Қазақстандықтардың жылына қанша тонна құрма тұтынатыны белгілі болды
Қазақстандықтардың жылына қанша тонна құрма тұтынатыны белгілі болды
1 ай бұрын 356 kaz.inform.kz Рахила Тлеуова

Әдетте Рамазан айы жақындағаннан-ақ құрмаға деген сұраныс артады. Бір ай бойы бұл өнім әлемнің түкпір-түкпіріндегі мұсылмандар дастарқанынан үзілмейді, себебі құрма өзінің тағамдық қасиеттерімен бұрыннан белгілі. Бұған ғылыми дәлелдер де жеткілікті. Қазақстандықтар құрманы қаншалықты көп алады және бізге қай елден келеді, оның емдік қасиеті қандай? Kazinform тілшісінің шолуын ұсынамыз.

Құрма – ауызашар мәзірінің сәні

Иә, құрма – қасиетті Құранда айтылған жемістердің бірі және Пайғамбарымыз (с.а.с.) оразасын құрмамен, ол болмаса сумен ашатын болған. Сол себепті, құрмамен ауыз ашуды сүннет деп білген мұсылмандар дастарханға құрма қоюды дәстүрге айналдырған.

Кейбір хадисте – Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.а.с.) ізбасарлары жазған сөздерінің жинақтарында құрма «жұмақ жемісі» деп аталады. Дінтанушы әрі хадисші Әбу Иса ат-Тирмизи (824) құрманы былай сипаттайды:

«Оның улануға қарсы емдік қасиеті бар. Кімде-кім күнін жеті сығылған (әжуа) құрмамен бастаса, ол күні улану немесе сиқыршылық қаупі болмайды».

Ал «Қанзул-Уммал» хадистер жинағындағы 26-хадисте:

«Таңертең аш қарынға құрманы жеңдер, өйткені олар құртты өлтіреді», - делінген.

Иә, Рамазан айының оразасын құрмамен ашу ұсынылады, өйткені, құрманың қоректік күші мол, ол дәрумен мен минералға бай.

Айша анамыздың (р.а.) айтуынша, Пайғамбарымыз (с.а.с.) оразасын жас құрмамен, жас құрма болмаса, кепкен құрмамен, ол болмаса сумен ашқан (Әбу Дәуіт, Сиям, 21). Құрмамен ауыз ашуды сүннет деп білген мұсылмандар қасиетті айда дастарханға құрма қоюды дәстүрге айналдырған. Тіпті құрманы ауызашардың сәні деп те айтуға болады. Оның құрамындағы қант мөлшерінің көптігі ораза ұстаған адамның күні бойғы денесінің әлсірегенін кетіреді, сондықтан мамандар құрманы жай уақытта да жиі жеуге кеңес береді.

«Құранда аталған барлық жемістің, оның ішінде құрманың адам ағзасына тигізер пайдасы мен көптеген ауруға ем екенін заманауи медицина дәлелдеп келеді. Мұнда ойланған адам үшін ғибрат бар. Әсіресе, жеміс-жидектердің пісіп-жетілуі, бойындағы бай минерал мен дәрумен қоры таңғалдырмай қоймайды. Барлығы бір топырақтан өсіп-өнгенімен, түр-түсі мен дәмі әртүрлі», – деп жазылған Қазақстан мұсылмандары Діни басқармасының ресми сайтында.

Жалпы, Исламда құрманың алатын орны ерекше. Құрма сөзі Құран Кәрімде 20-дан астам рет кездеседі.

Заманауи медицинаның жаңалықтары ежелгі ұстанымдардың барлығын дерлік растайды. Құрманың емдік қасиеті бар. Кейбір сарапшы күніне 2 құрманың құрамында адам ағзасына қажетті дәрумендер мен минералдардың тәуліктік мөлшері бар екенін айтады. Шынымен солай ма, осы өнімнің мазмұнына жүгінейік. Төмендегі инфографикада 100 г құрмадағы витаминдер мен минералдардың мөлшері көрсетілген.

инфографикаФото: Kazinform

1 құрмада В5 витамині – 16%, калий – 14,8%, кремний – 553,7%, магний – 17,3%, марганец – 13,1%, мыс – 20,6%, хром – 118% болады.

Құрма қан қысымына, жүйке жүйесіне, ақыл-ой белсенділігіне, қан түзілу процесіне және бұлшықет жүйесінің дұрыс жұмыс істеуіне оң әсер етеді. Жемістің құрамында А дәрумені және фторид те бар, сондықтан олар көру және тіс саулығына пайдалы.

Құрманың бактерияға қарсы қасиеті де бар, сондықтан адам денсаулығына қауіпті ешбір бактерияны, микробты немесе паразиттерді тасымалдай алмайды. Оның үстіне, оны аш қарынға жесе паразиттер мен патогенді бактерияларды өлтіреді.

Сонымен қатар, құрманы анемияға, қандағы холестеринді төмендетуге, аурудан кейін денсаулықты қалпына келтіруге және асқазан-ішек жолдары мен ұйқы безінің қатерлі ісігінің алдын алу шарасы ретінде жеуге болады.

Бұл жемісті жүкті әйелдердің де жегені дұрыс деп саналады:

«Босанатын әйелге құрма беріңіз. Егер оған жаңа піскен құрма бере алмасаңдар, кептірілгенін беріңдер, өйткені әйел үшін құрмадан артық пайдалы ағаш жоқ» («Умдат әл-Қари», 21:68).

Құрма босанғаннан кейінгі кезеңде ананың денсаулығы қалпына келтіру үшін де пайдалы. Ал емізетін аналар құрма жесе, баланың жан-жақты дамуына маңызды дәрумендермен байытуға, нәресте ағзасының көптеген ауруға төзімділігін арттыруға көмектеседі.

Қазақстанға құрма қай елдерден келеді

«QazTrade» сауда саясатын дамыту орталығының мәліметінше, соңғы алты жылда – 2018-2023 жылдар аралығында елімізге 24 елден құрма импортталған. Негізгі экспорттаушылар – Иран, Израиль, Алжир, Сауд Арабиясы, Тунис, Иордания. Былтыр Қазақстанға шамамен 16,2 мың долларға 35,6 мың тонна құрма әкелінген. Коронавирус пандемия кезінде тұтыну 43 мың тоннаға дейін өсті.

графика
Фото: Kazinform

Құрманың көбі Ираннан сатып алынады. 2023 жылы бұл елден 28 мың тоннадан астам импортталды.

инфо
Фото: Kazinform

Импортталатын құрманың түріне қарай бағасы да әртүрлі. Нақты қай елдің құрмасы келісіне қанша тұратынын ешбір құзыретті орган айта алмады. Елімізде оны ешкім қадағаламайды. Осылайша, тек жалпы сомасын ғана білдік. 

Айтпақшы, құрманың әлемдегі ең танымал сұрыптары – негізінен Марокко мен Израильде өсірілетін карамель хош иісі бар меджул, ал Деглет-нур – Алжир, Тунис, құрғақ, бірақ аджва сұрпы Исламда ерекше орын алатын – Медина мен Сауд Арабиясында, Иранда мазафати және Сауд Арабиясы мен Парсы шығанағының басқа елдерінде сафави сұрпы өсіріледі.

Бәрі өз орнымен болуы керек

Жалпы, құрма калориясы жоғары тағам болып саналады. Оның энергетикалық құндылығы 100 г - 292 ккал. Сонымен қатар, кез келген тәтті өнім сияқты, құрманың құрамында қант көп. Мысалы, 100 г қанттың гликемиялық индексі – 70 бірлік. Ал, 100 г құрмада бұл индекс 45 бірлік болады. Құрма кәмпит және басқа тәттілерді оңай алмастыра алады. Сондықтан заманауи диетологтер артық салмақтан арылатындарға, сондай-ақ «салауатты тамақтануға» ауысқысы келетіндерге тәттілерді құрмамен ауыстыруға кеңес береді. Бұл ретте құрма өте қолайлы – оның құрамында лактоза мен глютен жоқ.

Сонымен қатар, қазір көптеген кондитерлік дүкендер ұнтақталған құрма ұнынан жасалған торттар мен қант орнына құрма қосылған түрлі тәттілерді ұсынады. Дегенмен, қанттың жоғары мөлшерімен қатар, бұл жемісте инсулиннің индексі жоғары - 100-ден астам. Демек, қант диабетімен ауыратын адамдар құрманы жемегені абзал.

Сондай-ақ, құрамында фруктоза көп болғандықтан, ісінуді тудыруы мүмкін, ішектерді тітіркендіреді және тіпті диареяға әкеп соғуы мүмкін. Сондықтан құрма асқазан жарасынан зардап шегетіндер үшін де қажет емес.

Нутрицологтер құрма біздің көмірсу алмасуымызға қарапайым тәттілерден артық әсер етпейтінін айтады. Өйткені, біз әдетте қантты қасықтап жемейміз. Мысалы, егер сіз құрманы қантпен емес, сүт қосылған шоколадпен салыстырсаңыз, онда оның гликемиялық индексі қант сияқты 70 болады, бірақ көмірсулардың мөлшері шамамен екі есе көп, яғни көмірсу алмасуына келгенде шоколадты таңдаған жөн. Сол себепті, дәрігерлер көмірсулардың тәуліктік нормасынан аспау үшін құрманы қалыпты мөлшерде жеуді, мәселен ересек адамға күніне ары кетсе 10 құрма жеуді ұсынады.

Қалай болғанда да, барлық дерлік маман – дәрігер, диетолог, нутрицолог, теолог әр нәрсенің шегі болуы керек дейді. Құрманы да көп жеу ағзаға зиян, ал орнымен пайдалану – ем.

0 пікір
Мұрағат