Қос министрліктің оқушыларға әскери киім алуға қатысты жауабы
Қос министрліктің оқушыларға әскери киім алуға қатысты жауабы
8 жыл бұрын 5166 ult.kz

Осыдан біраз бұрын жаңа оқу жылы басталар алдында Мәжіліс депутаты Айқын Қоңыров мектептерде «Бастауыш әскери дайындық» (БӘД) пәні мұғалімдерінің 10-11 сынып оқушыларын жаздық-қыстық әскери формалар алуға мәжбүрлегендігін айтып дабыл көтерген. Бағасы 50-60 мың теңгеден кем болмайтын мұндай киімдерді алуға көптеген ата-ананың жағдайы келе бермейтінін айтқан депутат аса қажет болса болашақ жауынгерлері үшін Қорғаныс министрлігі өздері әперсін немесе Білім және ғылым министрлігі арнайы қаражат бөлсін деп мәселені тікесінен қойған еді. Бұл мыңдаған ата-ананың ойынан шығып, БАҚ атаулы бастарына көтеріп жазған. Сол сауалға жуырда екі министрліктен де жауап келіпті. 

Әскери адамдарға тән дәлдікпен Қорғаныс министрі С.Жасұзақов: «Мектептерге әскери даярлық сабақтары үшін арнайы киім алу қажеттілігі туралы ешқандай нұсқау берілген жоқ. Қорғаныс министрлігінің бюджетінде оқушыларға әскери киім алуға шығыстар көзделмеген» деп нақты, қысқа да нұсқа жауап беріпті.

Ал БҒМ министрлігінен келген жауап көпсөзділіктен жарысқа түскендей біраз нәрсені езген екен. Соның ішінде БӘД пәнін офицерлер, прапорщиктер, қатардағы сарбаздар мен солдаттардың әрқайсысы қанша пайыздан оқытатынына дейін көрсетіпті. Ал әскери киімге қатысты сөзбе-сөз келтірсек былай делінген: «Қазіргі уақытта білім мен қорғаныс саласындағы қолданыстағы заңнама мен нормативтік құқықтық актілерде БӘД сабақтарында арнайы киім кию мәселесі реттелмеген. Осыған байланысты БӘД сабақтарында арнайы әскери киім кию міндетті емес».

Жұртты дүрліктіріп, әскери киім талап етіп жүргендер БӘД-ті оқытатын жаңағы прапорщиктер мен солдаттар болып шықты... Ондайлар «шаш ал десе бас алатын» жаман мінездерін мектепке де әкелген сияқты. Әйтеуір мәселе аяғына жетті, халық киім алады екенбіз деп уайымдамауына болады.

0 пікір
Мұрағат