Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Түркістан қаласының ерекше мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.
Заңда еліміздің рухани, тарихи-мәдени, туристік орталығы және сәулет мұрасы ретіндегі Түркістан қаласының ерекше мәртебесі бекітілген.
Құжатта:
- тарихи-мәдени мұраны сақтау – Қожа Ахмет Ясауи кесенесі мен басқа да ескерткіштерді қорғау;
- археологиялық және ғылыми-реставрациялық жұмыстарды реттеу;
- тарихи-мәдени мұраны қайта жаңғырту және ұлттық қолөнерді дәріптеу;
- қорғау аймағында биіктігі мен сәулеті үйлеспейтін ғимараттарды салмау;
- археологиялық ескерткіштердің резерватын құру;
- мүгедектігі бар адамдарға қолжетімді инфрақұрылым және инклюзивті туризм құру арқылы қалада жайлы орта қалыптастыру;
- қаланың бірыңғай келбетін – сәулет ерекшелігін сақтау үшін дизайн код енгізу;
- тиімді басқару мен бақылау үшін әкімдік пен мәслихат өкілеттігін кеңейту;
- мемлекет тарапынан қолөнер шеберлерін қолдау мен көлік транзитін реттеу;
- туризмді дамыту және тұрмыс сапасын арттырумен қатар қаланың тарихи ерекшелігін сақтау қарастырылған.



Түркістанның өз төлтаңбасы болады
Түркістан қаласының жаңа төлтаңбасы болады. Қала билігі Түркістанның ерекше мәртебеге ие болуына байланысты конкурс жариялап, алдағы 3 айда ең үздік логотипті таңдап алмақшы. Бұдан былай шаһардың туристік ерекшеліктерін бейнелейтін нышандарға да өзгеріс енгізіледі. Сонымен қатар, туристерді тасымалдайтын 8 және одан да көп орындығы бар көліктер шығынының 25%-ы мемлекет тарапынан субсидияланады. Туристерге қызмет көрсететін нысан құрылысының 10% шығыны да жергілікті бюджеттен өтеледі. Бұған дейін бұндай жеңілдіктер облыс әкімдігі тарапынан беріліп келсе, енді бұл өкілеттілік қала әкімдігіне беріліп отыр. Осыған орай бүгін журналситермен кездескен қала әкімі жаңадан құрылыс кеңесі құрылатынын жеткізді. Енді кәсіпкерлік нысан салғысы келетін инвесторлар мен кәсіпкерлер тарапынан түскен ұсыныс-жобалар алдымен қала әкімдігінде талқыланып, одан кейін облысқа жолданатынын айтты. Сонымен қатар, шаһар басшысы Түркістанның ерекше мәртебеге ие болуы инвесторларды да қызықтырып отырғанын атап өтті.
Әзімбек Фазылбек, қала әкімі: - Қытай, түрік инвесторлары қазір жұмысын бастап жатыр. Осы жақында ғана ҚХР инвесторлар келді. 17 қабаттық қонақүй саламыз деп. Олар да осы заңды біліп отыр. Біз алдағы уақыт та өзіміз ғана келмей, қасымыздағы басқа да әрңптестерімізге айтып, осы қалаға инвестиция тарту бойынша, жаңа жұмыс орындарын ашу бойынша жұмыс істейтін боламыз деп олар да өзінің сенімін білдіріп отыр. Соның аясында жұмыстарды жандандырып, жұмыс істейтін боламыз.
24.kz