Қазақстанда зейнетақыны толықтай шешіп алуға шектеу қойылды
Қазақстанда зейнетақыны толықтай шешіп алуға шектеу қойылды
6 жыл бұрын 4433

Келер жылдан бастап қазақстандықтар зейнетақы қорында жиналған ақшаның барлығын бірден шешіп ала алмайды. Осы уақытқа дейін халық бұл ақшаны ай, тоқсан немесе жыл сайын шешіп алу мүмкіндігіне ие болатын. Бүгін, 6 желтоқсан күні Қостанай облысындағы «БЖЗҚ» АҚ филиалының директоры Сәуле Қозбақова баспасөз конференциясында осылай мәлімдеді, деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігі «Наша Газета» басылымына сілтеме жасап. 

«Қазір зейнетақы жинақ қорындағы ақша белгілі бір кестемен беріліп жатыр. Алушы оны ай, тоқсан немесе жыл сайын алып отыру құқығына ие. Жаңа жылдан бастап зейнетақы жинақ қорындағы ақшаны алу кестесіне өзгеріс енгізіледі. Себебі, көпшілік осы қордағы ақшаны бірден шешіп алып, кейін базалық қажеттіліктерін өтей алмай қиналады», — дейді Сәуле Қозбақова.

2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап зейнетақы жинақ қорындағы ақшасы көп дегенде 12 айға жететін зейнетақы мөлшерінен аспайтын зейнеткерлер ғана оны толықтай шешіп ала алады. Ал қалғандарына бұлай жасауға тыйым салынып, зейнетақы жинақ қорындағы ақша тек ай сайын беріледі. 2018 жылы бұл көрсеткіш 404 940 теңге болмақ.

«Мысалы, сіздің зейнетақы жинақ қорыңыздағы ақшаның сомасы 406 940 теңге болса, оны толығымен ала алмайсыз. Бұл Концепция нормалары 2015 жылы әзірленсе де, енді ғана заңды күшіне енеді», — дейді Қостанай облысындағы «БЖЗҚ» АҚ филиалының директоры.

2018 жылдың 1 шілдесінен бастап зейнетақы жинақ қорындағы ақша алушының жұмыс өтіліне қарай төленеді. Жұмыс өтілі 10 жылдан асқан зейнеткерлерге ең аз зейнетақы мөлшерінің 2%-ы қосылады. Ал жұмыс өтілі 33 жылдан асқандарға ең аз зейнетақының 100%-ы қосылады.

Аталған жүйеге сәйкес, 1998 жылдың 1 қаңтарынан бастап жұмыс істемеген зейнеткерлерге зейнетақы берілмейді. Мұнымен қатар, 2018 жылдан бастап зейнетақы жасының өзгеруіне қатысты заң да өз күшіне енеді. Әйелдердің зейнетке шығу жасы жыл сайын жарты жылға ұзарып отырады.

«2027 жылы әйел адамдар 63 жастан бастап зейнетке шығады. Салымшылар осы заңға қатысты көп сұрақ қояды. Неге екені белгісіз, көпшілік оның заңды күшіне енбейтініне сенімді. Заң қабылданды, енді 1 қаңтардан бастап өз күшіне енеді», — дейді «БЖЗҚ» филиалы операция бөлімінің басшысы Елена Ким.

2018 жылы әйелдер 58,5 жастан зейнетке шықса, 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап бұл мерзім 59 жасқа дейін ұзарады.

 
0 пікір
Мұрағат