Жануарларға арналған заңнамада оларды күтіп ұстауға қатысты ереже жоқ
Жануарларға арналған заңнамада оларды күтіп ұстауға қатысты ереже жоқ
4 жыл бұрын 1588 Айсұлу Маманқызы

Бұл туралы ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев ҚР Парламенті Мәжілісінің бір топ депутаттары әзірлеген "Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы" заң жобасын талқылау барысында айтты. Онлайн талқылау министрліктің Facebook-тегі ресми парақшасында өтті. Бұл жайында bag.kz ақпарат көзі хабарлады. 

Қолданыстағы заңнамада жануарларға арналған баспана ұғымы және оларды салу стандарттары, үй жануарларын серуендету және күтіп ұстау ережелері жоқ. Ал қаңғыбас иттер мен мысықтарды аулау және жою ережелері қалалар мен елді мекендерде әртүрлі. Қаңғыбас иттерді ату процесінің өзі көпшіліктің сынына ұшырауда. Республикамыздағы өткізілетін иттердің төбелесі де этикалық тұрғыда қайта қарауды қажет етеді. Кейбір хайуанаттар бағындағы және цирктердегі жануарларды күтіп-ұстау ережелерінің қаталдығы азаматтардың ашу-ызасын тудыруда, - деді ол.

Мағзұм Мырзағалиевтің айтуынша, осы саладағы түрлі жағымсыз көріністерге нақты заңнамалық тосқауыл қою керек және заңды бұзғандарға тиісті жазасын беру қажет. 

Өздеріңіз білесіздер, осы сипаттағы қылмыстар үшін жаза өте жеңіл. Сондықтан оны қатаңдатқан дұрыс. Атап айтқанда, аталған мәселені ескере отырып, заң жобасын жан-жақты пысықтау үшін бүгінгі талқылауды ұйымдастырдық. Осы орайда заң жобасының нормаларын талқылау мен қалыптастыруға белсенді қатысуға шақырамыз, - деді министр.

Айта кетейік, бұған дейін министр Қазақстанда жануарларға қатігездік көрсеткені үшін тағайындалатын жазаның тым жеңіл екеніне алаңдаушылық білдірген болатын.

0 пікір
Мұрағат