Ел іші: Оқуға түсе алмаған жұмыссыз жастарды жаппай ағылшын тіліне оқыту жоспарлануда
Ел іші: Оқуға түсе алмаған жұмыссыз жастарды жаппай ағылшын тіліне оқыту жоспарлануда
8 жыл бұрын 2633 Baq.kz

Осы аптада өткен ҚР Үкіметінің отырысында ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова жұмыссыз жастарды «Жұмыспен қамту» бағдарламасы аясында ағылшын тіліне және компьютерлік сауаттылыққа оқытуды ұсынды. «Біз оқуға түсе алмаған, оқу бітірген соң жұмысқа орналаса алмаған жастарды компьютерлік сауаттылыққа, ағылшын тіліне және кәсіпкерлік негіздеріне үйретуді ұсынамыз», - деді Т. Дүйсенова. Оның үстіне, министр жастар тәжірибесі аясында берілетін жалақыны 38 мың теңгеден 50 мың теңгеге дейін жоғарылатуды ұсынды. «Үшіншіден, Ұлттық бірыңғай тестілеудің шекті деңгейін ала алмаған мектеп бітірушілері үшін кәсіби жұмысшы мамандықтары бойынша, жұмыс берушілердің ұсынысымен төленетін 12 айлық оқытуды енгізу қажет деп санаймыз», - деді Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі. Оның айтуы бойынша, аталған ұсыныстарды қабылдау үшін қажетті тиісті есептеу жұмыстары бір апта ішінде дайын болатынын xабарлады. «Тағы бір ұсыныс, теxникалық және кәсіби білім беру мекемелеріне, колледждерге түсе алмаған жастарды еліміздің Қарулы күштеріне тарту бойынша жұмысты Қорғаныс министрлігімен жасақтау қажет деп ойлаймын. Осының аясында құрылыс батальондарын құру тәжірибесін жандандыруға болар еді және соның аясында мамандарымыз жетпей жатқан салаларға бағыттауға болады», деді Т. Дүйсенова. Биыл 2 мыңнан астам тұрғылықты жері жоқ адамға арнаулы әлеуметтік көмек көрсетілді. 2016 жылдың басынан бастап белгілі бір тұрғылықты жері жоқ адамдарға арналған әлеуметтік бейімдеу орталығының жанындағы (әрі қарай - ӘБО) арнаулы мобильді әлеуметтік патруль қызметтері белгілі бір тұрғылықты жері жоқ 2 мың 332 адамға арнайы әлеуметтік қызмет (әрі қарай - АӘҚ) көрсетті. Бұл туралы ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады. «Жоғарыда аталған мобильді қызметтер еліміздің барлық аймақтарында құрылды. Оның негізгі қызметі - АӘҚ-ға зәру белгілі бір тұрғылықты жері жоқ адамдарды анықтау, оларға қажетті көмек беру үшін уақытша болу ұйымдарына жеткізу», делінген хабарламада. АӘҚ алғашқы медициналық тексеру мен алғашқы санитарлық тазалау, дәрігерге дейін медициналық көмек көрсету, емделуге мұқтаж қызмет алушыларды денсаулық сақтау ұйымдарына жатқызуға және ілесіп жүруге жәрдемдесуді қарастырады. Сонымен қатар, ӘБО мобильді қызметтері белгілі бір тұрғылықты жері жоқ адамдар арасында ресоциализация қажеттілігінің пайдасы туралы үнемі ақпараттық-түсіндірме жұмыстарын жүргізіп отырады. Егер адам ресоциализация шартына отыруға келісім берсе, ол ӘБО-ға, бас тартқан жағдайда - түнде болу бөлімшесіне жеткізіледі. 2015 жылдың қорытындысы бойынша мобильді әлеуметтік патруль қызметі 1,6 мыңнан астам адамға көмек көрсетті. 

Мал басы 3,4%-ға көбейді 

Үкімет отырысында ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Ауыл шаруашылығы министрі А.Мырзахметов Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық даму қорытындыларымен таныстырды. А.Мырзахметов экономиканың аграрлық секторы тұрақты дамып жатқанын атап өтті. «2016 жылдың бірінші жартыжылдығындағы ауыл шаруашылығы өнімі өткен жылдың дәл осы уақытымен салыстырғанда 2,7%-ға өсті. Ал қайта өңдеу саласындағы өсім 2,8%-ды құрап отыр», - деді ол. Сондай-ақ, министр мал басының 3,4%-ға көбейді хабарлады. Осы қатарда егін шаруашылығы саласының жағдайы да аталып өтті. Биылғы егіс алқабы – 21,6 млн га. Яғни, бұл былтырғы жылдан 448 мың гектарға көп. А.Мырзахметов азық-түлік өндірісі еселенгенін баяндай отырып, жарма өндірісі 73%, ұн 20%, қойылтылған сүт пен кілегей 59%-ға артқанын жеткізді. ҚР АШМ баспасөз қызметінің мәліметінше, республикалық бюджеттің орындалуы да назардан тыс қалмады. Мысалы, биыл министрлік 18 бюджеттік бағдарламаны жүзеге асыруда. Жылдық жоспар бойынша 222,9 млрд теңге қарастырылған. 

0 пікір
Мұрағат