Ақтөбедегі ең ірі кәсіпорындардың бірі халал сертификатына ие болды
Ақтөбедегі ең ірі кәсіпорындардың бірі халал сертификатына ие болды
3 жыл бұрын 1607 muftyat.kz Ақтөбе облыстық «Нұр Ғасыр» мешітінің баспасөз қызметі

Ақтөбе облысындағы бидай ұны және кондитерлік өнімдер шығаратын ең ірі кәсіпорын «Рамазан» ЖШС халал сертификатына ие болды. Бас имам Төлеби Оспан кәсіпорынға арнайы барып, мекеме басшылығына ҚМДБ «Халал Даму» мекемесінің сертификатын салтанатты түрде табыстады.

«Рамазан» ЖШС өз өнімдерімен ақтөбеліктерге жақсы таныс. Халал сертификатын алғаннан кейін өнімге деген сұраныс артады. Бұл сертификат үлкен жауапкершілік жүктейді. Сертификаттың артында адал асқа деген халықтың сенімі жатыр. Осы сенімді ақтап, халыққа адал ас ұсынуға деген талпыныстарыңызды Алла сауаптан жазсын» деді Төлеби Оспан.

«Рамазан» ЖШС халыққа бидай ұны (жоғары сұрып, бірінші және екінші сұрып), макарон өнімдеріне арналған жұмсақ ұн, нан, тоқаш және он үш түрлі печенье ұсынады. Міне, осы өнімдердің халал стандартына сай екенін алдағы уақытта «Халал Даму» мекемесінің Ақтөбе облысындағы өкілі Жарасхан Әбдісаламов тексереді.

Жуырда «Рамазан» ЖШС халал стандартына сай жұмыс жасауына байланысты өз логотивін ауыстыратынын және халыққа адал өнім ұсыну ісінде асқан жауапкершілікті сезінетінін жеткізді. Сонымен қатар мекеме өнімдері арасында жұмыртқа да бар. Алайда, әзірге жұмыртқа халал сертификатын алған жоқ. Мекеме басшылығы алдағы уақытта «Халал Даму» мекемесінің талаптарын орындап, жұмыртқаға да сертификат алуға ниетті.

Естеріңізге сала кетейік, Ақтөбе облысында 18 мекеме ҚМДБ «Халал Даму» мекемесінің стандарттарына сай қызмет етіп келеді. «Рамазан» ЖШС облыстағы халал сертификатын иеленген 19-мекеме болып тіркеліп отыр. Мекеменің өнімдері Ақтөбе облысына ғана емес, БҚО, Атырау, Маңғыстау және басқа да көршілес облыстарға шығарылады.

0 пікір
Мұрағат