде автомобиль шығару үшін қосылған құн салығы бойынша жеңілдіктер ұсынылады. Жинақтауыш импорт (шикізаттар мен материалдар), сондай-ақ арнайы инвестициялық келісімшарты бойынша өндірілген тауарларды өткізу бойынша айналым қосылған құн салығынан босатылатын болады.
«Қазірде инвестициялық преференциялар тек жаңа жобаларға және жаңа кәсіпорындарға ғана ұсынылады. Жұмыс істеп тұрған кәсіпорындардың қазіргі жұмыс істеп тұрған қуаттылығын жаңғырту және қайта құру кезінде жеңілдіктер көзделмеген. Мұндай кәсіпорындарды ынталандыру үшін жаңғырту және қайта құру бойынша жобаларды іске асырып отырған жұмыс істеп тұрған кәсіпорындарға корпоративтік табыс салығы бойынша жеңілдіктер ұсынылады. Жеңілдіктер жаңғырту және қайта құру аяқталған сәттен бастап 3 жылдан артық емес мерзімде және инвестициялар 5 млн. айлық есептік көрсеткіштен кем емес жағдайда қолданылады» — деді вице-министр.
Оның айтуынша, қазіргі уақытта өзекті емес бірқатар жеңілдіктерден бас тарту ұсынылып отыр. Оларға: ойын автоматтары қызметі бойынша айналымдарды, лотерея билеттерін өткізуді, пошта төлемінің мемлекеттік белгілерін, пошта маркаларының импортын босату жатады. Сондай-ақ Дүниежүзілік сауда ұйымдарының талаптарына қарама-қайшы келетін жеңілдіктер алынып тасталады, өйткені Дүниежүзілік сауда ұйымдарының талаптарына сәйкес ішкі өндіріс тауарлары және импорт үшін салық салудың тең шарты қолданылуы тиіс.
Жаңа салықтық әкімшілендірудің жалпы тұжырымы – мемлекет пен салық төлеуші арасындағы қатынастарды либерализациялау. Адал салық төлеушілерді тексеруді азайту және салық төлеушілердің салық міндеттемелерін өз еркімен орындауға ынталандыратын шараларды көбейту.
Осы міндеттердің аясында салықтық тексерулерді трансформациялау, табыстарды әкімшілендіруде жаңа тәсілдердірді енгізу көзделуде. Аталған міндеттерді орындау үшін оларды жету өлшемдері анықталған, қажетті шаралар пысықталуда.
«Жаңа идеология, жаңа ынталандырулар және жаңа әкімшілендіру әдістері сапалы түрде жақсартудың негізі. Салық жаңалықтарын қабылдауға байланысты салық даулары азаяды, тексерулер саны төмендейді, әкімшілендіру оңайлатылады. Шикізатты қайта өңдеу ынталандыруға ие болады, несиелеу қолдау табады, агроөнеркәсіптік кешен мен шағын және орта бизнес үшін қолайлы режим қалыптасады. Салық саясаты жалпы ашық және айқын болады», — деді Дәленов.