CHATGPT-ТІҢ ҚАЗАҚША НҰСҚАСЫ ЖАСАЛДЫ
CHATGPT-ТІҢ ҚАЗАҚША НҰСҚАСЫ ЖАСАЛДЫ
2 ай бұрын 391 24.kz Айнұр Қуатқызы, Кәмшат Атабаева, Бағдат Қайыркен

Отандық ғалымдары ChatGPT чат-ботының қазақ тіліндегі нұсқасын жасап шығарды. Бұл туралы 24kz ақпарат көзі хабарлады. 

Еуразия ұлттық университетінің мамандары мемлекеттік тілдегі жасанды интеллект жүйесін 5 айдың ішінде әзірледі. Бұл қазақстандық үлгі көлемді деректерді талдай алады.

Әлем қазір жасанды инттелекті дамытумен жарысып жатыр. Біздің ғалымдар да қалыс қалмайды. Мәселен, отандық ChatGPT қазақша сұрақтарға жазбаша жауап қайтарып, мәтін құра алады. Сонымен қатар, қазақ тілінің барлық морфологиялық ережелерін түсінеді. Нейрондық жүйеде әзірге 1 млн 500 мың қазақша сөз бар. Жоба авторлары әлі 13 млрд сөзге дейін енгізуді көздеп отыр. Бұл дегеніміз, болашақта жасанды жүйе қазақ тарихы мен әдебиетін танып қана қоймай, бейнелеп береді. 

Әлібек Барлыбаев, жоба авторы, PHD докторы: - Болашақта біздің жүйе әртүрлі ғылыми шығармаларды, кітаптарды жаза алады және осы тексті генерациялауда ауқымды сұрақтарға жауап бере алады. Біздің жоба, әрине, әлемдегі өзге жобалар сияқты өзінің уақыт кезеңдерімен жақсартылып, жаңа версиялары шығып отырады. Қазіргі версияны алу үшін бізге 6 айдай уақыт кеткен. Жаңа версияны дайындау үшін бізге 7 айдай уақыт беріп тұр.  

Жалпы жасанды интеллектіні елімізде дамытуды Президенттің өзі назарға алып отыр. Осы орайда Үкімет жасанды интеллектіні дамытудың 2024-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасын әзірлеп жатыр. Мемлекет басшысы заң шығару қызметін цифрландыруды да тапсырған. Осыған байланысты қазір Парламент палаталарында тиісті жұмыстар жүргізіліп жатыр.

Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы: - Парламент жыл сайын орта есеппен 100-ге жуық заң қабылдайды. Үкімет пен министрліктер соңғы он жылдың өзінде ғана 30 мыңнан астам нормативтік-құқықтық акт қабылдады. Бұл ауқымды деректер жиынтығы деген сөз. Нормативтік-құқықтық актілерді жаңа технологиялардың мүмкіндіктерін пайдалана отырып талдау қабылданатын заңнамалық шешімдердің сапасын айтарлықтай арттыратыны анық. Бізде заңдарды әзірлеу мен келісудің жекелеген кезеңдері әлі де қағаз жүзінде жүргізіледі, яғни процестердің бір бөлігі цифрландырылмаған. Сондықтан заң шығару қызметінде жасанды интеллектіні, жалпы цифрлық технологияларды пайдалану мүмкіндіктерін талдаудың маңызы зор. 

Ал біздің ғалымдар қазақ тілді жасанды жүйеге әдеби шығарма, түрлі құжаттама мен ғылыми материалдарды дайындау тәжірибесін жүргізіп көрді. Олар бұл чат-боттың білімін оқушылар мен студенттер пайдалана алатынын айтады.  ІТ саласының мамандары қазір жобаның техникалық және серверлік мүмкіндіктерін одан әрі дамытып жатыр. Келешекте ол экран арқылы тікелей жүздесіп, сізбен қазақша сұхбаттасатын деңгейге жетуі мүмкін. 

 

0 пікір
Мұрағат