ЕЛІМІЗДЕ БАЛАЛАРҒА ӘЛЕУМЕТТІК ЖЕЛІЛЕРГЕ КІРУГЕ ШЕКТЕУ ҚОЙЫЛУЫ МҮМКІН
ЕЛІМІЗДЕ БАЛАЛАРҒА ӘЛЕУМЕТТІК ЖЕЛІЛЕРГЕ КІРУГЕ ШЕКТЕУ ҚОЙЫЛУЫ МҮМКІН
11 ай бұрын 1007 24.kz Авторлары: Айжан Комбатурова, Серік Қоңырбаев, Айдарбек Балғабеков және Төлеген Иманов

Қазақстанда балаларға Тикток, Инстаграм және Вконтакте желілеріне кіруге шектеу қойылуы мүмкін. Бұл туралы Хабар24 ақпарат көзі хабарлады. 

Бастама қабылданса, балалар ата-аналарының рұқсатынсыз бұл қосымшаларға тіркеле алмайды. Бұл қалай жұмыс істейтіні әлі белгісіз. Бірақ, ата-аналар қауымы бұл мәселе бойынша өз пікірлерін білдіріп жатыр.

Әлеуметтік желілерге жіпсіз байланғандардың қатарында 15 жасқа дейінгі балалар екені белгілі. Мәселен, 7 жасар Адия Едіге тик ток желісінің белсенді қолданушысы.

Әдия Едіге, тиктокер:  - Тикток желісіне алғаш рет 6 жасымда видео салдым. Мен үшін тикток жеңіл, сондай-ақ ол жерде танымал бола аласың. Маған би билеген, інімді түсірген ұнайды. Болашақта 909 мың оқырманым болғанын қалаймын. Алайда, шектеу қойылатын болса, мен ютубқа көшемін.

Ал анасы қызының әлеуметтік желіні пайдалануына еш қарсылық білдірмейтінін жеткізді. Себебі, бұл - оның таңдауы.

Әсемгүл Нұрмұхаметова, Әдияның анасы:  - Әрине, қолдаймын. Алайда, уақыт бойынша шектеу қоямын. Оған ерік берсең, 24 сағат бойы отыра беруші еді. Бірақ, осындай жағдайларда біз бармыз. Міндетті түрде шектеу қойылу керек деп ойлаймын. Ал былай менің еш қарсылығым жоқ. Бала өзін дамытқысы келіп отыр, талпынысы бар. Бұл баланың өзін-өзі көрсету тәсілі. Оған біз кедергі болмауымыз керек.

Бүгінде балалардың көбісі кішкентай кездерінен бастап тик-ток желісінде отырады. Психологтың айтуынша, бұл ең біріншіден баланың ойлау қабілетіне, екіншіден зейініне әсер етеді.

Айман Нұрмағамбетова, психолог:  - Ең біріншіден мына тик-токты алсақ, қазіргі тик-ток біздің өмірімізде өте үлкен орын алып жатыр, иә? Сол тик-токтың бір ерекшелігін айтқым келеді: тик-ток жалпы үлкен адаммен ойлап табылған нәрсе және ол үлкен адамдарға арналған контент дейді. Ал енді балаларға арналған контенттер өте аз. Жоқтың қасы деп те айтуға болады.

Осыған орай елімізде балалардың әлеуметтік желіге тіркелуіне шектеу қойылуы мүмкін. Мұндай шектеу шарасы балаларды зорлық-зомбылықтан қорғау, суицидтің алдын алу және олардың құқықтары мен әл-ауқатын қамтамасыз ету үшін жасалып отыр.

Ғани Бейсембаев, ҚР Оқу-ағарту министрі:  - Кезінде «синий кит» деген мәселе жүрді. Сол кезде халықтың барлығы «Неге бақылау ұсталынбайды мемлекет тарапынан? Неге бұған шектеулер қойылмайды?» деген мәселелер көтерілді. Жалпы шектеу деген алаңсыз түгел шектеу емес. Балаларға тиісті, қажетті ақпарат балаға қолжетімді болуы тиіс. Денсаулығы мен психикасына әсер ететін мәселелерден бойын аулақ ұстауға көмектесу деп қабылдаған дұрыс деп есептеймін.

Зерттеушілердің пікірінше, әлеуметтік желілерді артық пайдалану ұйқысыздыққа әкеліп, мазасыздандырады, агрессивті мінез-құлықтың пайда болу мүмкіндігін тудырады. Сонымен қатар, жасөспірімдердің түрлі медиа желілерге кіруі - кибербуллинг қаупін арттырады. 

АҚШ БАЛАЛАРҒА ӘЛЕУМЕТТІК ЖЕЛІЛЕРДІ ПАЙДАЛАНУҒА ШЕКТЕУ ҚОЙДЫ

АҚШ-тың Юта штатында 18 жасқа жетпеген жеткіншектер ата-аналарының рұқсатынсыз әлеуметтік желілерді пайдалана алмайды. Штат губернаторы осындай заңға қол қойды. Заң 2024-жылдың наурыз айында күшіне енеді.  Бұл Тикток, Инстаграм және Фейсбук платформаларына қатысты болады. Мамандар әлеуметтік желілердің кәмелетке толмағандарға әсері жөнінде пікірлерін білдіріп жатыр. Жаңа жылдан бастап Монтана штатында Тиктокті жүктеуге тыйым салынады. 

0 пікір
Мұрағат