Қазақстанда 417 тонна алтын қоры анықталды. Қазақстанның мұнай қоры қанша жылға жетеді
Қазақстанда 417 тонна алтын қоры анықталды. Қазақстанның мұнай қоры қанша жылға жетеді
15 минут бұрын 11 24.kz kaz.inform.kz Серік Селеубайұлы, Әлішер Әшімов, Назерке Сүйіндік

Қазақстан минералды шикізат базасын кеңейтіп жатыр. Геологиялық барлау жұмыстарының нәтижесі бойынша бірнеше пайдалы қазба қоры ұлғайған. Мәселен, Қызылорда облысында қосымша 308 тонна мұнай анықталып, алтын қоры 417 тоннаға өсті, деп хабарлайды 24KZ.

Қазақстанда былтыр қосымша 417 тонна алтын қоры анықталды. Олардың қатарында жаңадан табылған кен орындарынан бөлек, қайта бағаланған шахталар бар.

Марғұлан Байбатыров, ҚР ӨҚМ Геология комитеті төрағасының орынбасары: – Қарашоқы мен Майлықара сияқты ірі кен орындары қайта бағаланды. Тағы 10 жаңа нысанды мемлекеттік тіркеуге қойдық. Олардың көбі шағын. Арасында Тақыр-Қалжыр кен орны сияқты ірілерін атап өтуге болады.

Бұл еліміздің кен игеру саласында әлеуеті жоғары екенін көрсетеді. Мамандардың айтуынша, болжамды қор мен нақтыланған қордың арасындағы айырма айтарлықтай болуы мүмкін. Барлығы кеннің құрамы, тереңдігі мен экономикалық тиімділігіне байланысты.

Тельман Шуриев, тау-кен саласының тәуелсіз сарапшысы: – Қорға Ұлттық банк аффинаж зауыттарынан сатып алатын алтын құймаларды ғана жатқызуға болады. Олар өз кезегінде валюта резервіне қосылады. Қазақстан әлемдегі алтын құймаларын ең көп сатып алатын елдер қатарына кіреді. Яғни, ресурстар қорға айналуы үшін инвестиция мен технология керек. Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің мәліметінше, Үлкен Қарашоқы мен Майлықара кен орындары қазірдің өзінде алтын өндіруге көшкен. Ал қалған кеніштердің тиісті құжаттары рәсімделіп жатыр. Сонымен қатар, мемлекет барлау жұмыстарын жандандыруға ден қойған. Қазір мемлекеттік реестрде тіркелген кеніштер саны он мың шамасында.

Авторлары: Серік Селеубайұлы, Әлішер Әшімов

Қазақстанның мұнай қоры қанша жылға жетеді
KAZINFORM — Қазақстандағы барланған мұнай қоры қазіргі өндіру қарқыны сақталған жағдайда шамамен 55 жылға жетеді. Бұл туралы ҚР Энергетика министрлігі Kazinform агенттігінің ресми сауалына берген жауабында мәлімдеді. 

Ведомство дерегінше, еліміздегі өндіріп алуға болатын баланстық мұнай қоры 4,26 миллиард тонна. Бұдан бөлек, 0,17 миллиард тонна баланстан тыс қор бар.

— Қазіргі өндіру қарқыны сақталған жағдайда Қазақстанның мұнай қоры шамамен 55 жылға жетеді. Бұл есеп 2025 жылғы 1 қаңтардағы қор көлемі мен жылдық өндіріс көрсеткіштеріне негізделген. Сонымен қатар, елдің мұнай қоры жаңа кен орындарын барлау және қолданыстағы қорларды қайта бағалау есебінен толығып келеді. Соңғы бес жылда геологиялық барлау, қайта бағалау және жаңа кен орындарын мемлекеттік есепке қою нәтижесінде қор көлемі 404,7 миллион тоннаға артқан. Оның 66,4 миллион тоннасы алғаш рет мемлекеттік есепке алынған кен орындарына тиесілі, — делінген министрлік мәліметінде.

Осы кезеңде мемлекеттік есепке алғаш рет 38 көмірсутек кен орны енгізілген. Нақтырақ айтқанда, 2020 жылы — 8, 2021 жылы — 10, 2022 жылы — 8, 2023 жылы — 7, 2024 жылы 5 кен орны есепке қойылған.

Қазір Қазақстанда 190 мұнай кен орны игеріліп жатыр.

0 пікір
Мұрағат