Жер мақсатты пайдаланылмаса, мемлекет қайтарып алады
Жер мақсатты пайдаланылмаса, мемлекет қайтарып алады
7 жыл бұрын 2576 Эльмира КӘЛЕНОВА

Шаруаларға жалға берілген жер әр бес жыл сайын тексеріледі. Егер алқап мақсатсыз пайдаланылса мемлекет қайтарып алуға құқылы. Бұл туралы Петропавлда Парламент Мәжілісінің Аграрлық мәселелер комитетінің көшпелі отырысында айтылды. Отырысқа депутаттар, Ақмола, Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстары әкімдіктерінің өкілдері мен ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері қатысты. Алқалы жиында жерді барынша тиімді пайдалану жолдары, заңнамаға енгізілетін өзгертулер мен толықтырулар жайында айтылды, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі. 

Депутаттар қарауына жер жаңнамасына қатысты 250-ден артық ұсыныс түскен. Оның 90 пайыздан астамы қабылданыпты.

«2025 жылдың 31-ші желтоқсанына дейін жерді жеке иелікке өткізуге қатысты мороторий енгізілген болатын. Осы уақыт аралығында жер құжаттарын толық тексеріп, нақты ақпарат алу, ауыл шаруашылығына тиесілі жерлердің сапасын тексеру көзделіп отыр. Осы және өзге де жұмыстарды жүргізу үшін 32 млрд. теңге бөлініп отыр. Қазіргі таңда халықты жер заңнамасындағы өзгерістер жайында ақпараттандыру-түсіндіру жұмыстары жүргізілуде», - деді жиында сөз алған ауыл шаруашылығы вице-министрі Ерлан Нысанбаев.

«Ауыл шаруашылығы жерлерін тиімді пайдалану – өзекті мәселелердің бірі. Бүгінгі қаралып жатқан заң жобасындағы басты өзгертулердің бірі - жерді пайдалануға алған шаруашылықтар әр 5 жыл сайын тексеріледі. Суармалы жерлер әр 3 жыл сайын тексеріледі. Оның мақсатты пайдаланылуы маңызды. Егер ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің жұмысы нәтижесіз болса, жер мемлекетке қайтарылып алынады», - дейді Мәжілістің аграрлық мәселелер комитетінің төрағасы Сапархан Омаров.

Көшпелі кеңес отырысында жалға берілген жер телімдерін сату, ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді тиімді пайдалануды реттеу, жайылымдық жерлерді беру тәртібі, кепіл ретінде банктер тәркілеген жерлердің бос жатқандығы тағы да басқа мәселелер көтерілді.

«Бүгін өзекті мәселе қаралды. Жерді жалға алуға болады. Бірақ ол саудаға салынбауы тиіс. Осының басын ашып алуымыз керек. Бүгінгі жиында жерге қатысты көптеген мәселелер қызу талқыға түсті. Тек қосалқы жалға беру тақырыбы көтерілмей қалды. Жиынға қатыусышылар жеке сауалдарын да жолдады», - дейді Мәжілісі депутаты Сергей Звольский.

Жер – халықтың басты байлығы. Халық қалаулылары жиында көтерілген барлық мәселелер назарға алынатындығын айтты.

0 пікір
Мұрағат