|
Елімізде кімдердің имам бола алатыны белгілі болды
|
Бұл туралы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы түсіндіріп өтті.
ҚМБД елдегі имамдардың қалай тағайындалатынын да айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Бас мүфтидің кеңесшісі Смайыл Сейтбековтің сөзінше, кез келген адам өз қалауымен имам бола алмайды.
– Әркім өз бетінше "мен имам боламын" деп айта алмайды. Себебі, 2011 жылы "Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы" заң қабылданды. Осы заңға сәйкес, діни қызметкер міндетті түрде діни бірлестіктің мүшесі болып, ресми бұйрықпен қызмет атқаруы тиіс. Егер ондай негіз болмаса, Дін істері комитетінен миссионерлік анықтама алуы қажет. Кез келген адамның өздігінен имам, молда немесе діни ұйым қызметкері болып жұмыс істеуіне рұқсат жоқ, – деді ол.
Қазір мешіттердегі барлық имам Бас мүфтидің бұйрығымен тағайындалып жүр.
– ҚМДБ Қазақстанның барлық өңірінде, тіпті ауылдық округтерде де филиалдары арқылы жұмыс істейді. Имам міндетті түрде Бас мүфтидің бұйрығымен тағайындалады. Қызметтен босату да ҚМДБ бұйрығы арқылы жүргізіледі, – деп сөзін толықтырды Смайыл Сейтбеков.
Негізінен, имам болғысы келетін азамат 12 түрлі құжат тапсыруы керек.
– Егер адам мешітте қызмет етіп, имам болғысы келсе, өтініш жазып, 12 түрлі құжат жинайды. Оның ішінде жоғары білім туралы диплом көшірмесі, жеке куәлік, өмірбаян, мінездеме, фотосурет, сотталмағаны туралы анықтама, наркологиялық және психоневрологиялық диспансерлерде есепте тұрмайтыны жөніндегі анықтамалар болуы тиіс, – деді ол.
Имамдарға қойылатын ең басты талаптың бірі "дінтану" немесе "исламтану" бағыты бойынша арнайы білімнің болуы саналады. Қазақстанда исламтанушыларды "Нұр-Мүбәрак" ислам мәдениеті университеті дайындайтыны белгілі. Аталған оқу орны – Алматы қаласында орналасқан және ҚМДБ білім беру ұйымының құрылтайшысы. Ал дінтанушылар еліміздің 6 жоғары оқу орнында даярланады. Сонымен қатар, Қазақстанда орта діни білім беретін 9 медресе жұмыс істейді.
Тағы бір ескерерлік жайт, имамдар тағайындалғаннан соң да кәсіби деңгейін тұрақты арттырып отырады.
– ҚМДБ тарапынан үнемі семинарлар мен біліктілікті арттыру курстары ұйымдастырылады. Алматыда Ислам институты, ал Түркістанда имамдардың біліктілігін жетілдіру институты жұмыс істейді. Имамдар екі айлық арнайы даярлықтан және біліктілік арттыру бағдарламаларынан өтеді. Сонымен қатар, республикалық деңгейде тұрақты тексеріс, курстар өткізіліп келеді, – деді ол.
ҚМДБ мәліметінше, бүгінде Қазақстанда шамамен 3000 мешіт бар. Аймақтардағы имамдар саны мешіт жамағатының көлеміне байланысты анықталып отырады.
– Ауылдық жерлерде көбіне бір имам жеткілікті. Ал аудан орталықтарында жамағат санына қарай бірнеше имам қызмет етеді. Бұл халыққа уақытылы қызмет көрсету үшін қажет, – деді Смайыл Сейтбеков.