|
Отбасы банкі ислам банкингін көрсететін қызметтер тізіміне енгізді
|
Банк шот ашып, пайызсыз салымдарды қабылдап, сыйақысыз қарыз бере алады, деп хабарлайды Islam.kz порталы Forbes.kz ақпарат көзіне сілтеме жасай отырып. «Отбасы банкі» акционерлік қоғамы ислами банкинг операцияларын қоса отырып, қызмет түрлерінің тізбесін кеңейтті. Бұл тараптағы өзгерістер аталған банктің жаңартылған жарғысында көрсетілген. Отбасы Банктің АІХ-ке жолдаған хабарламасында көрсетілгендей, жарғыға өзгерістер "Бәйтерек "ұлттық басқарушы холдингі" АҚ басқармасының 2026 жылдың қазан айының 5-і күнгі № 41/26 шешімімен бекітілген. Түзетулер банктің және оның филиалдарының қызмет түрлеріне қатысты. Атап айтқанда, тұрғын үй құрылысы жинақ ақшасы туралы заңнамаға түзетулерге байланысты жарғының 4.4-тармағының жекелеген ережелерінің тұжырымдары өзгертілді. Бұл арада «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қаржы нарығын реттеу және дамыту, байланыс және банкроттық мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» 2026 жылдың қаңтар айының 16-ы күнгі № 259-VIII ҚР заңына енгізілген өзгерістер турасында сөз болып отыр. Қолданыстағы ережелерді түзетуден басқа жарғы исламдық банкинг операцияларын қосу есебінен кеңейтілген.
Банк қандай операцияларды жүргізе алады
Жаңартылған жарғыда исламдық банкинг саласындағы қызметтің төрт бағыты аталған:
• Шоттарды ашу және жүргізу. Банк жеке және заңды тұлғалардың банктік шоттарын ашып, қызмет көрсете алады.
• Пайызсыз салымдарды қабылдау. Жеке және заңды тұлғалардан талап етілетін ислами банктік салымдарды қабылдау көзделген.
• Сыйақысыз қарыздар беру. Банк ақшалай қарыздарды сыйақы төлемей, мерзімділік және қайтарымдылық шарттары бойынша бере алады. Банкаралық заемдар осы ережеден алынып тасталды.
• Агенттік қызметтер. Тізбеге ислам банкингі операцияларын жүргізу кезіндегі агенттік қызмет енгізілген.
Бұл ережелер банктiң өзiне және оның филиалдарына қолданылады.