Биыл жалпы сомасы 2,2 млн теңгені құрайтын жалған ақша тәркіленді
Биыл жалпы сомасы 2,2 млн теңгені құрайтын жалған ақша тәркіленді
8 жыл бұрын 2691 Baq.kz Жалғас ЗЕЙНОЛЛАЕВ

Осы жылдың қорытындысы бойынша жалған ақша жасауға қатысты 102 қылмыстық істің тергеуі аяқталды. Алаяқтықпен айналысқан 3 астыртын цех жұмысының жолы кесілді. Жалпы сомасы 2,2 млн теңге көлемінде жалған ақша тәркіленген. Бұл туралы ҚР ҚМ Экономикалық тергеу қызметінің елдің экономикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге арналған брифингте айтылды. 

Бүгінде жалған ақша жасаумен көпшілікті алдап соғып жүрген алаяқтар аз емес. Арам жолмен елден айласын асырып жүргендердің бірқатары биыл қолға түскен. Жиында айғақталған істердің қорытындысы айтылды.

«Биыл жалған ақша жасау бойынша анықталған 102 қылмыстық істің нәтижесінде жалпы сомасы 2,2 млн. теңгені құрайтын жалған ақша алынды. Мысалы, осы жылы 29 маусымда Алматы қаласы бойынша МКД қызметкерлері 3 азаматты ұстады. Олардың көлігінен 46 дана жалған белгілері бар 2 000 теңгелік купюралар табылды. Дәл сол күні олардың бірінің үйін тінту кезінде 359 жалған ақша белгісі бар банкноттар, 2 000 теңге ақша белгісі бар қағаз парақтар мен жалған ақшаны дайындауға қолданылатын компьютер табылды», - дейді ҚР ҚМ МКД ресми өкілі Мұрат Жұманбай.

Бұдан бөлек, 13 маусымда Алматы облысы бойынша МКД қызметкерлері Д.есімді азаматты 100 АҚШ доллары номиналындағы 15 жалған купюраны 100 000 теңгеге айырбастап жатқан жерінен ұстаған. Мемлекеттік орган қызметкерлері халыққа ақша алу кезінде абай болып, оның шын ақша екеніне көз жеткізулерін сұрады.

0 пікір
Мұрағат