Марқұмдар туралы ақпарат бірыңғай ақпараттық жүйеге енгізіледі
Марқұмдар туралы ақпарат бірыңғай ақпараттық жүйеге енгізіледі
23 күн бұрын 397 bag.kz Ақмаржан Әділбек

Ертіс өңірінде марқұмдар туралы ақпаратты бірыңғай жүйеге енгізу бойынша пилоттық жоба бастау алды, деп хабарлайды BAQ.KZ агенттігінің тілшісі. 

Мұсылман зираттарын сандық жүйеге енгізу жұмыстары Астана және Шымкент қаласында енгізілген.

«Sharapat-Digital» ЖШС-нің директоры Еркін Тойжановтың айтуынша, цифрлық платформа діни қызметкерлер, қарапайым халық болсын, барша жұртқа пайдасын тигізбек.

Мәселен, кез келген облыста жерленген туысыңызға Құран бағыштағыңыз келсе, платформадан ақпарат табуға болады. Мемлекет үшін статистикалық мәліметтерді жинауға көмегі зор. Сонымен қатар «Мазаратта қанша адам жатыр?» «Қашан толады?» деген сұрақтарға жауап іздеуге қажет дүние. Бұның барлығын қадағалап, жаңа зират орнын салуды жоспарлауға болады, - дейді Еркін Тайжанов.

Жоба авторлары сандық бағдарламаны екі жыл әзірлеген. Олардың айтуынша зират басына QR-код енгізу республика деңгейінде қабылданған шешім. Ақпаратты бірыңғай жүйеге енгізу үшін моланың фотосы қажет болады.

Мобильді қосымшаға белгілі бір молада жерленген адамның аты-жөні енгізіледі. Ақпарат жинау жұмыстары облыстағы ең ірі саналатын Мойылды ауылындағы мұсылман зиратынан басталады. Бұл жұмысқа мешіттердің еріктілері көмектеседі. Бірінші кезеңде облыс аумағындағы 20 зират бойынша жұмыс істелді. Кейін аудандардағы ірілі-кішілі молаларға көшеміз, - дейді жоба жетекшілері.

Сонымен қатар «Жерлеу» мобильді қосымшасы іске қосылмақ. Бағдарламаның көмегімен мемлекеттік органдардан адам өлімі туралы анықтама алуға болады. Электронды форматта жерлеу орны туралы ақпарат алуға болады.

Ақпараттық жүйе жыл соңында толық іске қосылады.

Қазақстанның соңғы жаңалықтары

0 пікір
Мұрағат