«ҚАЖЫЛЫҚ-2024» МАУСЫМЫН ҰЙЫМДАСТЫРУ ТУРАЛЫ ХАБАРЛАМА
«ҚАЖЫЛЫҚ-2024» МАУСЫМЫН ҰЙЫМДАСТЫРУ ТУРАЛЫ ХАБАРЛАМА
2 ай бұрын 338 muftyat.kz ҚМДБ Қажылық бөлімі

Сауд Арабия Корольдігіне жұмыс сапарымен барған Қазақстан қажылық миссиясы бірқатар мекеме басшыларымен келіссөздер жүргізді.

Наиб мүфти Ершат қажы Оңғар бастаған делегация мүшелері Мекке және Жидда қалаларында Сауд Арабиясы корольдігі Қажылық және ұмра министрінің халықаралық ынтымақтастық бойынша өкілі доктор Хасан Әл-Манахира мырзамен және қажыларға қызмет көрсететін мекеме жетекшілерімен кездесіп, ұлы сапарды жоғары деңгейде ұйымдастыру мәселесін талқылады.

Басқосу барысында отандастарымызды Мина және Арафаттың ыңғайлы аймақтарына жайғастыру және тасымалдау кезінде жол қауіпсіздігін сақтау, дер кезінде алғашқы медициналық көмек көрсету, сапалы тамақпен қамтамасыз ету т.б. мәселелер сөз болды.

Айта кетсек, 2024 жылы елімізден 5081 мың адам үлкен қажылыққа барады. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы жыл басында Сауд Арабиясы корольдігінің Қажылық және ұмра министрі Тауфик ибн Фаузан ар-Рабиамен кездесіп, тиісті құжатқа қол қойған болатын.

Дінімізде бес парыздың бірі – қажылық, ол діни туризм емес. Осы ретте Сауд Арабия Корольдігі Қазақстан Республикасының зайырлы мемлекет екенін ескере отырып, Исламдағы қажылық парызын шариғи тұрғыдан ұйымдастыруға, жүзеге асыруға Республикалық ислами діни бірлестік саналатын Қазақстан мұсылмандары діни басқармасын айқындаған.
Қажылық жасаушыға да қойылатын ең басты талап: қажылық құлшылығын ешқандай туристік сапармен шатастырмай, әр қажы қажылықтың шариғи талаптарын орындауы тиіс.
Өз кезегінде ҚМДБ қажылықты ұйымдастырудың техникалық жауапкершілігін белгілі заң талаптары негізінде қазақстандық туроператорларға сеніп тапсырады. Себебі Қазақстан Республикасы азаматтарының түрлі мақсатта сыртқа шығуы туризм саласындағы заңнамалармен реттеледі және олардың құқықтарын қорғау туроператорларға жүктеледі. Осы мақсатта ҚМДБ 2024 жылы қажылық орындарын конкурс негізінде 16 туроператорға бөліп беріп, олардың қажылыққа ниет еткен отандастарымызға қызмет көрсету құқығына ие болғанын жариялады.

Қажылық маусымында туроператор ҚР азаматтарын сыртқа шығу туризмі саласындағы құқықтары негізінде САК жеріне ҚМДБ бөлген қажылық орындары бойынша ғана азаматтарды алып бара алады. Қажылық орындарынан тыс адам апару екі ел арасындағы қажылық келісімшартын бұзған болып саналады.

Демек, конкурстан өткен 16 туроператор қажылардың қауіпсіздігіне, оларды Мекке-Мединаға апарып-әкелуге, қонақ үй және ас-сумен, транспортпен қамтамасыз етуге және тиісті құжаттарын рәсімдеуге міндеттеледі.

Олар: «Хикмет Тревел» ЖШС, «Атлас Туризм» ЖШС, «Қызмет Саяхат» ЖШС, «Tawaf Travel» ЖШС, «Хидаят-Нур» ЖШС, «Nurkhan travel» ЖШС, «Сембекова» ЖШС, «Sanabl kz» ЖШС, «Mina travel» ЖШС, «Ал-Маруа» ЖШС, «Ордабасы – НЖ» ЖШС, «Robinzon kz» ЖШС, «Delta Tour» ЖШС, «Иман Travel Тур» ЖШС, «Dostik travel» ЖШС, «Qazaq Sapar» ЖШС.

Аталмыш туроператорларға 25 сәуірге дейін қажылық орындарын брондаған азаматтарға қажылық визасын рәсімдеуді аяқтау керектігі хабарланды.

0 пікір
Мұрағат