Ит таластырғандарды жануарларды қорғаушылар жауапқа тартуды талап етуде
Ит таластырғандарды жануарларды қорғаушылар жауапқа тартуды талап етуде
4 жыл бұрын 1610

Маңғыстау облысында ит төбелесінің тағы бір видеосы тарады. Видеоны Instagram желісінде жариялаған «Шанс» қоғамдық қорының өкілдері бейнекадр осыдан бір ай бұрын Жаңаөзен қаласында түсірілгенін анықтаған. Жануарларды ырылдастырып, қанжоса болғанын қызықтап қарап отыратын жандардың қатыгездігіне күйінген жанашырлар оларды заң жолымен жауапкершілікке тартуды талап етіп отыр. Бұл жайында inbusiness.kz ақпарат көзінің тілшісі Құралай Қуатова мәлім етті.

Айта кетейік, аймақта биылғы ақпан айында Мұнайлы ауданында өткізбек болған ит турниріне тиым салынған болатын. Ол кезде де «шоудың» өтетінін алды ала естіген қоғам белсенділері шу шығарған еді.

«Турнирдің мәртебесі анық еместігін» алға тартқан тәртіп сақшылары оның ұйымдастырушыларына түсіндіру жұмыстарын өткізумен шектелген болатын.  Өз кезегінде жануарларды қорғаушылар бұл сайыстарды кімнің ұйымдастыратынын білетінін де айтады. «Ол жұртшылықты иттерді төбелестіруге белсенді шақырып отырады. Иттің қабаған түрлерін көбейтіп, сатуды бизнеске айналдырған. Иесі құтылғысы келген немесе қаңғыбас иттерді алып отырады, жануарларды «қайырымды қолдарға» бере салмас бұрын ойланыңыздар, оның артында кім тұрғанын біліңіздер», – деп жазылған «Шанс» қоғамдық қорының парақшасында.   

Осымен қатар, елде иттердің төбелесін заңдастырып, спорт түрі ретінде қарауды ұсынып жүргендер де жоқ емес. Алайда, Қазақстанда иттер төбелесін өткізуге тиым салынған. Қылмыстық Кодекстің 316-бабы бойынша жануарға қатыгездікпен қарап, соңы оның жарақаттануына немесе өліміне әкеп соқтырған жағдайда 120 айлық есептік көрсеткіш көлемінде, яғни 330 мың теңге шамасында айыппұл салынады немесе 30 тәулікке дейінгі мерзімге қамалады.  

0 пікір
Мұрағат