Ел іші: Биыл ауыл шаруашылығын қолдауға мемлекеттен 200 млрд теңге бөлінбек (видео)
Ел іші: Биыл ауыл шаруашылығын қолдауға мемлекеттен 200 млрд теңге бөлінбек (видео)
8 жыл бұрын 3154 khabar.kz 24.kz Ж.Баман, О.Керейхан, Қ.Әбілдин, Д.Пыхтин, А.Асылханұлы, В.Савкин, Ә.Асайынов, С.Қайырденұлы, Т.Иманов, Р.Әлиев, Д.Рура, Б.Көкенайұлы, М.Өмірханов, Б.Жобалайұлы, Қ.Бекенов, Қ.Еңсебаев, Р.Айтмамбетов

Биыл мемлекет әлемдегі қаржы дағдарысына қарамастан ауыл шаруашылығын қолдауға 200 миллиард теңгеден артық қаражат бөліп отыр. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Нұртай Сабилянов Шығыс Қазақстан облысы Үржар ауданындағы шаруалармен кездесуінде мәлімдеді. Аудандағы егістік жұмыстары қазір қарқынды жүруде. Оған облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы жеңілдетілген бағамен 3 мың тоннаға жуық дизельдік отын бөлген. Барқытбел тауының етегінде орналасқан Үржар ауданының жалпы жер аумағы 2 миллион 341 мың гектар жерді алып жатыр. Мұнда 2 мыңға жуық шаруа қожалығы бар. Аудан облыстың ауыл шаруашылығы өнімдерінің 10 пайызын немесе 30 миллиард теңгенің тауарларын өндіреді. Қазір мұнда көктемгі жер жырту жұмыстары аяқталып, тұқым себу жұмыстары қарқын алуда. Мамырбек Қарашев, шаруа қожалығының жетекшісі: - Жерге күтім керек. Жерге салмасаң, онда өнім бермейді. Оны анамыздай күтеміз. Өйткені күзде жыртамыз, көктемде ылғал сақтаймыз. Сонан кейін Үкімет арқылы гербицидтер аламыз. Соны саламыз, амафос саламыз. Өйткені, жерге береміз. Жерге бермесек, жер де бізге ешнәрсе бермейді. Мамырбек Қарашевтің шаруа қожалығы 1996 жылы ашылған. 7200 гектар жері бар, егін салып, мал өсіреді. Аяғымыздан нық тұрып кету үшін мемлекет қолдауын аяған жоқ. Субсидия, техника жаңалауға бөлінген қаржы, тыңайтқыштарға көмек жыл сайын беріледі. Биыл итальяндық тұқым себу машинасы мен түркиялық күнбағыс тұқымын алып, өнім көлемін 2 есеге арттыруды жоспарлап отыр екен. Мамырбек Қарашев, шаруа қожалығының жетекшісі: - Бухгалтер, зоотехник мамандары келді. Соның бәріне ауылдан бір-бір баспана әпердік. Отбасы жағдайын көтеріп бердік. Тек қана жұмыс, астына машина алып бердік. Сондай-сондай тірліктерді, көмегімізді жасап жатырмыз. Елде болса ерінге тиеді демекші, шаруашылықтың жетістігі ауылдағы 112 адамның отбасына игі әсер етуде. Туған елге жаңа спорт кешені, мешіт, мәдениет үйі сияқты нысандар салып бердік, - дейді қожалық жетекшісі. Ал осы өңірге жұмыс сапарымен келген Мәжіліс депутаты Нұртай Сабилянов әлемдегі қаржы дағдарысына қарамастан мемлекет «Агробизнес-2020» бағдарламасын одан әрі қаржыландыра беретінін айтып, жер емген шаруаларды қуантып тастады. Нұртай Сабилянов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты - 200 миллиардтан астам қаражат осы бағдарламаға бөлінді. Енді осыны дұрыс, тиімді осы ауыл шаруашылығын дамытатындай, шаруа қожалықтары алатындай етіп жасауымыз керек. Жалпы бұрын егін еккендер оның көлеміне алатын болса, енді шығарылған өнімге байланысты субсидия берілетін болады. Ал Мамырбек Қарашевтің шаруашылығында қас қарайғанша дамылсыз тірлік жалғасуда. Өйткені, көктемнің әрбір күні азық, - дейді шаруалар.

«Ырыс» бағдарламасының ырысы мол (видео)

«Ырыс» бағдарламасы талайға демеу болуда. Мемлекеттен қолдау тапқан теріскейлік Евгений Быков 44 млн теңгеге несие алып, мал санын арттырды.  Шаруашылығын шалқытып отырған шаруа, осылайша жерлестерін жұмыспен қамтуда.  Жайылымда жайылып жүрген мына тайыншалар сүтті бағыттағы голштино-фриз және симментал тұқымынан. Кәсіпкер Евгений Быков осыдан бірнеше ай бұрын оларды Ресейден сатып әкеліпті. Ауру-сырқаудан құлан таза. Алдысы енді төлемек.  Евгений Быков, шаруа қожалығының жетекшісі: - Мұның барлығы тұрғындар үшін ғой. Ауылымды сақтап қалайын деп мал санын арттырып, жерлестерімді жұмыспен қамтып отырмын. Өйтпеген жағдайда барлығы көшіп кетеді. Сондықтан, осындай шешімге келдім. Кез келген техниканың тілін табатын Владимир Данилов жаңа тракторды тізгіндеді. Қазіргі таңда ол мұндағы малға жем-шөп дайындайды. Қазір шаруашылықта Владимирден бөлек тағы 30-ға тарта ауыл азаматы еңбек етеді. Владимир Данилов, механизатор: - Ауыл шаруашылығы саласын көтеруіміз қажет. Ол үшін қазір барлық жағдайлар жасалып отыр. Міне, жаңа техникаға да қол жеткіздік. Енді тек ерінбей еңбек етсек болғаны.  Жалпы Солтүстік Қазақстан облысында «Ырыс» бағдарламасы жүзеге асырыла бастағалы  456 млн теңгеге 12 жоба қаржыландырылыпты. Бұл қаражатқа шетелден 1100 бас асыл тұқымды Зеңгі баба төлі әкелінген екен. Айдар Төлеев, қаржы несиелік ұйым директорының орынбасары:  - Қарыз сомасы 85 млн теңгеге дейін. Сыйақы пайызы – 14 процент. Соның ішінде 7 пайызы мемлекетпен қаржыландырылады. Кредит алған фермер асыл тұқымды қара мал сатып алуына болады.  Бүгінгі күні Искра селосында 90-нан астам үй түтін түтетіп отыр. Шаруашылықта алда сүт-тауарлы фермасы құрылса, тағы бірнеше азамат екі қолға бір күрек табатын болады.  

Жезқазғандық іскер жігіттер төрт түлік санын көбейтпек (видео)

Жезқазған аумағында мал шаруашылығы жақсы дамып келеді. Соңғы 2-3 жылда жер алып, төрт түлікті көбейткісі келетін талапты жігіттердің қатары анағұрлым артқан.  Тек осы жылдың алғашқы тоқсанында өңірдегі шаруа қожалықтары 226 миллион теңгенің өнімін өндіріпті.  Жергілікті кәсіпкер Марат Бекмағанбетов өткен жылы ғана қала іргесінен жер алып, шаруа қожалығын құрған. Қазір шаруашылығын түрлі бағытта түрлендіріп жатыр. «Құлан» бағдарламасымен 140 жылқы сатып алып, жыл он екі ай қымыз ашыту ісін қолға алды. Қазір желіде 18 бие байлаулы, уыз қымызға тапсырыс үлкен. Бейсенгүл Рахымова, шаруа қожалық жұмысшысы:  - Әзірше 45-50 литр сүтіміз бар. Күнделікті клиенттерімізге жеткілікті. Енді бие қосылған сайын көбейтіп, халыққа қымызымызды береміз. Шаруа қожалығы емдік қасиеті мол ешкі сүтін де саудаға шығарған. Құрт пен ірімшікті де жасайды. «Жақында қыстау маңындағы тоғанға балық жіберемін», – деп отыр. Ал алдағы жылы ет пен сүн өндіріс жолға қойсам деген жоспары тағы бар. Марат Бекмағанбетов, шаруа қожалық жетекшісі: - Тек қана малды бағып, өсіру емес, ары қарай оны өңдеу мәселесін ойладық. Қазіргі таңда Жезқазған қаласында мал бордақылау мекемесін салып жатырмыз. Одан кейін Алла қалап оны бітіріп жатсақ әрі қарай өндіруді ойластырамыз.  Келесі кейіпкеріміз Талғат Бердинов те 4 жыл бұрын шаруасын бастаған. «Сыбаға» бағдарламасымен 35 миллион теңге жеңілдетілген несие алып, 200-ге жуық ірі қара сатып алыпты. Келешекте мал шаруашылығымен қоса бау-бақшаға көкөніс өсіруді де көздеп отыр. Ол үшін құдық қаздырған. Талғат Бердинов, шаруа қожалық жетекшісі: - Біз жақта айналысатын балалар көп. Жер де алып отырған балалар бар. Бірақ, судың жағдайы қиын болып тұр. Сол үшін скважинаны буритетіп, соған субсидия беріп отырса, өте жақсы көмек болады бізге. Айтып отырмын ғой, су негізі бар. Сол су болған соң көкөніс салайық деп отырмыз.  Жезқазғандағы ауылшаруашылығы бөлімінің мәліметінше, соңғы үш жылда өңірдегі шаруа қожалықтарының саны 10 пайызға өскен.  Ал төрт түліктің саны 34 мыңға жуықтапты. Олар осы жылдың үш айында 170 тонна ет өткізіпті. Малды асылдандыруға да 22 шаруа қожалығы бет бұрған.

Тұрмысты түзетудің жолы ашылады (видео)

Енді жағдайы төмен отбасылар мемлекеттен жәрдемақы сұрап қана отырмайды. Түрлі жұмысқа тартылып, тиісінше, еңбекақы алады. Сөйтіп тұрмысты түзеудің жолы ашылады.  Қазір «Өрлеу» бағдарламасы аясында пилоттық жоба бірнеше өңірде тәжірибеге енгізілді. Нәтиже де жоқ емес.  Халықтың тұрмыс-тіршілігі, әлеуметтік жағдайы мемлекеттің назарынан кез келген дағдарысқа қарамастан тыс қалмайды.  Елімізде қысылтаяң кездің өзінде тұрмысы нашар азаматтарға қолдау көрсетіліп, көмектің түрлі тетіктері қарастырылып жатыр. Соның бірі – Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің бастамасымен ашылған «Өрлеу» жобасы.  Қысқаша айтқанда, енді кедейлік шегінен төмен табысы бар отбасылардың нақты табысын арттыру, оларды өзін-өзі асырай алатындай деңгейге жеткізуге ықпал ететін әлеуметтік бағдарлама жұмыс істейді.  Қазір елде күнкөріс деңгейінен төмен табысы бар 13 мыңға жуық жанұя бар. Барлығы 39 мыңға жуық адам. Көп бөлігі – балалар. Араларында әлеуметтік көмекті еш еңбек етпей алып, жатып ішерлікке салынғандар да кездеседі. Сондықтан, шартты ақшалай көмек тек аталған жобаға қатысуға ниет білдірген, яғни қызмет етуге ынталы азаматтарға беріледі.  Светлана Жақыпова, ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің орынбасары: - Негізі жобаның басты мақсаты – біріншіден, мынау әлеуметтік аз қамтылған отбасылардың ішінде еңбекке қабілеті бар азаматтарды жұмысқа шықырып, жұмыс беру. Өз үйіне, өз отбасына табыс әкеліп, өз балаларына неше түрлі тағамдар болсын, киім болсын соның бәрін өздері жасау керек. «Қашан сен маған жәрдемақы бересің?», – деп аузын ашып мемлекетке қарамау керек. Қабілетің бар ма жұмыс жасауға, бар да жұмыс жаса. Біз оған осы жобамен мүмкіндік беріп отырмыз. Айтқанымыздай, «Өрлеу» жобасы аясында ай сайын қаржы төленеді. Әр ошаққа әрқалай, әрине. Жанұяның құрамы мен адам санына, табыс көзіне байланысты реттеледі ол сома. Жәрдемақының болжамды есебін вице-министр мысалдап берді. Светлана Жақыпова, ҚР Денсаулықсақтау және әлеуметтік даму министрінің орынбасары: - Отбасының басшысы жұмыссыз, әйелі кішкентай баламен кірістері жоқ. Нөл теңге дейміз. Ал төлемге келсек, негізі біз алпыс пайыздан санап отырмыз. Алпыс пайызыңыз ол 13 мыңнан асып отыр. Жаңағы отбасында үш адам болса, 13 мыңнан санасаңыз 39 мың келіп отыр. Айына.  Әдеттегідей ел бағдарламаға қатысуға қойылатын талаптар да зор деп ойлауы мүмкін. Алайда бар талап бос отырған азамат тек жұмысқа орналасса болғаны. «Халық осыны түсіну керек», – дейді Светлана Жақыпова.   Светлана Жақыпова, ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің орынбасары: - Бір ғана шарты бар. Негізі кез келген қандай жұмыс табылады, сол жұмысқа барып жұмыс істеу керек. Бас тартатын кісілер де бар бізде. Бәрімізге мәлім, білеміз.  Шығыс Қазақстандағы Таврия ауылының тұрғыны Ренат Юсупов биыл қысқа отын-суды молынан дайындап жатыр.  Баспанасы болмағандықтан былтыр қыстан жас балаларымен әрең шыққан ол. Ал осы жылы аталған бағдарлама арқылы мемлекеттен көмек алды.  Баспананы өзі жұмыс істейтін жергілікті шаруа қожалығы берсе, оған қоса ай сайын мемлекеттен 19 мың теңге жәрдемақы алып отыр.  Осы қаржыны жинақтап үйрек пен он шақты қоян сатып алған. Қазір облыста 3,5 мың адам жобаның игілігін көруде.  Галина Юсупова, Таврия ауылының тұрғыны: -«Өрлеу» бағдарламасы арқасында жағдайымыз түзелді. Балаларымның мектепке қажет заттарын алдым. Міне, ең бастысы баспаналы болдық.  Ал облыста «Өрлеу» жобасы арқасында тұрмысы өрге басқан отбасылар көп. 800-ге жуық шаңырақ нақты материалдық көмек алса, 1000-нан астам адам жұмысқа орналасты.  Былтыр облысқа бағдарламаны жүзеге асыруға республикалық бюджеттен 258 миллион теңге бөлінген.  Әзірге жоба пилоттық негізде іске асуда. Төлемдер жүргізіліп жатыр, десе де заң 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап нақты күшіне енеді.  Онда азаматтардың санатына қарай тағайындалатын бірнеше әлеуметтік жәрдемақылар біріктірліп, бір жәрдемақы ретінде белгіленетін болады. 

 Сыр күрішшілері жаһандық өндірушілермен бәсекеге түсуге дайын (видео)

Жер тегіс болмай, егін бітік шықпайды. Бұл сырбойылық шаруалардың басты ұстанымы. Жаңа технологияның көмегімен танаптар тақтайдай етіп тегістелуі тиіс. Жердің бабына барынша мән бергеннің арқасында өткен жылы өңір диқандары ақ күріштен тау тұрғызып, рекордтық көрсеткішке қол жеткізді. Қазір де қызылордалық шаруалар дәстүрлі сұрыптармен қатар Иран күрішін де егіп жатыр. Тың бастаманы Қармақшы ауданының еңбеккерлері жүзеге асыру үстінде. Бұрынғы комбайншы Нұрлан Іздібаев жетекшілік ететін ұжым биылғы егін науқаны кезінде жаңа технологияларды кеңінен қолданып жатыр. 2 мың 200 тонна элита тұқымын 54 гектар жерге септі. Өнімнің сапасын арттырып, экспорттық әлеуетін жаңа деңгейге көтеруді мақсат еткен шаруашылық Ираннан әкелінген күріштің «Торам» сортын өндіріске енгізуді көздеп отыр. Іскер азамат 150-ге жуық жергілікті тұрғынды жұмыспен қамтып отыр. Нұрлан Іздібаев, серіктестік басшысы: - Иран мемлекеті 2 млн тонна күріш өндіреді екен. 900 мың тоннасын сырттан сатып алады екен. Сондықтан, ол кісілерден ұсыныс түсіп, олардың күрішін біз егіп, өздеріне қайтадан сатуға мәмілеге келіп отырмыз. Қызылордалық күрішшілерге Қытай мен Ресей басты бәсекелес болып тұр. Сондықтан, нарық сұранысынан шеттеп қалмау үшін шаруашылықтар озық технологияларды меңгеріп, терең өңдеуді ерекше қолға алғаны жөн деп санайды сырбойлықтар. Қазбек Болатұлы, қала тұрғыны: - Қызылордалық болғаннан кейін біз күріштің жайын білеміз. Бәріміз осы күрішті жеп отырмыз. Мен оны құптаймын. Қауын-қарбызымыз да бар.  Ержан Байтілес, қала тұрғыны: - Сыр өңірі жерді еміп, жерден ырысын теріп отырған жұрт болғандықтан, комиссия жұмысына үлкен үмітпен қарайды. Және осы 75 азаматтан құралған комиссия жұмысы сәтті болады, жұрт көкейіндегі түрлі сауалдарға жауап алады деген ойдамыз. Сыр күрішшілері жаһандық тауар өндірушілермен бәсекеге түсуге дайын. Ақмешіттің диқан қауымы Қызылорданың ақ маржаны төрткүл дүниенің сауда орталықтары сөрелерінен орын алатын күн жақын деп есептейді.   

0 пікір
Мұрағат