Қазақстанда сою алаңдарына тыйым салынады
Қазақстанда сою алаңдарына тыйым салынады
27 минут бұрын 18 eldala.kz

Қазақстанда ауыл шаруашылығы жануарларын союға рұқсат етілген орындардың қатарынан сою алаңдарын алып тастау жоспарланып отыр. Етті кейіннен сату мақсатында жануарларды тек арнайы нысандарда ғана союға болады. Мұндай норма депутаттар Құрылтайдың 4 қарашада бірінші оқылымда мақұлдаған «Қазақстан Республикасының ветеринария мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасында көзделген.

Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ермек Кенжеханұлы заң жобасын талқылау барысында түсіндіргендей, мамандандырылған мал сою пункттерінде ветеринариялық бақылау қамтамасыз етіліп, өнімге қажетті сараптама жүргізілуі тиіс. Жаңа талапты орындау үшін бір жылдық өтпелі кезең қарастырылған.

Құрылтайдың баспасөз қызметі хабарлағандай, заң жобасында ветеринариялық-санитариялық сараптамасыз және малды сою алдындағы тексерусіз жануарлардан алынған өнімдер мен шикізатты қоғамдық тамақтану орындарында пайдалануға тыйым салу да көзделген. Сондай-ақ өнімділігі жоғары малға өсу стимуляторлары мен адамдарды емдеуге арналған антибиотиктерді қолдануға тыйым салынады.

Жануарларда аса қауіпті аурулардың белгілері анықталған жағдайда түпкілікті диагноз қойылғанға немесе карантин енгізілгенге дейін уақытша ветеринариялық шаралар қабылдануы мүмкін. Олардың қатарында жануарларды оқшаулап ұстау, мал сою жұмыстарын уақытша тоқтату шаралары бар.

Қажетті ветеринариялық құжаттарсыз немесе заңнама талаптарын бұза отырып тасымалданған мал тәркіленуі мүмкін.

Бұдан бөлек, мемлекеттік ветеринариялық-санитариялық бақылаудың тиімділігін арттыру мақсатында ветеринария саласында бірыңғай цифрлық жүйе құру ұсынылып отыр. Онда ветеринария саласындағы субъектілер мен объектілер, жүргізілетін іс-шаралар және ветеринариялық қызметтің басқа да бағыттары туралы мәліметтер жинақталады. Жаңа жүйе жануарларды есепке алудың дәлдігін арттыруға, бақылаудағы өнімдердің қозғалысын қадағалауға, сондай-ақ ветеринария саласына қатысушылар арасында ақпарат алмасуды жеңілдетуге мүмкіндік береді.

ElDala.kz

0 пікір
Мұрағат