Елде халал маркировкасын қадағалайтын жауапты орган жоқ
Елде халал маркировкасын қадағалайтын жауапты орган жоқ
3 жыл бұрын 1849 Аягөз Құрмаш, Құралай Құдайберген

Елде халал маркировкасы бір ізге түспей отыр. Тіпті, аталған сертификатты беретін бақандай 4 орталық бар. Бұл «тиын егіп, теңге оруды» ойлаған кәсіпкерлерді бейжай қалдырмайтыны анық. Тауарларға «халал» деп жазылған әртүрлі таңбалар қойылады. Қайсысы шын, қайсысы жалған – айыру қиын. Сауда министрлігінен бастап, Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасының өкілдері де жарытып жауап бермеді. Толығырақ тілші материалында.

Арагідік «халал» деп таныстырған шұжықтардан доңыз еті табылғанын естіп жатамыз. Кейбір сарапшылардың пікірінше, «халал» белгісі ештеңе білдірмейді. Ол – сауданы жақсартудың амалы ғана,-дейді. Ал Халықаралық стандарт бойынша, халал өнімде алкоголь, ГМО, шошқа компоненттері, шариғатқа қайшы әдіспен сойылған жануар еті, улы заттар болмауы керек. Егер құрамында улы және адамға зиян қоспалары болмаса, азық-түлікті синтетикалық және химиялық қоспалармен дәмдеуге рұқсат етілген. Қаптаған жапсырмалардан халық та шаршаған сыңайлы, жазуды көріп тұрсақ та сену қиын деп отыр.

БЛИЦ:

  • ҚМДБ ұсынған сертификатқа сенемін, ал жай ғана жазуға сенбеймін, оны басқа организациялар береді.

  • Жоқ сенбеймін!

Сауда және Интеграция министрлігі халал өніміне байланысты 15 сертификат әзірленгенін хабарлады. Оларды дайындау үшін Біріккен Араб Әмірліктері мен Түркияның стандарттау органдарымен тығыз жұмыс істепті. Сапаны арттырамыз деген, Ұлттық аккредиттеу орталығы өкілдері халал өнімдердің толық тексерілуі әзірге заңмен нақты бекітілмеген деп қайырды.

Қайнар ТАЙЖАНОВ, ҚР САУДА ЖӘНЕ ИНТЕГРАЦИЯ МИНИСТРЛІГІ ҰЛТТЫҚ АККРЕДИТТЕУ ОРТАЛЫҒЫ БАС ДИРЕКТОРЫНЫҢ БІРІНШІ ОРЫНБАСАРЫ:

Тауарларды тексеру тек, өндіріс орындарының ұсынысымен жүзеге асырылады. Әрине, бұдан түрлі қауіптер төнуі мүмкін екенін жасырмаймыз. Алайда барлығы алдағы уақытта реттеледі. Бұл мақсатта жұмыстар жүргізіліп жатыр.

Бізде «халал» делінген өнімдердің шариғат ережесімен өндірілуін 5 ұйым қадағалайды. Бірақ арнайы заң болмағандықтан, олар беретін сертификаттардың заңдық күші жоқ. Тіпті, бұл ұйымдар бір-бірін онша мойындамайтын көрінеді.

Айбек АТАШОВ, ҚМДБ ХАЛАЛ ДАМУ ЖӘНЕ СЕРТИФИКАТТАУ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:

Оларды бақылап отыратын ешқандай орган жоқ. Елімізде халал индустриясы кенжелеп дамып жатқандықтан, жаңағы ұлттық акредиттеу орталығы осымен айналысуды енді ғана қолға алып жатыр.

Халал стандарты көп жағдайда бизнестің көзіне ғана айналған секілді. Қазір мұсылман да, басқа да халалды таза деп ұғады да, штампына ғана қарайды. Ал ондай штамптар сатылады. Кейбір кәсіпкерлер соны сатып алып, өнім адал болмаса да, халал деп саудалануы бек мүмкін.

Ғалымжан ӨТЕМІСОВ, ТІЛШІ:

Ең басты себеп – нақты заңның жоқтығы. Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасының өзі уағызбен шектелуге мәжбүр. «Біз қадағалап, жазалайтын мемлекеттік орган емеспіз,-дейді. Ал Үкімет басшылары олқылықтың орны көп ұзамай толатынын уәде етуде. Демек күтуден басқа амал жоқ. Ғ.Өтемісов

«Халал» сертификатын беру қалай реттеледі? 

Бұл туралы ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Сауда және интеграция министрлігінің техникалық реттеу және метрология комитетінің ұлттық аккредиттеу орталығы бас директорының бірінші орынбасары Қайнар Тайжанов айтты. Бұл жайында baq.kz ақпарат көзі мәлім етеді.

«Халал» сертификаттары өнімнің сапасына қатысты болады. Оны мемлекеттік органдар реттеген жоқ. Алайда, «Техникалық реттеу туралы» заң жобасы бойынша кез келген өндіруші сертификация жүйесі мен жауапкершілікпен қамтамасыз етуді түсінуі керек. Биыл «халал» бойынша 15 стандартты Сауда және интеграция министрлігі әзірлеп енгізді. Оны өндіріске енгізу бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр, - деді ол. 

Тайжанов атап өткендей, өткен жылы БАӘ және Түркияның стандарттауы бойынша тәжірибе жүзеге асырылды. 

Оны өзімізде қолдануды қарастырдық. Ол өндіріске кезең кезеңмен енгізілетін болады. Сондай-ақ, кез келген енгізілетін есептеу құралдары тіркелуі керек. Есептегіш құралдарына бірыңғай стандарт енгізу міндеттеледі. Олардың басым бөлігі қазір пайдалануға енгізілді, - деді ол.
Қазақстанда қауіпті өнімдердің реестрі енгізіледі
Бұл туралы ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Сауда және интеграция министрлігінің техникалық реттеу және метрология комитетінің ұлттық аккредиттеу орталығы бас директорының бірінші орынбасары Қайнар Тайжанов айтты.
1 шілдеден бастап жаңа редакцияда қабылданған «Техникалық реттеу бойынша» заң жобасы күшіне енеді. Бүгін Сауда және интеграция министрлігі 52 нормативтік актіні әзірлеп жатыр. Нормативтік актілер аккредитация жүйесін жетілдіруді қарастырады. Қауіпсіз емес өнімдерді іріктеу тәжірибесі мен өнім туралы пікірлерді алу, нарықты бақылау тетіктерін енгізеді. 2021 жылы еуропалық тәжірибе бойынша қауіпті өнімдердің реестрі енгізіледі. Стандарттардың интернет дүкені іске қосылады. Бүгінде барлық мемлекеттік стандарт ел бойынша тегін жүзеге асырылады, - деді Тайжанов. 

Оның айтуынша, мемлекетаралық стандарттар да ұлттық стандарт сияқты жүзеге асырылады. 

Бұл стандарттар бойынша шешім консенсус аясында шығарылады. Оларға қатысты құқықтық шешімдер бірдей болады. Жыл сайын 200-ден астам партия сертификатталып жатады. Биыл пандемия салдарынан оның саны азайды. Биыл 180 мыңнан астам өнімге сертификат берілді, - деді ол.
Мемлекетаралық стандарттарды рұқсатсыз таратудан қорғайтын заң қажет

Елімізде қабылданған 10 мың мемлекеттік стандарттың 75%-дан астамы халықаралық талаптарға сәйкестендірілген.  Бұл туралы «Стандарттар арқылы қазақстандық өнімнің сапасын арттыру» тақырыбындағы баспасөз мәслихатында ҚР Сауда және интеграция министрлігінің Техникалық реттеу және метрология комитетінің Ұлттық аккредиттеу орталығының бас директордың бірінші орынбасары Қайнар Тайжанов мәлім етті, деп хабарлады  inbusiness.kz . 

«Елімізде техникалық стандарттар Еуразиялық экономикалық одақ келісіміне негізделген. Бүгінде республикамызда 10 мың 11 мемлекеттік стандарт қабылданып, қолданысқа енгізілген.  Олардың 75%-дан астамы халықаралық талаптарға сәйкестендірілген. Сонымен қатар, 25 мың 398 мемлекетаралық талап енгізіліп, оларды жетілдіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Атап айтсақ, 1 сәуірдегі Сенаттың пленарлық отырысында «Мемлекетаралық құжаттарды тарату жөніндегі» заң жобасы ұсынылды және қабылданды», – деді Ұлттық аккредиттеу орталығының бас директордың бірінші орынбасары. 

Алайда, елімізде мемлекетаралық стандарттарды рұқсатсыз таратудан қорғайтын заң қабылданбаған. Қайнар Тайжановтың айтуынша бұл заңнамалық дейгейде бекітілуі қажет. 

«Мұндай фактілерді анықтау шаралары біздің ұлттық заңнамамызбен бекітілмеген. Осыған байланысты әкімшілік айыппұл салу туралы ұсыныстарымызды әзірлеп, Әділет министрлігіне жібердік. Көп елдерде мұндай тәжірибе бар. Мәселен, Беларусь Республикасында заң бұзушылықтар үшін айыппұл қарастырылған және мемлекетаралық стандарттарды тарату қызметі заңсыз деп есептеледі», – деді спикер.  

0 пікір
Мұрағат