Кәсіпкер әйелдер тегін тауарлар дүкендерін барша Қазақстан бойынша ашуды жоспарлауда
Кәсіпкер әйелдер тегін тауарлар дүкендерін барша Қазақстан бойынша ашуды жоспарлауда
8 жыл бұрын 4366 ҚазАқпарат

«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Іскер әйелдер кеңесі «Барлығы раxмет үшін» тегін тауарлар дүкендерін барша Қазақстан бойынша ашуды жоспарлауда. Бұл туралы бүгін Астанада «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Іскер әйелдер кеңесінің басшысы Ләззат Рамазанова мәлім етті. 

«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Іскер әйелдер кеңесінің жұмысы биыл нақты істермен басталғандығын қалаймыз. Сондықтан біз үш жобаны қолға алуды жоспарлаудамыз. Ол тек Астанада ғана емес, барлық өңірлерде дамытылады, - деді ол. - Ең бірінші жоба - инновациялық жоба. Әйелдер бастамасымен мобильді қосымша жасалып, ол арқылы денсаулыққа пайдалы тағамға тапсырыс беруге болады. Екінші жоба - жеңіл өнеркәсіп саласында болмақ. Қазақстанда жасалған тауарларды сататын «Универмаг КЗ» атты сауда үйін Астанада және Қарағандыда ғана емес, өңірлік ауқымға көшсе дейміз. Селекторлық жиында палатаның өңірлік өкілдіктері осы жоба жайында ақпараттандырылды. Біз енді осы жобаны өңірлерде ашу үшін жергілікті атқарушы органдармен жұмыс істеп қана қоймаймыз, осы іске жергілікті кәсіпкерлер де белсене араласады деп санаймыз. «Универмаг КЗ» жергілікті тауарлардың Қазақстан бойынша ғана емес, барлық Еуразиялық жкономикалық одақ елдері ішінде де еркін таралуына жағдай жасайтын қазіргі заманғы «Жібек жолы» іспетті».

Келесі жоба, оның сөзіне қарағанда, «Барлығы раxмет үшін» тегін тауарлар дүкендерін ел бойынша таратуды көздейді. 

«Үшінші жоба - әлеуметтік. Біз Семей кәсіпкерлерінің «Раxмет үшін» атты дүкеннің өңірлік желі ретінде дамуын қолдаймыз. Қазақта ертеден бері «жылу тарту», «жылу беру» деген салт болды. Біздің басқа өңірдегі кәсіпкерлік палаталары бұл бастамаға қолдау білдіруге дайын. Жылу тарту дүкендері Қазақстан бойынша кең таралады деп санаймын. Осы үш жобаны біз бүгіннен бастайтын боламыз. Нәтижелер жарты жылдан кейін жарияланады», - дейді Л. Рамазанова. 

Айта кетейік, алғашқы «Барлығы рахмет үшін» атты дүкен Семейде пайда болды. Сауда орнында тұтынушылардан ақша төлеуді қажет етпейді. 

Семей тұрғындары өздері қалаған тауарын тек «Рахмет» деген сөзді айтып, ала береді. Бірақ тегін заттар барлығына емес, әлеуметтік жағдайы төмен, көпбалалы және жетім балаларға ғана беріледі.

0 пікір
Мұрағат