ХАДИСТІ ЖАТҚА АЙТУДАН САЙЫС ӨТТІ
ХАДИСТІ ЖАТҚА АЙТУДАН САЙЫС ӨТТІ
7 жыл бұрын 3114

Атырау облыстық «Иманғали» орталық мешітінде Әйел-қыздар секторының ұйымдастыруымен әйелдер жамағаты  арасында ардақты пайғамбар (с.ғ.с.) хадистерін жатқа айтудан сайысқа түсті, деп хабарлайды «Иманғали» орталық мешітінің баспасөз қызметі.

«Сүннет» және «Ахлақ» атты екі топ арасында өткен сайыс 7 бөлімнен тұрды. 1). Санаулы минут ішінде әр топ хадистерді жатқа айту; 2). Хадисті кезектесе айту; 3). Берілген сөздерге сәйкес хадис айту (берілген сөз хадисте қамтылуы керек); 4). Топ басшыларының сайысы (топ басшылары қойылған сұрақтарға хадиспен жауап береді); 5). Бірінші топ айтқан хадистің авторын екінші топтың табуы; 6). Берілген суретке орай хадис табу; 7). Хадистердің мағынасына түсінік беру.

Мешіт жанындағы сауат ашу курсының қыздар жамағаты қатысқан бұл сайысқа Сақыш Тіленова, Айжарқын Түзелова, Бибінұр Қармысқызы сынды ұстаздар әділқазылық етті. Сайыстың қорытындысы бойынша «Сүннет» тобы жүлделі 1-орынға ие болып, «Ахлақ» тобы екінші орынды қанжығасына байлады.

Сайыс өте тартысты өтті. Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) хадистерін жатқа айтудан алдына жан салмаған жас қыздар жамағатының қадамы көңіл қуантарлықтай. Алла Тағала қадамдарын сауаптан жазып, ілімдерін арттырғай!

0 пікір
Мұрағат