Халал сертификатына ие болған кәсіпорындар
Халал сертификатына ие болған кәсіпорындар
2 ай бұрын 804 halaldamu.kz
ҚАРАҒАНДЫДАҒЫ КӘСІПОРЫНДАР СЕРТИФИКАТТАЛДЫ 

Қарағанды қаласындағы 6 кәсіпорын «QMDB Halal» стандарты талаптарына сай сертификатталды. Атап айтқанда, «Zakira Tattileri», «Sweetness», «Мамулины вкусняшки», «Кәусар» кәсіпорындары. Сертификатты «Халал Даму» технологы Жанат Ахметқызы мен «Әнет баба» мешітінің ұстазы Әйгерім Берікболқызы табыстады.

Сертификаттау рәсімі барысында кәсіпорын өкілдеріне халал стандарттарының маңызы, өндіріс орындарында шариғат талаптарының сақталу ережелері және халал өнімдерді нарыққа шығару талаптары түсіндірілді.

«Халал Даму» технологы Жанат Ахметқызы кәсіпорындарға жүргізілген аудит нәтижелері туралы айтып, өндірістік процестердің халал стандарттарына сәйкестігін растады. Сонымен қатар, ол халал сертификатының тұтынушылар сенімін арттырудағы рөлін атап өтті.

Ал, Әйгерім Берікболқызы кәсіпкерлерді адал өнім өндіру ісінде жауапкершілікпен жұмыс істеуге шақырып, кәсіпкерлерге сәттілік тіледі. Сертификат табыстау рәсімінен кейін кәсіпкерлер өз сұрақтарын қойып, халал стандарттарын сақтау бойынша қосымша кеңестер алды.

АЛМАТЫ: «VKUSNOFF» ЖӘНЕ «SYRBAZ» ДӘМХАНАЛАРЫ СЕРТИФИКАТТАЛДЫ 

Алматы қаласындағы «Vkusnoff» және «Syrbaz» қоғамдық тамақтану орындары «QMDB Halal» стандарты талаптарына сай сертификатталды. Сертификатты Алматы қаласының бас имамы Төлеби Оспан табыстады.

Сертификаттау барысында мекемелердің өндірістік үдерісі, қолданылатын шикізаттары мен сақтау шарттары мұқият тексерілді. Сараптама нәтижесінде «Vkusnoff» және «Syrbaz» дәмханаларының бекітілген халал стандарттарына толық сәйкес келетіні анықталды.

Сертификатты табыстау рәсімінде Алматы қаласының бас имамы Төлеби Оспан халал өнімдерінің маңыздылығына тоқталып, кәсіпкерлерді адалдық қағидаларын сақтауға шақырды. Ол өз сөзінде: «Халал – тек қана тағам емес, өмір сүру мәдениеті. Адал тамақтану – денсаулықтың, ал адал кәсіп – берекенің кепілі. Сондықтан халал стандарттарын ұстану – әрбір кәсіпкердің жауапкершілігі. Бүгінде тұтынушылардың халал өнімдерге деген сұранысы артып келеді. Бұл – кәсіпкерлер үшін үлкен мүмкіндік әрі аманат», – деп атап өтті.

Өз кезегінде қоғамдық тамақтану орындарының өкілдері халал талаптарын қатаң сақтай отырып, тұтынушыларға сапалы әрі сенімді өнім ұсынуды басты міндеттері ретінде қарастыратындарын жеткізді.

«НУРБА ЕТ» ЖӘНЕ «BESHBARMAQ» КӘСІПОРЫНДАРЫ СЕРТИФИКАТТАЛДЫ 

Ақтөбе қаласындағы «Нурба ет» рестораны және «Beshbarmaq» ет дүкені «QMDb Halal» стандарты талаптарына сай сертификатталды. Сертификатты Ақтөбе облысының бас имамы Амантай Садиев табыстады.

Сертификаттау рәсімі барысында кәсіпорын өкілдеріне «QMDb Halal» стандартының маңыздылығы түсіндіріліп, халал өндіріс талаптары туралы жан-жақты ақпарат берілді. Сертификаттау процесі «Халал Даму» мамандарының қадағалауымен жүргізіліп, кәсіпорын өнімдерінің халал стандарттарына толық сәйкестігі тексерілді.

Ақтөбе облысының бас имамы Амантай Садиев өз сөзінде аталған мекемелердің адал әрі сапалы өнім ұсынудағы жауапкершілігін атап өтіп, олардың халал стандарттарына сай қызмет етуі халықтың сенімін нығайта түсетінін айтты.

Өз кезегінде, кәсіпорын өкілдері халал талаптарына сай жұмыс істеу – тұтынушылар алдындағы үлкен міндет екенін жеткізіп, сапа мен адалдық қағидаларын қатаң ұстанатындарын мәлімдеді.

«EF HALAL ET» ЖАРТЫЛАЙ ФАБРИКАТТАРЫ СЕРТИФИКАТТАЛДЫ 

Шымкент қаласы, Қаратау ауданы, Сайрам тұрғын үй алаңында орналасқан «EF halal et» жартылай дайын өнімдері сертификатталды. Сертификатты «Халал Дамудың» жергілікті маманы Қазбек Сарыбаев табыстады.

Сертификаттау үдерісі кәсіпорынның халал стандарттарына сәйкестігін мұқият тексеру нәтижесінде жүзеге асырылды. «EF halal et» өнімдері өндіріс барысында шариғат талаптарына сай дайындалып, ҚМДБ-ның халал стандартына толықтай сәйкес деп танылды.

Сертификатты табыстау барысында «Халал Даму» маманы Қазбек Сарыбаев кәсіпорын өкілдеріне халал өнімдерін өндіру барысында санитарлық-гигиеналық талаптарды қатаң сақтау, шикізат таңдауда мұқият болу және стандарттарға сай жұмыс істеу қажеттігін еске салды.

Кәсіпорын басшылығы өз кезегінде халал талаптарын сақтауға барынша жауапкершілікпен қарайтындарын және тұтынушыларға сапалы, адал өнім ұсыну басты мақсаттарының бірі екенін жеткізді.

«DONER NA ARGYNBEKOVA» ЖӘНЕ «DAILY FOOD» ДӘМХАНАЛАРЫ СЕРТИФИКАТТАЛДЫ 

Шымкент қаласындағы «Doner na Argynbekova» және «Daily food» дәмханалары «QMDB Halal» стандарты талаптарына сай сертификатталды. Халалдың жергілікті мамандары Қазбек Сарыбаев пен Аружан Аралбай дәмхана аумағында бақылау-қадағалау шараларын жүргізіп, кәсіпкерлерге сертификатты табыстады.

Сертификаттау барысында мекемелердің шикізаттары, сақтау және дайындау процестері, ас әзірлеуде қолданылатын қоспалар мен тағамдық қоспалардың талаптарға сәйкестігі мұқият тексерілді. Сонымен қатар, ас үйдегі тазалық, қызметкерлердің санитарлық-гигиеналық нормаларды сақтауы және өндірістік процестердің халал қағидаларына сәйкес жүргізілуі басты назарға алынды.

Кәсіпкерлер «QMDB Halal» сертификатын алу арқылы тұтынушыларға сапалы әрі сенімді өнім ұсынуды мақсат еткенін атап өтті. Алдағы уақытта да халал талаптарын қатаң сақтап, адал қызмет көрсетуге ниетті екендіктерін білдірді.

ЖАМБЫЛ: 6 КӘСІПОРЫН СЕРТИФИКАТТАЛДЫ 

Қасиетті жұма күні Жамбыл облысының бас имамы Асқар Зәкіржанұлы аймақтағы бірнеше кәсіпорынға «QMDB Halal»  сертификатын табыстады. Атап айтқанда, «ЖК Байданов», «ЖК Азиомов» «ЖК Исаев» шұжық цехтары, «ЖК Дүйсен», «ЖК United.kz» фаст-фуд өнімдері, «ЖК Аскөп»  жартылай фабрикаттар кәсіпорындары сертификатталды.

Салтанатты шара барысында бас имам адал өнім өндірудің маңыздылығын атап өтіп, кәсіпкерлерді халал стандарттарын қатаң сақтауға шақырды. Ол халықтың таза әрі сенімді өнімдерге деген сұранысы күн санап артып келе жатқанын, осыған байланысты сапа мен адалдыққа ерекше мән беру қажеттігін жеткізді.

«Халал Даму» ұйымының Жамбыл облысындағы жауапты маманы Аблайхан Ғабитұлының айтуынша, соңғы жылдары тұтынушылар халал өнімдердің сапасы мен құрамына ерекше назар аудара бастаған. Шұжық, фаст-фуд және жартылай фабрикат өнімдеріне сұраныстың жоғары болуы адал өндіріс саласында бәсекелестікті күшейтіп, кәсіпкерлерді сапаны жақсартуға ынталандыруда. 

 
0 пікір
Мұрағат