ҚАЖЫЛЫҚ-2025: ӘУЕ ТАСЫМАЛЫ НАҚТЫЛАНДЫ
ҚАЖЫЛЫҚ-2025: ӘУЕ ТАСЫМАЛЫ НАҚТЫЛАНДЫ
7 күн бұрын 413 muftiyat.kz ҚМДБ Баспасөз қызметі

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы 2025 жылғы қажылық маусымында азаматтарымызды қажылық сапарына тасымалдау үшін әділ бәсекелестікке қол жеткізу мақсатында қазақстандық және шетелдік әуекомпаниялар арасында конкурс жариялаған болатын.
Конкурсқа қазақстандық «Air Astana» және «Scat, сондай-ақ, саудиялық «Flynas» және кувейттік «Jazeera», БАӘ «Air Arabia» әуе компаниялары тиісті құжаттарын өткізіп, қажыларды тасымалдау бағаларын ұсынды.
2025 жылға конкурстық негізде қажылықты ұйымдастыруға рұқсат алған 15 қазақстандық туроператор арасынан дауыс беру арқылы арнайы комиссия құрылды. Комиссия аталған әуе компания өкілдерімен баға мен сапаға байланысты тиісті келіссөздер жүргізді.
Сонымен қатар, 2025 жылғы қажылық маусымында азаматтарымызды қажылық сапарына тасымалдау үшін төмендегі әуе компанияларын нақтылады.
Атап айтқанда, тікелей рейстер арқылы қажыларымыздың қасиетті мекенге жылдам жетуі үшін қазақстандық «Air Astana», «Scat», саудиялық «Flynas» әуе компанияларына таңдау жасалды.
Салыстырмалы түрде арзанырақ әрі қажетті қызметті қалаған туроператорлар үшін «Jazeera» және «Air Arabia» әуе компаниясы таңдалды.
Қажыларымыз Астана, Алматы, Шымкент, Түркістан және Ақтау қалаларынан ұшаққа отырып, Жидда (Мекке маңындағы қала) және Медина қалаларына жеткізілу жоспарлануда.
Айта кетейік, әуе тасымалдауды демонополизациялау арқылы ҚМДБ тарапынан қажыларға қолайлы жағдай жасалды. 2023 жылдан бері атқарылаған жұмыстың нәтижесі бойынша өткен жылдармен салыстырғанда қажылықтың әуе билетінің құны 300-400 АҚШ долларына дейін арзандады және қажылардың қалаған әуе компаниясымен сапарға шығуына мүмкіндік алынды.

0 пікір
Мұрағат