Көліктерді жолға шығып кеткен жануарлардан сақтандыратын жүйе іске қосылуда
Көліктерді жолға шығып кеткен жануарлардан сақтандыратын жүйе іске қосылуда
12 ай бұрын 632 inform.kz Асхат Райқұл

Жолшылар жануарлардың қатысуымен болатын жол-көлік оқиғаларының алдын-алуға мүмкіндік беретін жаңа технологияны сынақтан өткізе бастады, деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚазАвтоЖолға сілтеме жасап.

Республикалық маңызы бар «Өскемен-Семей» күре жолының 102 шақырымында жануарлардың қатысуымен орын алатын жол-көлік оқиғаларының алдын-алуға арналған «Қорғау» автономды жарық-сигналдық кешені сынақтан өтуде.

«Мамандар бұл тәжірибелік-эксперименттік учаскені жолдың екі жағында мал шаруашылығы болған соң таңдады.

Сынақтан өтіп жатқан кешен зияткерлік коммуникация жүйесіне негізделген бірнеше құрылғылардан (посттардан) тұрады. Бұл технологияның басты артықшылығы — көлік жүргізушілері қараусыз жайылған үй жануарлары кенеттен жол бойына шыққан кезде ескерту сигналын алады. Құрылғы күндіз де, түнгі уақытта да жұмыс істейді», - деп жазды ұлттық компаниядан.

Технологияны отандық «Nur-Saylet» компаниясы ойлап тапты.

Технология сынақтан сәтті өткен жағдайда оны басқа да республикалық маңыздағы тасжолдарға орнату көзделіп отыр.

Жылдамдық асыратын жүргізушілерге қарсы жаңа жүйе енгізіліп жатыр

Елімізде видеоталдау жүйесі енгізіледі. Бұл туралы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бүгінде ондаған, тіпті жүздеген мың видеокамера бар және олардың әрқайсысындағы ақпаратты талдау мүмкін емес. Сондықтан да видеоталдау жүйесі болуы қажет. Бүгінде ол ІІМ Жедел бақылау орталығының базасында құрылып жатыр. Ол қаншалықты нақты болған сайын, құқықтық тәртіптің жақсаруы да соншалықты тиімді бола түседі. 10 мониторды қадағалап отырған адамның жұмыс тиімділігі 15 минуттан кейін 10 пайызға дейін құлдырайтындығы дәлелденген», - деді министр «Жасанды интеллект және сот пен құқық қорғау жүйесіндегі үлкен деректер: шындық және уақыт талабы» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция барысында.

Оның атап өтуінше, сондықтан да видеоталдау жүйесі біздің күнделікті өмірімізге міндетті түрде енгізілуі керек.

«Жол полицияларына айыппұл жазып беру үшін берілген қарапайым планшет превентивті талдау, превентивті жұмыс құралына айналуы тиіс. Адам 10 камера тұсынан сағатына 200 шақырыммен өтіп, айыппұл төлеген соң жөніне кете беретін жайттар жиі болады. Мұндай жайттың алдын алу үшін не істеу керек? Егер, адам 3-4 камера тұсынан өте жоғары жылдамдықпен өтсе, онда сол жерде тұрған жасақтан ақпарат бірден планшетке түсуі тиіс. Автомобиль қандай көше қиылысында болатындығы көрсетіліп, келесі жасақ оны тоқтатуы қажет. Қазірдің өзінде ІІМ-мен мұндай әзірлемені сынақтан өткізіп жатырмыз және ол өзін оң жағынан көрсетіп отыр», - деді Бағдат Мусин.

0 пікір
Мұрағат