Қазақстанда жатыр мойны обырынан жылына 600 әйел көз жұмады
Қазақстанда жатыр мойны обырынан жылына 600 әйел көз жұмады
3 ай бұрын 486 inform.kz 24kz

Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтының дерегінше, Қазақстанда жыл сайын 1800 әйелге «жатыр мойны обыры» диагнозы қойылады және бір жылда осы дерттен 600 адам қайтыс болады. Бұл туралы kaz.inform.kz ақпарат көзі мәлім етті. 

Жатыр мойны обыры – қазақстандық әйелдерде жиі кездесетін онкологиялық аурулардың бірі. Қазір бұл қатерлі ісіктің таралуы сүт безі обырынан кейін екінші орында тұр.

Денсаулық сақтау министрлігінің штаттан тыс бас онкологы, Қазақ онкология және радиология ғылыми зерттеу институтының төрайымы Диляра Қайдарованың айтуынша, вакцина арқылы жатыр мойны обырының алдын алуға болады. Екпе папиллома вирусына қарсы салынады. Көп жағдайда жатыр мойны обырының дамуына осы вирус себеп.

«Қатерлі ісіктің бұл түрінің себебі көп жағдайда жыныстық жолмен берілетін адам папиллома вирусы (HPV) болып табылады. HPV вакцинациясы АҚШ, Канада, Израиль, Катар, БАӘ, Ұлыбритания, Германия, Австрия, Швейцария, Франция және Жапонияны қоса алғанда, әлемнің 100-ден астам елінің ұлттық иммундау бағдарламаларына енгізілген. HPV-ге қарсы вакцинация көрші елдерде - Өзбекстан мен Түрікменстанда да жүргізіледі. Әлемнің 42 елінде қыздарды да, ұлдарды да вакцинациялаумен гендерлік бейтарап тәсіл енгізілді», - деді Диляра Қайдарова.

Айтуынша, жаппай вакцинацияны ДДСҰ, ACOG, ESGO, SGO, ACS сияқты беделді халықаралық медициналық ұйымдар қолдайды. Бұл дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының жатыр мойны обырын жоюды (элиминация) жеделдету жөніндегі жаһандық стратегиясының маңызды құрамдас бөлігі.

Вакцинация: қыздардың 90% - ы 15 жасқа дейін HPV вакцинасымен егілуі керек (ұлдарды да егу ұсынылады).

Скрининг: әйелдердің 70% - ы 35 жасында және 45 жасында жоғары тиімді тест арқылы скринингтен өтуі тиіс.

Емдеу: қатерлі ісікке дейінгі әйелдердің 90% және инвазивті қатерлі ісікке шалдыққан әйелдердің 90% емделгені абзал.

Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтынан атап өткендей, Қазақстанда 22-28 қаңтар аралығында жатыр мойны обырының алдын алу бойынша халықаралық апталық өтеді.
Сондай–ақ, Алматы онкологиялық орталығы қала тұрғындары мен қонақтарын 27 қаңтар күні сағат 9.00-ден 13.00-ге дейін онкогинекологтердің тегін кеңесіне шақырады.

11 жастағы қыз балаларға жатыр мойны обырына қарсы вакцина тегін салынады

Қазақстанда қыркүйектен бастап 11 жастағы қыздарға жатыр мойны обырына қарсы вакцина салынады. Бұл туралы Хабар24 ақпарат көзі хабарлады. 

Алматы қалалық денсаулық сақтау басқармасы атап өткендей, Қазақстанда 11 жасар қыздарға адам папилломавирусына қарсы вакцина егу қолға алынбақшы. Вакцинаны ата-ананың жазбаша келісімімен жаңа оқу жылының басында, яғни 2024 жылдың күзінде тегін салынады.

«Жатыр мойны обырының 97%-ы осы вируспен байланысты. Созылмалы вирус тасымалдау белгілі бір жағдайда жатыр мойны обырының дамуына әкелуі мүмкін», - деп хабарлады басқармадан.

Алматы онкологиялық орталығының бөлім меңгерушісі Райхан Болатбекова жатыр мойны обыры бірден-бір толық алдын алуға болатын ісік екенін атап өтті.

«Жаппай екпе алатын тұрғындардың негізгі бөлігі — 9-13 жас аралығындағы жасөспірім қыздар. Бұл кезең қыздарды жыныстық белсенділіктің басталуына дейін жаппай егу мақсатында таңдалды. Ең дұрысы, әйел жыныстық белсенділікке кіріспес бұрын вакцинаны алуы керек. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы вакцинаны 26 жасқа дейін алуды ұсынып отыр. Адам папилломавирусына қарсы вакцина жатыр мойны обырының алдын алады», - дейді маман.

Онкологтің сөзінше, былтыр мегаполисте жатыр мойны обырына 223 тұрғын шалдыққан. Алматы онкологиялық орталығында барлығы 2522 әйел осы диагнозбен есепте тұр.

0 пікір
Мұрағат