|
Қазақстанда әскери оқу орындарын үздік тәмамдаған түлектерге "аға лейтенант" атағы беріледі
|
19 мамырда Мемлекет басшысы "Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заңға қол қойды.
Осы заңды іске асыру аясында "Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы" ҚР Заңына толықтырулар әзірленді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Өзгерістер әскери жоғары оқу орындарын аяқтаған түлектерге әскери атақ беру тәртібіне қатысты.
Жаңа нормаларға сәйкес, Қазақстанның және шет мемлекеттердің әскери әрі арнаулы оқу орындарында жоғары білім беру бағдарламалары бойынша күндізгі оқу нысанын үздік тәмамдаған түлектерге енді "аға лейтенант" әскери атағы беріледі.
Сонымен қатар оларға болашақ қызмет орнын өз қалауы бойынша таңдау құқығы ұсынылады.
Аталған нормаларды заңнамаға сәйкестендіру мақсатында "Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінде, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарында әскери қызмет өткеру қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2006 жылғы 25 мамырдағы №124 Жарлығына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Жарлық жобасы дайындалды.